Еселенген абырой, мойындалған талант
Алаштың рухани астанасы Алматыдан сүйіншілі хабар жетті! Өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Мағауия СЕМБАЕВ «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанды.
Ұлттық көсемсөздің көш басында жүрген қабырғалы қаламгер Мағауия Сланбекұлын оқырман қауымға таныстырып жатудың өзі артық. Небәрі жалындаған 25 жасында Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанып, қазақ баспасөзі тарихына алтын әріппен жазылған есімнің әр жылдары абыройы еселеніп, қаламының қадірі артқанына оқырман – куә. Одан беріде Қазақстан басылымдары Бас редакторлары арасында Г.Толмачев атындағы байқауда «Үздік БАҚ редакторы» аталымы бойынша топ жарып, «Орталыққа» олжа салды. Ұлт руханиятының «отымен кіріп, күлімен шыққан» ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, 2009 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Ол аз десеңіз, өткен 2017 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығын иеленіп, абыройымызды асқақтатқаны бар. Арқа жұртының ортақ абыройы болған осы бір мәртебелі сыйлықты аймақтық баспасөз өкілдері арасынан тұңғыш иеленген қаламгер Мағауия Сембаев екенін ескерсеңіз, Қарағанды журналистикасының өре-деңгейін бағамдар едіңіз…
Осынша марапаттың сыртында екі шақырылым бойы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болып сайланып, қоғамдық жүйенің қордаланған мәселелерін қаламымен қатар азаматтық ұстанымына жүк қылғаны тағы тұр.
Иә, Мағауия Сембаев – мойындалған есім! Бір өзі – бір мектеп. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек замандасы: «Мағауия КазГУ-ға 16 жасында паспортсыз түсіп, бүгінде қазақ баспасөзінің төлқұжатына айналды» деді бір жиында. Көпен ағадан асырып баға береміз деп көлгірсудің өзі артық шығар…
Ұлт баспасөзінде «Редакторлардың редакторы» атанған Рамазан Сағымбековтен тәлім алып, Шерағаңның (Шерхан Мұртаза) көрігінде шыңдалды. Наркескендей жарқылдаған Нұрағаңның (Нұрмахан Оразбеков) өткірлігін алды. Қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Мұхтар Мағауиннің рухани інісі бола жүріп, қылыштың мұқалған жүзіндей күйге түскен ұлттық рухтың тынысын ашты. «Орталықтың» тізгінін дағдарыс шеңгеліндегі қиын жылдарда ұстады. Қарашаңырақты қаржы дағдарысынан алып шығып, шығармашылық қуатын арттыруға бар жігерін сарп етті. Еңбегі жанды. «Орталық» еліміздегі қазақ тілді басылымдар арасында «Егеменнен» кейінгі екінші газет» атанды. «Егемендіктердің» өзі біздің «Орталықты» «Өткір, мінезді басылым» деп мойындап жүр. Осының барлығында қажырлы қаламгер, білікті басшының маңдай тері мен өлшеусіз жігері жатыр.
Тура бүгінгі марапат омырауынан орын алғанға дейін жүрегіне жебедей қадалған небір кедергілер мен келеңсіздіктердің де болғанын жасыра алмаймыз. Бәрін жеңіп, төрге озды ақыры!
«Қазақстанның Құрметі журналисі» атағына асқаралы 60 жасында да ұсынылған. Алдындағы ағаларына жол беріп, саналы түрде бас тартты. Енді міне, мәртебелі марапат нақ иесін өзі тапты.
Бұл – «Орталықтың» ормандай оқырмандарының ортақ қуанышы! «Мылтықсыз майданға» қатардағы сарбаз болып кіріп, құдіретті сөз өнерінің сардарына айналған Мағауия Сланбекұлын мәртебелі марапатымен құттықтап, қаламына қуат, көңіліне шуақ тілейміз!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»