Руханият

Газет пен гаджет жайлы құнды еңбек

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінде журналист-публицист, «Astana aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубайдың «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты кітабының таныстырылымы өтті. «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен университеттің журналистика кафедрасының қолдауымен өткен басқосуға Қарағандыдағы зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер және жалпы оқырман қауым қатысты.

Таныстырылым шарасын бастап берген Журналистика кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жанар Рамазанова бұл автордың үшінші кітабы екендігін айтып өтті. Университет түлегі кітаптарының барлығы дерлік оқу орнында оқытылады. Басқосу модераторы ақпараттық технологиялар маманы, Абайтанушы ғалым Сұлтан Ыбырай шараны пікірталас форматында өрбітті.

«Бұл еңбекте бүгінгі масс-медиа саласындағы құбылыстар мен өзгерістерге талдау жасалып, заманауи цифрлық технологиялардың ақпараттық коммуникацияға ықпалы жан-жақты зерттелген», – дейді кітап алғы сөзін жазған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай.

Кітаптың жаңашылдығы мен құндылығының бірі – болашақтың медиа моделіне болжам жасалған. Заманауи цифрлық технологиялардың журналистің жеке басына, қызметіне әсері нақты мысалдармен көрсетілген. Автор алдағы уақытта дәстүрлі журналистика мен цифрлық медианың бірін-бірі қалай толықтыратынын талдайды.

«Зерттеу барысында қазір онлайн-газеттер мен цифрлық медиа құралдарының ақпарат таратуда, оқырман қажеттілігін қанағаттандыруда баспа БАҚ-тың алдына түсіп, жаңаша парадигма қалыптастырғанын анықтадық. Демек, баспа БАҚ өзінің форматын, мазмұнын, сапасын өзгертуі қажет», – дейді автор. Кітапты баспаға әзірлеген: «Mazmundama» қоғамдық қоры. Таралымы – 1000 дана.

Шара барысында медиатанушыға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қойлыбай Асанов, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов ізгі тілектерін білдірді. Дәстүрлі әннің дарабозы Ержан Базарбеков қос шекті домбырасынан шашу шашты.

Сөз соңында автор шараның өтуіне ұйытқы болған ректор Нұрлан Дулатбеков бастаған университет басшылығына алғаусыз алғысын білдірді, Таныстырылым соңында Төлен Зәрубайұлы оқырмандарға қолтаңба қойылған кітаптарын табыстады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button