Басты тақырыпҚарағанды

Идеядан – iзденiске

    Ғылым саласында жүрген жас қазақстандықтардың энергияны үнемдеуде, геотехнологияда «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысу мүмкіндіктері қаншалықты? Сауал төңірегінде ұйымдастырылған конференцияда студенттер өзара ой бөлісті.

ҚарМТУ суденттерімен қатар, жиын­ға Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Тараз мемлекеттік университеті, ҚазИГЗУ-дің студенттері және магистранттары қа­тысты. Жастар «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің мүмкіндіктері, ТМД және ҚР елдеріндегі жастар саясаты және еліміздегі саяси ахуал және құрылыс технологиясының дамуы жөніндегі жобаларын, ұсыныстарын ортаға салды. Он бес секцияда энергия үнемдеу, геотехнология және гуманитарлық бағыттар бойынша ойларын жеткізді.

Әсіресе, «Болашақта біз қандай үйде тұруымыз мүмкін?» тақырыбы жастардың қызығушылығын туғызды. Жас зерттеушілер болашақта салынатын үй құрылысының экологиялық таза, әрі тез құрылып, жылдам сөгілетін құрылыс материалдарынан жасау мүмкіндіктерін алға тартты. Экономикалық тиімділігі де назардан тыс қалмады. Бұл ретте, үй ішін безендіруде қолданатын материалдардың құнын төмендету жолдарын ұсынды. «Ақылды үй» жүйесін енгізудің тиімді бағыттарды атап, автоматтандырылған тұрғын жайлардың электр жарығын үнемдеудегі артықшылықтары жайлы баяндады. Сондай-ақ, жас ғалымдар «ЭКСПО-мен» тікелей байланысты еліміздегі жылу электр станцияларында қолданылып жүрген қондырғыларды жаңғырту, жел энергетикасын географиялық, метео­ро­ло­гиялық және техникалық тұрғыдан дұрыс пайдалану жағына көңіл бөлді. Студенттік конференцияда жо­балардың басым көпшілігі ғылыми үлгі ретінде ұсынылғанымен, жастардың айтары бар әрі зерттегені көп екені жобаларынан көрінді. Дегенмен, бірқатар жас зерттеушілердің өз жұмыстарын дипломға дейін толықтырып, тәжірибе кезінде өндірістік жағдайда зерттеп көруге бел буғаны қуантты. Бастысы, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысына деген ынтасы басым. Сондай-ақ, олар таяуда өтетін «ЭКСПО–2017» көрмесіне ұсынылған жобалардың үлгілерін көруге асық екенін айтты. «Идеядан – шығармашылық туындайды, ал шығармашылық – ізденіске алып келеді, ал ізденіс пен еңбек шынайы зерттеу – жұмыстың көрінісі», – дейді олар. Осы мақсатта ҚарМТУ ұжымы конференциялық жинаққа бес жүзден астам жастың ғылыми еңбегін басып шығармақ.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button