Бас тақырып

Игілік кілті – инвестицияда

Қазақстанның орталық бөлігінде орналасуымен қатар, бай тарихы мен мәдени мұрасы бар өнеркәсіптік аймақ ретінде Қарағанды соңғы жылдары инвестиция үшін тартымды орынға айналған. Оның негізгі факторлары ретінде көлік тораптарын қолжетімді ететін географиялық орналасуы, көмір, мыс, темір, марганец сынды пайдалы қазбалардың ресурстары, сондай-ақ, дамыған өнеркәсіптік инфрақұрылымды атауға болады. Бұл – инвесторлар үшін таптырмас олжа. Мәселен, биыл облыста 146 млрд теңгеге 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Егер ол табысты жүзеге асса, 2,7 мың жұмыс орны құрылмақ. Демек, облыс бюджетіне құйылатын қаржы көлемі де артады. Бұл – аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, Қарағандыны тартымды әрі жайлы қалаға айналдырудағы басты механизмдердің бірі. Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да инвестициялық ахуалды және бизнеске қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды екенін айтып, осы мақсатта жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.

Ұтымды инвестиция – табыс кепілі

«Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара» деген Президент Инвестиция штабының жұмысына да тоқталған болатын. Мемлекет басшысының тікелей пәрменімен ауқымды құзырет берілген штаб жұмысының нәтижесінде металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.

«Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек», – деген болатын Жолдау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қарағанды Мемлекет басшысының тапсырмасын бұлжытпай орындап келеді. Айтар болсақ, өткен жылы облыстың өнеркәсіптік алаңдарын дамыту жалғасты. Бүгінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының аумағында 25 резидент тіркелген. Оның төртеуі, атап айтсақ, «JEL DALA» ЖШС, «KAZFITTING» ЖШС, «Синтезия» ЖШС, «GTT KZ» ЖШС 2024 жылы тіркелгенін айту керек.

Өңірдің тағы бір ірі өнеркәсіптік алаңы – «SARAN» индустриялық аймағында жобаларды іске асыру жалғасуда. Бүгінде индустриялық аймақта 386,2 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылуда.

Бизнеске қолдау бар

Жалпы, елімізде, оның ішінде, Қарағандыда кәсіпкерлерге үлкен жеңілдіктер бар. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында көрініс берген болатын. Сол кезде «Бизнес өкілдерінің нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті, қажет болса, бір тәулікте қабылдануға тиіс» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан бері инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға Бас прокуратураның өзі қолдау көрсете бастады. Кәсіпкерлерге кедергі келтіретін орынсыз әрі қажетсіз 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды. Инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілді, экономикалық қылмыстардың біразы қылмыс деп танылмайтын болды.

Облыстың өнеркәсіп және индус­трия­­лық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өткен жылы аймақта ерекше жеңілдік режимі арқылы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында 10 жоба іске қосылған. Бұл ретте өңірге тартылған инвестиция көлемі – 185,6 млрд теңге. Өнім өндіру көлемі 218,6 млрд теңге. 1 354 жұмыс орны құрылған.

Ал, «SARAN» индустриялық аймағындағы жобаларды іске асыру күн сайын қарқын алуда.

Бүгінде индустриялық аймақта 386,2 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылуда. Оның ішінде бірқатар ірі жобалар бар. Мысалы үшін, «Tengri Tyres» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Attar» маркалы автомобиль шиналарын өндіреді. Өткен жылдың шілдесінен 190,9 мың шина шығарылды. Ал, Yutong маркалы автобус өндіретін «Qaztehna» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр 1616 автобус пен арнайы техника шығарды, – дейді өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.

Қарағандыда тұрмыстық техника өнімдері де шығатынын айту керек. Бұл да өңірдің инвестициялық тартымдылығының бір көрінісі. Мәселен, «Silk Road Electronics» зауыты 2024 жылы 180 мың тұрмыстық техника шығарса, биыл Оңтүстік Кореялық «SAMSUNG ELECTRONICS CENTRAL EURASIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, теледидар шығаруды қолға алмақ.

Болашақтың жоспары

Облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, биыл аймақта 17 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олар жоғарыда аталған «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «SARAN» индустриялық аймағында бой көтереді деп күтілуде. Аталған жобалардың барлығы өндірістік аймақтың қажеттілігін ашып қана қоймай, алыс-жақын шетелдерге де танымал ететіні сөзсіз.

Жүзеге асатын 17 жобаның бірі – «SILUMIN of QAZAQSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 18,6 млрд теңгелік инвестициялық жоба жүзеге асқанда 183 жұмыс орны құрылады. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы – жылына 3,7 млн секция.

Жалпы, қысыммен құю зауыты – бұл балқытылған металды немесе басқа материалды жоғары қысыммен қалыпқа құю арқылы бөлшектерді шығаратын өнеркәсіптік кәсіпорын. Бұл процесс түрлі салаларда кеңінен қолданылады. Олардың қатарында автомобиль өнеркәсібі, электроника, тұрмыстық техника дайындау сияқты салалар бар. Ал, бұлардың барлығы Қарағандыда шығатынын ескерсек, «SILUMIN of QAZAQSTAN» ЖШС іске қосылғанда, өзге кәсіпорындардың жұмысын ілгерілетуге септігін тигізері анық.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button