БалқашЖаңалықтар

Өңі кірген өндірісті өңір

      Қаланың 80 жылдық мерейтойына әзірлік жұмыстары ерекше жүргізілуде. Шағын шаһардың сәулетін арттырып тұрған мүсіндер қатары толығып, бұрыннан бой түзегендерінің өңі жаңартылуда.

Мерейтойдағы балқаштықтарға тарту – М.Хамзин атындағы мәдениет сарайының жанынан бой көтеретін 20 метрлік стелла болмақ. Құрылысшылар әзірге мәрмәрдан жасалынатын белгінің орнын дайындап, іргетасын құюда. Оның жоғары жағына Балқаштың таңбасы қойылып, қала атауы мен «80» санының таңбасын жазуға, оюмен көмкеруге мыс және өзге де металдар қолданылмақ.

Бұған қоса, жағалаудағы саябақта жаңадан екі монумент тұрғызылды. Аталмыш монументтер Ауғанстан соғысы ардагерлеріне және Чернобыль апатын жоюға қатысқандар құрметіне арналған. Құны 15 млн. теңгені құрайтын монументтер орындары мен жобалары сәуір айында бекітіліп, қазіргі кезде орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Жақын келіп қарағандар монументтерде Ауғанстанның таулы аймағы мен жауынгерлердің, чернобыльдық апат көрінісінің бейнеленгенін байқай алады.

Сонымен қатар, 50 жыл бұрын алғашқы құрылысшыларға арналып қаланың орталық саябағында орын тепкен монумент қайта өңделуде. Мұнда Көкше көл жағасындағы қаланың іргетасын қалаған алғашқы құрылысшылар есімі ойылып жазылған мәрмәр тақтайша орнатылып, монумент алтын жалатылған түске енеді. Ай соңына дейін бұл тұстан өткен балқаштықтар биіктігі бес метрлік құрылысшы мүсінінің де жаңа кейпіне куә болады. Маңайы абаттандырылып, тұрғындар үшін әдемі гүлзар мен орындықтар орнатылуда.

 

Айнұр КЕНДІРБАЕВА.

 

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button