Бас тақырыпҰлытау

Әңгіме өзегі – өнеге өрісі

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі директорының орынбасары Баян ШАЙГӨЗОВА Мәдениет және спорт министрлігінің бағдарламалық жоспарына сәйкес, аталған министрліктің баспасөз орталығында республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесті. Баспасөз мәслихатында Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттер аясында атқарылған жұмыстар мен өткен жылдың жетістіктері туралы кең мазмұнды әңгіме өрбіді.

Аталған мекеменің негізгі міндеті – тарихи ландшафты қорғау, зерттеу, есепке алу және насихаттау. Ұтымды әрекеттер ұстанымын басты бағдар етіп алған қорық-музей ұжымы осынау міндеттерді мерейлі атқара отырып, өз бастамалары негізінде ұлттық мүдде тұрғысындағы ілкімді істерді де мейлінше оңтайлы жүзеге асыру үстінде. Баспасөз-мәслихатында мекеме өкілі осы бағыттар бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстардың көлемі мен мән-жайы, олардың қоғамға тигізген жағымды әсері туралы мәліметтерді журналистер қауымының қаперіне ұсынды. Төтесінен тартып айтсақ, жүйелі жоспарлар мен қарымды қарекеттер негізінде жүзеге асырылған жұмыстар жеткілікті. Қорық-мұражай өткен жылы алты көрме ұйымдастырып, олармен танысу мүмкіндігін 5200-ден астам адам иеленген екен. Осынау уақыт аралығында музей қорына 63 тарихи жәдігер қосылыпты. Өңір тұрғындары мен Ұлт ұясына сырттан келген қонақтар үшін 38 экскурсия ұйымдастырылып, оларға 679 адам тартылыпты.

Халықарлық ынтымақтастық бағыты бойынша жүргізілген жұмыстар да оң сипатты нәтижеге ие. Мәселен, қорық-мұражай жыл көлемінде халықаралық деңгейдегі тоғыз іс-шараға қатысқан. Бұлардан тысқары, ұлттық құндылықтарды әспеттеуді басты мұраттарының бірі ретінде танитын, дәрменді әрекеттері арқылы қазақы өнегені өрісті етіп отырған осы мекеменің бастамасымен былтыр «Бие байлау», «Айғыр қосу» және «Қымызмұрындық» секілді салт-дәстүрлер «Қазақ жылқышыларының көктемгі жоралғылары» деген атаумен адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде ЮНЕСКО-ның қорғауына алынғаны мәлім.

Баян Шакарманқызы, сондай-ақ, алдағы кезеңде атқарылуы жоспарланған жұмыстар жөнінде де кеңінен әңгімелеп, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button