ЖаңалықтарРесми

Әңгіме өзегі – көмірлі өлке тынысы

Қарағандылықтар Елорданың 20 жылдық мерейтойына ашық аспан астындағы мұражай мен «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент сыйлайды. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Облыстың тартуы – қос нысан

 – Бір айдан соң біз Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Қарағандылықтар сыйлық әзірлеп отыр. Ол – «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент. Аллея Ұлытаудың басты көрікті нысандарын көруге болатын ашық аспан астындағы мұражай ретінде болады. Басты тосынсый Әмір Темірдің жазуы басылған Алтын Шоқы дөңінің басында болған тастың көшірмесі болмақ. Ол тастың түпнұсқасы Эрмитажда сақталған.
– Ғалымдар тас тақта 1391 жылы Әмір Темірдің Алтын Ордаға шыққан атақты жорығы кезінде орнатылған деген болжам жасауда. Және де ол артефактінің көшірмесі алғаш рет көпшілікке қол жетімді жерде қалың халық назарына ұсынылмақ. Сондайақ, аллеяда тарихы 4 мыңнан астам жылға тереңдейтін Теректі-Әулие және Байқоңыр петроглифтері орын алады, – деді аймақ басшысы.
«Қазақ еліне мың алғыс» монументі қазіргі таңда Қарағанды көркем өнер комбинатында жасалып жатыр. Ол қуғын-сүргін заманында Қазақстанға жер аударылған көптеген ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының мейірімділігін бейнелейді. Аталған нысандарды тұрғызуға облыстағы кәсіпкерлер демеушілік көрсетуде.

«Туған жер» бағдарламасы қарқынмен жүзеге асуда

Қарағандылықтар белсенді түрде Елбасының «Туған жер» бастамасына қолдау көрсетіп отыр. Меценаттар, қоғамдық ұйымдар және қоғам өміріне немқұрайлы қарамайтын азаматтардың қатысуымен облыста 76 әлеуметтік нысан салынды және жөндеуден өткізілді.
– Бағдарламаның мақсаты – әлеуметтік инфрақұрылымды жай ғана салып немесе жөндеуде емес. Біз үшін бірінші кезекте өскелең ұрпаққа жағдай жасау болды. Бізде балалар және спорт алаңдары жеткіліксіз. Бюджет барлық қажеттіліктерді өтеуге қауқарсыз. Сондықтан, азаматтардың көмегін әрдайым қолдаймыз. Бірінші болып танымал боксшы Геннадий Головкин қолдау білдірді. Ол өзі өскен Майқұдықтағы ауланың біріне балалар алаңын сыйлады. Кейін демеушілер 40-қа жуық балалар және спорт алаңдарын орнатып берді, – деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі үлгі ретінде каратэден әлем чемпионы Тимур Райымбековті келтірді. Өткен жылы оның бастамасымен Қарағандының бір ауласында спорттық шағын кешен салынды.
– Биыл Тимур Райымбеков өкілдік ететін ұйым тағы 3 алаң салады. Ал үш жылдан соң олардың саны 15-ке жетпек. Онда әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 1500 бала жаттығатын болады, – деді аймақ басшысы. 
– «Туған жер» жобасының басқа да мысалдары жеткілікті. Қарқаралы ауданының кәсіпкері Нұрлан Қалтаев өзінің туған ауылы Қояндыда спорт алаңын салып, аудан бойынша жалғыз отбасылық балалар үйін ашқан. Бүркітті ауылында бизнесмен Руслан Юн ғимарат салып, оны Ақсақалдар клубына берген.
Ірі жобалар қатарында аймақ басшысы Шахтёрское ауылындағы құны 260 млн. теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын, Щербаковское ауылындағы балабақшаның қалыпқа келтірілуін атап айтты. Екі жағдайда да жерлестерінің өмірін Нұра ауданының ауыл шаруашылық кәсіпорындарының жетекшілері жақсартқан.

456 жоба түзілді

Аймақ басшысы брифингте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыста жүзеге асырылуы туралы айтты.
– Жалпы аймағымыз бойынша 456 түрлі жоба құрылған. Олардың жартысы қазіргі таңда жүзеге асырылып үлгерді. Ұсынылған жобалардың жалпы құны 13 млрд. теңгеден асады. Бұл соманың 5 миллиардқа жуығы – демеушілер мен меценаттардың қосқан үлесі. Бағдарламаны жүзеге асыруға 200 ҮЕҰ, 40 этномәдени орталықтар және 25 волонтерлік ұйымдар жұмылдырылған, – деп мәлімдеді Ерлан Қошанов.

– Жобалар түрлі форматты болып табылады: кітап басып шығару, стандартты акциялардан бастап, әлеуметтік нысандардың құрылысы, ауқымды фестивальдер мен зерттеулерге дейін.
Облыста бағдарламаның барлық алты арнайы жобасы бойынша жұмыстар атқарылып жатыр: «Туғанжер», «Қасиетті Қазақстан», «Қазақстан Мәдени Жетістіктері», «100 жаңа кітап», «Қазақ тілінің латын графикасына ауысуы», «100 жаңа тұлға».
Облыс әкімінің айтуынша, бағдарлама шараларына шамамен 1 миллионға жуық адам немесе аймақ тұрғындарының 2/3 бөлігі жұмылдырылған. Ерлан Қошанов қандай да бір өмір саласын жақсарту бойынша адамдарға өз идеяларын ұсынуға мүмкіндік беретін «Азаматтық бастамалар күндері» пайдалы деп есептейді.
– Қарағандылықтар белсенділік және қызығушылық танытуда. Олардан 100-ге жуық ұсыныс түсті. Оның кейбірі бағдарламаға енгізілді. Мысалы, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытатын мультимедиялық жүйе құру, мұражайларға арналған смарт-экспозициялар секілді жобалар жүзеге асырылатын болады, – деді облыс әкімі. – Қазіргі таңда тағы бір қызықты жоба дайындық барысында
– «Игі істер корпорациясы» атты мобильді қосымша. Азаматтық бастамалар күнінде бір жас жігіт келіп, телефон теңгерімінен белгілі бір қайырымдылық жобаларына азғантай болсын сомада, 50 теңгеден бастап қаражат жіберуге болатын мобильді қосымша жасауды ұсынды.
Бұл ретте қаражаттың жұмсалуына қоғамдық бақылау жасау да қарастырылған.

Көмір өнеркәсібінің келешегі жарқын

Брифингте облыс әкімі Ерлан Қошанов газдандыру көмір өнеркәсібінің дамуына кедергі келтірмейтіндігін айтты.
– Елбасының газдандыруға қатысты бастамасы біздің аймақ үшін өте маңызды. Бүгінгі таңда магистралдық газ құбырын салуға арналған жерлерді бөлуге қатысты барлық мәселелер толықтай шешілді. Біз облысымыздың тұрғындары газды Астанамен бірге алады деп жоспарлап отырмыз, сондықтан қазірдің өзінде тарату желілері жобалары құрылып жатыр, – деді аймақ басшысы.
Газ құбырының 1136 шақырымының 863-ы облыс аумағымен өтеді. Газбен 100-ден астам елді мекен қамтылады. Бір миллионға жуық адамның жағдайы жақсарады. Ал, ол дегеніміз
облыс тұрғындарының 70%-ын құрайды.
Облыс әкімінің мәліметінше, газ құбырының құрылысы потенциалды түрде 68 мың жеке сектор үйлері мен 200-ге жуық дербес қазандықтарды газбен жылыту жүйесіне ауыстырып, 700 шақты кәсіпорынды энергиямен қамтамасыз етеді.
– Газдың Қарағанды облысына келуі кеншілер мен көмір өнеркәсібінің дамуына әсерін тигізбейді. Біздің аймағымызда бүгінгі таңда республикалық көлемнің үштен бір бөлігінен астамы өндірілуде. Оның ішінде коксталатын көмір 100%. Ал, әлемдік металл нарығында сұраныстың өсуіне байланысты біз көмірге деген сұраныс та жоғарылайды деп күтудеміз, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Облыс шахталары жылына 30 млн. тоннадан астам көмір шығарады. Жыл сайынғы өсім 3 миллионнан 5 миллионға дейін жетеді. Оған қоса, тұрғындарға арналған көмір үлесі небары 10% құрайды. Қалғанының барлығы металлургия саласына кетеді.
Облыс әкімінің айтуынша, қарағандылық көмір көрші елдерде үлкен танымалдылыққа ие. Сондықтан, экспорттық мүмкіндіктер жоғары. 

– Мен көмір өнеркәсібінің болашағына қатысты үрей туындамауы тиіс деп есептеймін. Облысымыздың алдыңғы қатарлы саласы әрі қарай да дамиды. Газ құбырының құрылысы – ол тұтыну материалдары, дәлірек айтар болсақ, газ есептеуіштері, және де олардың көбісін облысымыздың кәсіпорындары өндіруге дайын. Сонымен қатар, газбен қоса облысымыз жаңа жұмыс орындары секілді пайдаға қол жеткізеді. 1150 уақытша және 900 тұрақты жұмыс орындары құрылады. Ол үшін облысымыздың колледждерінде жаңа оқу жылында жаңа мамандықтар ашылады, – деді аймақ басшысы.
Жақсы жол – туризмге демеу Облыста туристерге сәулет және тарихи ескерткіштерге барар жолдарды жеңілдету үшін шаралар қолдануда. Биыл киелі мекендерге баратын жолдарды жөндеу үшін 2,7 млрд. теңге бөлінді. 

– «Қасиетті Қазақстан» арнайы жобасы адамның туған жерімен байланысына негізделген рухани дамуына бағытталған жоба. Бұрыңғы заманнан Қарағанды индустриализация, шахталар, ҚарЛагпен ассоциациялатын аймақ болған. Біз ол таптаурын пікірді бұзғымыз келеді. Қарағанды облысы Ұлытаудың арқасында Қазақ мемлекеттілігінің бесігі деген дәрежені иеленгенін қалаймыз, – деді Ерлан Қошанов.
Былтыр Қарағанды-Жезқазған автожолының жөндеуі басталды. Ол жұмыстар биылғы жылы аяқталады. Бұл Ұлытау ауданына жету қиындығына қатысты мәселені шешеді.
– Биылғы жылы біз Ұлытаудың қасиетті нысандарына, Алаша хан мен Жошы ханның кесенелеріне, жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын Хан ордасы мен Алтын Шоқы жеріне алып баратын жолдарды жөндей бастадық. Бұл мақсаттарға 2,7 млрд. теңге бөлінді, – деді облыс әкімі.

– Бұған қоса, қасиетті жерлерге дейін баратын жолдарды салуға 5 млрд. теңгеден астам қаражат қажет. Біз сол жұмыстарды алдағы уақытта атқаруымыз керек.
Облыс әкімінің мәлімдеуінше, былтыр Ұлытауға 11 мың адам барып қайтқан екен. Алайда, туристер саны одан да көп болуы әбден мүмкін.
Ұлытау кентінде туристік инфрақұрылымды жақсарту үшін Визит-орталық салу жоспарланып отыр. Онда экскурсияларға тапсырыс беріп, бағыттар және қай жерлерде тоқтауға болатыны туралы ақпарат алуға болады.
Аймақтық картаға жергілікті маңызы бар 43 қасиетті нысандар және 21 жалпы ұлттық нысан енгізілген. Барлығы облыста 2700 тарихи және мәдени ескерткіштер бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button