Бас тақырыпОблыс әкімі

Ерлан Қошанов «Сарыарқа» хоккей командасын құттықтады

Облыс әкімі Ерлан Қошанов «Сарыарқа» хоккей командасы ұжымын қабылдап, лайықты құрмет көрсетті.

– Сіздердің барлық жанкүйерлеріңіз, олардың ішінде мен де кубокпен оралуларыңызды күттік. Үмітімізді үкілеп, жеңіске жеттіңіздер. Екінші мәрте дивизиондағы үздік команда екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер. Сіздердің бұл жеңістеріңіз – спорт саласын дамытуда жүйелі жүзеге асып отырған мемлекеттік саясаттың жемісі. Жыл сайын облыс бюджетінен хоккей спортын дамытуға және командаға 3 млрд. теңге шамасында қаржы бөлініп келеді. Өздеріңіз көрсеткен өнегенің арқасында хоккейге қызығатын балалар қатары арта түсуде, – деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі команда құрамындағы қарағандылықтардың үлесіне тоқталды. «Сарыарқада» ойнайтын 8 қазақстандық ойыншының үшеуі – Қарағанды хоккей мектебінің өкілі. Ерлан Жақанұлы келешекте команда сапында қарағандылықтар қатары артатынына сенім білдірді. Ол үшін жас хоккейшілерді дайындау ісін жандандыра түсу қажеттігін атап өтті.

Сөз соңында облыс әкімі командадағы жалғыз әйел, дәрігер Ирина Серегинаға ықылас гүлін табыс етті. Сондай-ақ, тренерлік штабтың, команда басшылығының еңбегін ерекше атап өтті. Ойыншылар мен бапкерлерге облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.

Өз кезегінде сөз алған бас бапкер Леонид Тамбиев облыс әкіміне қолдауы үшін ризашылығын жеткізді.

– Кубокке қол жеткізу оңай болған жоқ. Жігіттер талай мәрте жарақаттанды, қол-аяғын сындырды. Көп ойыншымыз жарақатына байланысты маусымның соңына дейін ойнай алмады. Бәрі жеңіс жолында барын салды. Таза ойын көрсеттік. Біз өзіміздің күшімізге, жанкүйерлеріміздің қолдауына сендік. Маусымды сәтті бастамасақ та, еңбектене отырып, көздеген биігімізді бағындырдық. Қарағандылықтардың, облыс басшылығының қолдауы бізге орасан күш берді, – деді Леонид Тамбиев. Кездесу қорытындысында облыс әкіміне Петров кубогі жеңімпазының медалі табысталды.

Бүгінде облыста хоккей ойынын дамыту бағытында 5 мұз сарайы жұмыс істейді. Мұз сарайлары саны бойынша Қарағанды Нұр-Сұлтан мен Алматыға ғана жол береді. Мыңнан астам облыс тұрғыны хоккей секцияларына қатысып жүр.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Басқа материалдар

Back to top button