Білім

Идея – ұстаздан, марапат – министрліктен

Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткен дәстүрлі «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауында еліміздің әр аймағынан жиналған ұстаздар үздік педагогикалық тәжірибесін бөлісіп, шеберліктерін танытты.

Қазақстанның әр қиырынан қатысқан 250 педагогтің 95-і жеңімпаз атанды, 56 мұғалім ерекше жетістіктері үшін марапатталды. Оның ішінде қарағандылық ұстаздар да бар.

Фестивальдің бағыты – коммуникативтік және басқа да құзыреттілік түрлерін дамыту, ұтқыр білім беру ортасында тиімді жұмыс істеу үшін басшылар мен педагогтердің шығармашылық мүмкіндіктерін ашу, оқыту әдістемесі мен технологияларын жетілдіру, тәжірибе алмасу, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру, заманауи мектептің кадрлық әлеуетін қолдау, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаджембек Тұрсынов.

Қарағанды облысынан байқауға он мұғалім қатысты. Байқау нәтижесінде қоғамдық-гуманитарлық пәндер бағыты (орыс тілі мен әдебиеті, шет тілдері) бойынша Қарағанды қаласы С.Сейфуллин атындағы гимназия мұғалімі Бағдат Амангелдинова І дәрежелі диплом иегері атанды.

«Психологтің қоржыны» бағыты бойынша № 6 психологиялықпедагогикалық түзету кабинеті» КМҚК логопед-мұғалімі Ольга Ким ІІ орын алды. Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер (қазақ тілі мен әдебиеті) бойынша «Білім-Инновация №2» лицей-интернаты» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арай Абдрахмановаға ІІІ орын бұйырды. Физика-математикалық бағыттағы пәндер бойынша Қарағанды қаласындағы «Қ.Нұржанов атындағы гимназия» КММ-нің математика пәні мұғалімі Марина Попова ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. «Қолданбалы цикл» бағыты (денешынықтыру, технология, қолөнер, АӘД, сәндік-қолданбалы өнер, музыка) бойынша Саран қаласы «№ 6 ЖББМ» КММ-нің көркем еңбек пәні мұғалімі Юлия Головчанская және «Сабақ аяқталған соң…» бағыты бойынша Саран қаласы «№ 2 ЖББМ» КММ-дегі педагог-ұйымдастырушы Илья Карпов ІІІ орын иеленді.

Байқауға қатысқан облыстың педагогтері «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының грамоталарымен марапатталды. Олардың арасында «Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия» КММ директорының орынбасары Бану Түсіпханова, Абай ауданының «Қ.Сәтбаев атындағы қосымша білім беру мектеп-орталығы» КММ-нің бастауыш сынып мұғалімі Марина Ткачева, «Дарын» ММЛИ химия пәні мұғалімі Салиман Шибаева, Қарағанды қаласының «№ 100 кешкі мектебі» КММ-нің тарих пәні мұғалімі Шалқар Адамбаев бар.

– Ұстаздық жолда еңбек етіп келе жатқаныма 12 жыл болды. Республикалық байқауларға оқушыларымды дайындап жүргеніммен, өзім бірінші рет қатыстым. Қобалжу болғаны жасырын емес. Байқауға еліміздің түпкір-түпкірінен келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің 21 мұғалімі қатысып, 21 түрлі идея ұсынылды, әртүрлі тақырыптар қамтылды. Менің жобам «Ақыл, қайрат, жүректі тең ұстаған «кемел ұстаз» болғыңыз келсе…» деп аталды. Абай атамыз айтқан «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» болған ұстаз ғана «кемел ұстаз» бола алады деген идея ұсындым. Республикалық байқауда ІІІ орын алдым, – деді «Білім-Инновация №2» лицей-интернаты» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арай Абдрахманова.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button