Ресми

Елу сарбаз сап түзеді

Қарағанды облысынан 50 жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Қазыбек би аудандық әскери бөлімінде ҚР Қорғаныс министрлігі десанттық-шабуылдау әскерлеріне көктемгі шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қатысып, сарбаздарға ақ жол тіледі.

Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті жыл сайын 2000-нан астам азаматты Отан алдындағы борышын өтеуге аттандырады.

Көктемгі әскерге қабылдау науқанына 1000-нан астам сарбаз жөнелтілген. Қонаев гарнизонына қарасты десанттық-шабуылдау әскерлеріне елуден астам жас азамат талапқа сай таңдалып алынған. Көктемгі әскерге қабылдау науқанына орайластырылған жиында сөз бастаған облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов жастарға ақ жол тіледі.

– Отан қорғауға аттанатын жастар үшін бүгінгі шараның маңызы ерекше. Отбасының, мектептің берген тәрбиесімен әскерге барып шыңдалып, Отан алдында абыройлы қызмет етеді деп сенемін. Қарағанды қаласының азаматтары деген абыройлы атаққа лайықсыздар. Әскерде тек шыдамдылық, тапқырлық, адамгершілік секілді биік қасиеттеріңізбен көрініп, нағыз ер-азамат болып оралып, ел үшін қызмет ететіндеріңізге сенімім мол. Жолдарыңыз болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.

Әскерге бара жатқан ұландар қатарында Марат Жанатұлы да бар. Ол бала кезінен әскер қатарында болуды армандаған. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысып, осы күнге дайындалған. Марат сияқты Қарулы Күштер қатарына қосылғысы келетін жастар саны өте көп, бірақ арасында денсаулығы жарамай қалатындар да бар.

– Отан қорғау – абыройлы міндет. Ата-анамның үкілеген үмітін ақтаймын деп сенемін. Еліміз ерлік дәстүрін берік ұстанады, біз отаншылдық рухта тәрбиелендік. Жерлестеріміз әрдайым сарбаздар мен әскерилерге құрметпен қарайды. Шын мәнінде, әскери қызметкер ерлік пен өрліктің үлгісін көрсете білуі тиіс. Қапшағай қаласындағы әскери бөлімге аттанып барамыз, бізді десантшылар деп атайды. Бірге кетіп бара жатқан жігіттермен танысып үлгердік, – деді әскерге аттанып бара жатқан Марат Жанатұлы.

Жастарға ақ жол тілеген әкімдік өкілдері сарбаздарға ұялы телефон мен су құятын бөтелкелер бар сыйлықтар таратты.

Ал, Отан қорғаушыларды шақырту жұмысы әрі қарай жалғаса бермек. Айта кетейік, Отан алдындағы борышын өтеушілерге қойылар талап жоғары. Қорғаныс министрлігінің заңына сәйкес, әскерге бару үшін азаматтардың бойы мен салмағы талапқа сай болуы керек.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button