«Ердің ісі – ерлік…»

«Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» деген нақылды білмейтін жан жоқ шығар. Осы сөз маған тартқан садақтың адырнасынан мың жыл бұрын босап, мәңгіліктің көкжиегіне ұшып бара жатқан жебедей сезіледі де тұрады. Анда-санда көрінбей кетіп барып, көз ұшына ілігеді кейде. Оған көз талдырып ұзақ телміре қарайтындар да, қарамақ түгілі, көрсе де көргісі келмейтіндер де бар. Анықтап қарағанға көрінбей қалмайды, әрине. Ал, еркек атаулы оған көз тігуді доғарған күні күнді айналған жер де, уақыт та тоқтайды, білем. Демек, онсыз ештеңе болмайды деген сөз.

 Хакім Абайдың «Жазғытұрым» өлеңінде жақсы айтылған, тегі. «Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағы- нышты» деп. Күйеу – ер деген сөз екені белгілі. Қазақ әбден разы болып, мағмұрланғанда, «әй, ер екенсің!» дейді ғой. Жеті қазынаның басында да осы ер жігіт тұр. Ел мен жердің, Отанның басты қазынасы – бұлар. Ер жігіт! «Елдің атын ер шығарады» дейтіні де содан. Бүгінде, бірақ, бұл сөздің орнын жақсы жігіт алмастырып барады…

Қазақ ертеде «ердің ісі – ерлік» деді. Ал, ерлік болмаған жерде елдік те, теңдік те жоқ. Елдігі мен теңдігі жоқ жерді Отан деп қалай айтасыз? Жоғарыда онсыз ештеңе болмайды деуіміздің мәні, міне, осында. Абай айтқан жүрек, қайрат, ақыл – үшеуінен туатын ерлік сөзінің бір аты – тәуекел. «Нар тәуекел, құлаш ұрдым қиынға» деп от пен судың арасынан шыққан Қасым айтады. Жүрек пен ақылға салып, қайратқа мінгеніңмен, істің әр жағы көріне бермейді. Сондықтан, бір Құдайға тәуекел етесің. Көзіңді жұмып, ерлікке барасың.

«Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

Тебінгі терге шірімей,

Терлігі майдай ерімей,

Алты малта ас болмай,

Өзіңнен туған жас бала

Сақалы шығып жат болмай,

Ат үстінде күн көрмей,

Ашаршылық, шөл көрмей,

Өзегі талып, ет жемей,

Ер төсектен безінбей,

Ұлы түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп, түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,

Темір қазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай

Ерлердің ісі бітер ме?» – деп оны айтып кеткен Махамбет Өтемісұлы.

Бұл жолда құрбан болуың мүмкін, бірақ, құрбан болсаң да, дәл осы Махамбет сынды өліп, қайта тірілесің. Өйткені, ерлік жасаған- ның аты өшпейді. Осыншама ұлан-ғайыр Отанымызды бабаларымыз сондығынан қорғап қалған. Отан қорғаушылар сөзінің түп-төркінін біз осылай түйінделік. Яғни, ердің ісі – ерлік болмайынша… Отан да, жер де, елдік те, теңдік те жоқ.

Бүгінгі ерлік басқа, бірақ. Бүгінгі ерлік «күш – білімде» дейді. Бұрын бастағы білімнің өзі жететін. Қазір бастағы білімді қолдағы игілікке айналдырып, тетігін таппасаңыз, далада қаласыз. Әлемді билеп отырған ақпараттың бетін бұра алсаң – болды. Заман – сенікі. Алайда, соның өзі ақыл мен білімнен шығады. Оны жүзеге асырмақ үшін де қайрат қылу – ердің ісі. Адырнадан мыңдаған жылдар бұрын ұшып шығып болашаққа бет алған әлгі жебеден көз жазып қалмау – міндет, ендеше.

Жәнібек ӘЛИМАН.