Қарқаралы

Ине-жіптен игілік иірген

    Болмысы нәзік, қажырлы да қайратты, өз ісіне мығым қазақтың қара көз қыз-келіншектерінің қоғам үшін алар орны ерекше. Олар фермер, кәсіпкер, дәрігер, мұғалім, инженер, осылайша тізе беруге болады. Қолдарынан бәрі келеді. Сегіз қырлы. Оның үстіне жар, ана, бір-бір шаңырақтың ұйытқысы. Осындай жанның бірі – Самал Махмет.

Қашан көрсең үйі мен тігін ательесінің ортасында зыр жүгіріп жүреді. Бас сұққанда не біреумен әңгімелесіп, не телефонмен сөйлесіп отырғанын көрмейсің. Үнемі тігін машинасының құлағында. Өзі өлшейді, өзі кеседі, өзі пішеді, өзі тігеді. Тек арнайы тапсырыспен жұмыс жасайтын Самал перденің түр-түрін, көрпелер, ұлттық киімдер, бас киімдер, қысқарту, қайта қалпына келтіру секілді жұмыстардан бас алмайды.

Жеке кәсіпкер осыдан он жыл бұрын алғаш кәсібін үйде отырып бастаған. Кейіннен жеке ательесін ашты. Жұмысын бар ынтасымен атқаратын, сапасына көп көңіл бөлетін Самалға келушілердіңде қарасы мол. Мереке күндері тапсырыс көбейетіні белгілі. Осындай сәттерде жары Аманжолдың анасы үйдегі кішкентайларды қарап, бас көз болады. Ал, өз анасы қызына қолғабыс жасайды. Бүгінде тігін ательесінде бес тігін машинасы, екі оверлог бар.

Қыз балаларға арналған көйлек бағасы орта есеппен төрт мың теңгеден басталады. Табысы да жаман емес. Бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Қолда барды ұқсатып, қажетке жаратып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған Самалдың еңбегіне табыс тіледік.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button