Ержан Нұрлыбаев: «Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды»

Қарағанды қаласында корнавирус жұқтырған екі адам анықталды. Әйтсе де, әзірге алаңдауға негіз жоқ. Індет жұқтырған науқастар және олармен байланыста болған азаматтар оқшауланған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді.

«20 наурызда Қарағанды облысында коронавирус жұқтырған екі адам анықталды. Олар «Нұр-Сұлтан-Минск» ұшағының жолаушылары. Жолаушыларды күтіп алу кезінде барлық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталды. Тексеруден соң олардың барлығы арнайы автобустармен карантинге жатқызылды. Қазір жолаушылардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Вирус сырттан келді. Олармен байланыста болған азаматтардың барлығы оқшауланды. Қалаға коронавирус індетін жұқтырған адамдар шығып кетті деп алаңдауға алаңдауға негіз жоқ, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы, бүгінде карантинде жатқан барлық пациенттер қажетті эпидрежимді сақтай отырып, бөлек палаталарға орналастырылғанын жеткізді.

— Әріптестерімен, медициналық қызметкерлерге осы бір қиын шықта аянбай еңбек етіп жатқаны үшін алғыс айтамыз. Бұл — біздің барлығымызға ортақ мәселе. Оған жұмыла қарсы тұруымыз керек. Аймақта қажетті жабдықтар мен күштер бар. Қажетті шаралар қабылдануда. Қазір карантинге алынған пациенттерді емдеуге қажет дәрі-дәрмек қоры бар, — деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.