Руханият

Гүлмира ән салды, көрермен тамсанды

Өмірлік мұратына, арманына адал болу әркімнің қолынан келе бермесі анық. «Шалқыма» концерт залында киелі сахнаға ширек ғасырын арнаған Гүлмира Серікқызының «Асыл әнім» атты ән кеші өтті. 25 жыл ішінде өрелі тыңдарманның құрметіне, ыстық ықыласына бөленді. Атақ пен сыйлық та әнге адал Гүлмираны іздеп тапты. Ол – Мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің солисі.

Сурет Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктен

Ән кешінің шымылдығы Нұрлан Албанның атақты «Арулар» әнімен ашылды. Әнді кеш иесі орындады. Тыңдарман әншісін сағынса керек, сахнаға шыққан Гүлмира Серікқызын қошеметпен қарсы алды. Өнер иесіне деген жоғары баға – халықтың ықыласы екеніне көзіміз жеткендей болды.

Содан кейін халық әндері де лег-легімен орындалды. Қазақтың сайран ғұмырын көз алдыңда көлбеңдететін есті әндер залдағы жұрттың жүрегін сахнаға баурап алғандай.

Арқа даласында ән салып, қошеметке бөленіп жүрген Ержан Найманбай, Ербол Алшынбай, Камила, Жәмила Оспановалар және «Мерей» триосы өнер көрсетті.

– Мен тыңдарманыма өте ризамын! Ән кешіме келіп, қолдау көрсеткендеріңізге алғысым шексіз! Ән – оң мен солыңа қаратпайтын қым-қуыт тірлікте жүрегіңді оятып отыратын құдірет. Әнді түсінген адам өмір мәнін түсінуге біршама жақындайды деп сенемін. Әнге ғашық адам өмірді де сүйеді, іңкәрлікпен қарайды. Менің мақсатым – айқын. Осы қасиетті өнерге адал болып, жүректерге ән арқылы жылу, мейірім отын жаққым келеді, – деді кеш иесі.

Ән кешінде Гүлмира Серікқызын өнерге баулыған ұстаздары Теміртай Асанұлы мен Әсия Қауанқызы құрметті мейман болды. Кеш барысында ұстаздардың есімі айрықша аталды.

– Ән кешіне жұбайымды ертіп бардым. Жанды дауыста ән тыңдап, рахат сезімге бөлендік. Күнделікті күйбеңнің күйкі күйінен арылып, бір жасап қалдық. Жиылған жұрттың да әншінің қоңыр дауысына деген ықыласы да ерекше болды. Осындай есті әндер шырқалатын кештер жиі өтіп тұрса екен, – дейді қала тұрғыны Айбек Асқарұлы.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button