Руханият

Ескірмейтін естеліктер

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай «Ер есімі – ел есінде» атты көрме өтті. Экспозицияда жұрт назарына кескіндеме, графика, портрет, мүсін жанрындағы туындылар мен фотосуреттер ұсынылды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Мұражай қорында Ұлы Отан соғысына арналған жұмыстардың ауқымды топтамасы бар. Жергілікті суретшілермен қатар, қазақстандық және шетелдік шеберлердің еңбектері де жеткілікті.

– Шығармаларда сол уақыттың эмоциясы мен тәжірибесі, өмір салты көрініс тапқан. Көрмедегі жауынгерлік іс-қимылдар хроникасына енгізілген Нұркен Әбдіров, Әлия Молдағұлова, Федор Ульянин және басқа да батырлардың портреті көз тартады. Әр шығарма – оқиғаны бейнелеумен қатар, бояуларда, сызықтар мен нысандарда берілген жанды естелік, – деп атап өтті мұражай директоры Бибігүл Құдабаева.

Сонымен қатар, мұражай қорында майдангер суретші, Саран қаласының құрметті тұрғыны Владимир Ворохобиннің жұмыстары да сақталған. Ол жас кезінде майданға аттанып, екі аяғынан айырылыпты. Бейбіт заманда Саран мектептерінің бірінде сурет мұғалімі, содан кейін Қарағанды көркемөнер қорында суретші-безендіруші болып жұмыс істеген.

Көрмеге келушілер «Соғыс жолында» серия­сындағы шеберлердің картиналарын және лирикалық пейзаждарды тамашалады. «Көзімнің тірісінде мен бейнелеуді ешқашан тоқтатпаймын», – деп атап өтті суретші.

Қарағандылық суретші Вениамин Шамшиннің «Әкелер мен балалар» картинасында ардагерлер мен жас жұбайлар «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып жатқан сәт бейнеленген.

Одан бөлек, мұнда тыл еңбеккерлері туралы баяндайтын жұмыстар да бар. Көбінесе, олар тағдыр тәлкегіне түсіп, ауыр жұмысқа жегілген және олар ұзақ күтудің тауқыметін тартқан әйелдер. Олар көптен күткен кездесуге үміттеніп, күйеуінен, ұлынан, інісінен қандай да бір хабар күткен…

Бұл сезім қарағандылық суретші Сергей Щеголихиннің «Әкем соғыстан оралды» картинасында шынайы бейнеленіпті. Көзге оттай басылады.

Сондай-ақ, экспозицияға қарағандылық фотограф Дәулет Әбдірахмановтың жобасынан алынған Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің портреттері енгізілген.

Түрлі тағдырлы туындының басын қосқан көрме біз есте сақтауға тиіс естеліктерді есімізге салды. Экспозиция 14 мамырға дейін жалғасады.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button