Жаңалықтар

Елтұтқа

…Хакім Абай «Атаның баласы емес, адамның баласы бол» дейді. Хакімнің сөзіне жүгінбеске шара жоқ. Өйткені, менің бүгінгі кейіпкерім – атаның емес, елдің, жұрттың, Адамның баласы. Әрине, осы күні мұндай адами құндылықтар құрып-суалып қалған кезеңде, бұлай деуіміз – біреуге аңыздай шығар. Десек те, ақиқаты – сол…
…Жалпы, қоғамды дәуір, кезең-кезеңге бөліп қарасақ, сол шақтардың өзіндік талабы, мақсат-міндеті бар. Сол уақыт ол кезеңдегі ұрпақтан жүктеген міндеттердің мүлтіксіз орындалуын талап етеді екен. Соның ішінде, әсіресе, соғыс жылы және соғыстан кейінгі туған аға буын-ұрпаққа уақыт нардың жүгін жүктепті. Тек кәтепті қара нарлар ғана сол жүкті аударып алмай, көтере алса керек-ті. Дәл сондай нар тұлғалы, ел өркендеуінде нардың жүгін арқалаған азамат, бүгінде ақсақал – Қайырберлі Мусин десек, көзі көрген, ілкімді ісіне куә ағайынның ешбірі «тәйт!» демесі және анық.
…Негізі, біз бір атаның баласымыз. Бірақ бұл көкеміз атаның емес, Адамның баласы. Оған анау Тоқырауыны толқып жатқан Ақтоғай, Шерубай-Нұраны мекен еткен Шет жұртшылығы – куә. Бар ғұмырын туған жерге арнаған, мәртебесі артып, мейманасы тасуына үлес қосқан, кешегі толқымалы тоқсаныншы жылдары бұқарасымен бірге ет жүрегі езіліп, жұртының ертеңге деген сенімінің шоғын өшірмей, үрлеп маздатқан да осы көкеміз еді…
…Шет өңіріне мәлім, Тұрысбек қажының Мұсасынан үш ұл, бір қыз тараса, соның ортанқолдай ортаншысы – осы Қайырберлі Мұсаұлы. Мұса ақсақал Ұлы Отан соғысынан жарақат алып, елге келіп, 1951 жылы көз жұмыпты. Соңында 7 жастағы Ислам, 4 жаста Қайырберлі, 1 жаста Мұрат қалыпты. Үйдің үлкені – Әкіш апамыз 13-14 жас шамасында екен. Бұл елуінші жылдардың тарихта қандай жыл атауымен қалғанын көкірек көзі ашық, көңілі ояу ағайын жақсы біледі. Соғыстан әбден адамзат атаулы қажыған, енді ғана көз жасы құрғай бастаған, қаралы қағаздың қарасы өшкен кез. Шаруашылық шатқаяқтаған. Ішсе тамаққа, кисе киімге бүтін ел жари қоймаған тұс.
Дегенмен, шиеттей төрт баласына әке жетімдігін көрсетпей, тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген анасы – Сақыжан (Сақыпжамал) шешемізге бұл күні Қайкеңнің айтар алғысы шексіз.
«Біз анамыздың аялы алақанының арқасында ер жеттік. Дұрыс адам болуымыздың түп төркінінде анамыз тұр» дейді. Әлбетте, көпке сыйлы, аузы дуалы, сөзі уәлі, жанарынан мейірім мен шуақ төгіліп тұратын анамыздың көзін тұлымшағымыз желбіреген тұста біз де көрген едік. Төрге шықса, төбедей, төбеге шықса, төредей анамыздың отырысының өзінде, шіркін, бір қасиет бар еді… Сол көрегендігі шығар, ағайы Шәкішке «Қайырберліні қалай да оқыт» деп міндет қойыпты. Сірә, ана жүрегі баласының ел бастайтын басшы, көш бастайтын көсем болатынын сезсе керек. Ана сөзі – заң. Содан Қайрекең Қарқаралы қаласындағы зооветтехникумға оқуға түсіп, зоотехник мамандығын меңгереді. Осыдан бастап, Қайрекеңнің елдің шаруашылығы үшін білек сыбана кіріскен еңбек жолы басталған.
«Ағайынды үшеуміз бірімізді-біріміз қолдап ер жеттік. Ағам – Ислам, жеңгем –Рыскүл біз үшін біреуі – әке, екіншісі– шеше орнында бағаланып, өзі оқымаса да, бізді оқытып, азамат ретінде тәрбиелеуге зор үлес қосты.
…Мен еңбекке ерте араластым, 1964 жылы мектеп қабырғасында оқып жүріп, «Орджоникидзе» совхозының Батыстау бөлімшесінде ветсанитар болып еңбек ете бастаған едім» дейді Қайырберлі Мұсаұлы.
Кеншоқы совхозына қарасты Батыстау бөлімшесіндегі зоотехник – жас маманның талабы мен еңбексүйгіштігі басшылардың назарынан тыс қалмады. Жұмыс барысында, орта арнаулы біліммен шектеліп қалмау керектігін жете түсінді. Білімді жетілдірмесе болмайтынына көзі жетеді. Содан жоғары оқу орнынан білім алуға белді бекем буыпты. Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, одан «ветеринар» мамандығын алып шығады.
Сөйтіп, жоғарғы оқу орнынан соң Шет аудандық мал дәрігерлік стансасының бас дәрігері Тұрсын Туғанбаев жас маманның мамандығы бойынша қызметке орналасу туралы тілегін қабыл алады. «Дәрігер-эпизоотолог» ретінде қызметке қабылдайды. Содан 1976-1978 жылдары аудан көлемінде туберкулез және бруцеллез індеттерімен күресу жолдарын қолға алып, айықтыру жұмыстарын жүргізді. 1978 жылы Шет аудандық мал дәрігері стансасы бас мал дәрігерінің орынбасары болды.
Ауыл шаруашылығында еңбек ету – мақсаты. Содан көршілес Ақтоғай ауданында мал бордақылау мамандандырылған шаруашылық бірлестігі құрылғанда, өзінің бағы мен бабын осында сынап көруге бел буыпты. Өз бетінше сынаққа қатысып, Ақтоғай ауданының бірінші хатшысы Жаманқұл Шайдаровтың арнайы қабылдауында болады. Сонда өзінің мамандығын, жұбайының бала дәрігері екенін жеткізгенде зерделі басшы сөзге келместен бірден қызметке қабылдайды.
Көп ұзамай шаруашылық басшы¬лығына жаңалыққа жаны құштар, мамандарға жұмыс үшін бар мүмкіндікті жасай білетін білгір басшы Сәтберген Жақсыбеков бекіп келіп, сүзгіден өткен, білікті мамандармен шаруашылықты ілгерілетуде аянбай тер төкті.
Жемісті еңбектің нәтижесінде көп жылдар бойы Ақтоғай аудандық партия комитетінің конференцияларына делегат, Ақтоғай аудандық халық депутаттары селолық және аудандық советіне ұзақ жылдар депутат болып сайланды.
Кейініректе шаруашылықты бас¬қарудағы бас маман кадрларды дайындау курсынан өтіп келген Қайырберлі Мұсаұлын осы шаруашылыққа аудан басшылығы бас зоотехник етіп бекітеді. 1986 жылға дейін аталған шаруа¬шылықта ел игілігін еселеуге үлес қосады. Ал, осы жылдың қараша айында ауданның бірінші хатшысы С.Тоқметовтің қабылдауына шақ-ырылады. Бұл кісі саясатта да, шаруашылықта да, өз ісін жетік білетін, талапқойғыш, мысы басып тұратын азамат еді. Ол күндерді Қайырберлі Мұсаұлы былай деп еске алады.
«…Есікті ашып, кірген соң бірден қабағына қарап, аяғымды санап басып орындыққа жайғастым. Содан хатшы:
– Мен сенің өмір жолыңмен жете таныспын. Кеншоқы – сенің туған елің, кіндік қаның тамған жер және туған-туыс ортасы. Сондықтан, азаматтығыңды, іскерлігіңді туған еліңе көрсет. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді емес пе? Әрине, қиындықтар туындайды, бірақ сенің оны жеңетініңе сенемін» деп сенім артты. Мен ойланып үлгермедім, амал жоқ, басшының сөзіне келістім…»
…Бұдан кейінгі өмір жолы туған жерінің топырағымен етене байланысты. Кешегі тұлымды ұлдың туған жері еңбегін айрықша бағалады. Мал шаруашылығына қатысты түрлі қызметті меңгерген жас енді соңынан ел ертетін басшы болуға әбден лайық-тын. Маман ретінде пісіп-жетілген, толған, толысқан. Кемеліне келген. Сондықтан, аудан Қайырберлі Мұсаұлын білдей басшы – совхоздың директорлығына дейін көтерді. Бәрі маңдайдан шүмектеп төгілген тер мен таң атысы, күн батысы бел жазбай еткен еңбектің арқасы.
Кеншоқы – сол уақытта ең ірі совхоздың бірі. Үш бөлімшесі бар, шаруашылығы, негізінен, қой өсіруге бағытталған. Оған қосалқы ірі қара, жылқымен, егістік жермен қамтылған-тын. Жұмыс барысында Қайрекең жинақталған тәжірибесінің арқасында мамандарға еркіндік беріп, жыл сайын аудан көлемінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырды. Кейінде мал бордақылау алаңы, мал азғын дайындайтын цех, тұрақты су көзі іске қосылды. Бұдан бөлек, жерасты суларын пайдалану үшін 25 құдық қазылды. Қойларды жазда жайлауға шығарып, ет өндіру жоспарын асыра орындап жүрді.
1987-1988 жылдары Ақтоғай ауданының хатшылығына ауданның тумасы Р.Жүнісов келді.
Ақтоғай ауданына қандай хатшы келсе де, сұранысы, талабы күшті-тін. Бұл кезеңде еңбекке деген құлшыныс ерекше еді. Мемлекеттік жоспар межеден артық орындалды. Одан кейін аудан басшылығына Сағдат Дүйсебеков тағайындалды. Ал, бұл кезде ауыл тұрғындары Кеншоқының іргедегі Шет ауданына қарату туралы өтініш білдіре бастаған-тын. Сөйтіп, 1992 жылы облыстық басшылық келісімімен Кеншоқы Шет ауданына оның басшысы Қасымбек Медиевтің басқару жүйесіне берілді. Ауданы ауысқанымен, талап өзгерген жоқ. Қайта күшейе түсті. Ізденісі зор, талапқойғыш табанды аудан хатшысына тап болды.
Осы бағытта Кеншоқы 1994 жылға дейін шаруашылығын ұстап тұрды. Кейін меншікке беру басталғанда, ауылдағы әрбір азамат өзіне тиесілі үлесін алды.
Осынау аумалы-төкпелі кезеңде Шет аудан әкімі Кәкімжан Сархановпен ұзақ жылдар бірлесе қызмет етті. «Кәкең сондай сабырлы, қатты сөзге барыспайтын, жайдары мінезімен, салмақтылығымен, алдына келген адамды ықыласпен қабылдайтын азамат» дейді Қайрекең.
Сол уақыт қоғамға да, экономикаға да оңай соқпағаны белгілі. Қоғамдағы өзгерістерге әркім түрлі пікір айтып, ертеңге деген сенімсіздік көкіректі кеулеген кезең. Аудан басшылығының парасаттылығымен ауылда меншікке беру жұмысы жүйесін тапты.
Кейінде елдегі өзгерістер кезінде де ауылдың тұтқасын көкемізге тапсырды аудан басшылығы. Сенгендіктен, әрине. Балапан басы, тұрымтай тұсы туған шақта кешегі шаруашылығы ас та төк күй кешкен ауылдың қаңырып, көшкен жұрттай жұтап қалмасы үшін. Ауыл әкімі болды. Ол кезде тіршілік қамымен қандай да, қарекет қылуға дайын ауыл жұртшылығын келешекке сендіріп, болашаққа бастайтын тұлға керек еді. Сол тұлға – Мұсаның Қайырберлісі болған-ды.
Басына қонған бақ құсы тоқырауда үрке ұшқан ауылды қайта түлету – зор міндет еді. Ауыл әкімі болып тағайындалысымен осы істерді ұршықша үйіруді талап етті тағы уақыт. Сол күндерді Қайрекең «Осындай ауыр кезеңде тұрғындардың жарыққа зәрулігін шешу, ауыл тазалығын ұстау, сауда-саттық бағыттағы кәсіпкерлікті дамыту, азық-түлік тапшылығын жою, зейнетақының уақытылы жетуіне ықпал ету сияқты жұмыстарды бірден ұйымдастыруға кірістім» деп еске алады.
Бұрынғы шаруашылықты қайта жандандыру тұрды алда. Әлбетте, енді мемлекеттік жоспар үшін емес, халықтың әл-ауқаты үшін жұмыс атқару керек-ті. Сол уақытта ұры-қарының қолында кетіп жатқан бағусыз қалған мал үшін тұрғындардың алаңы күшті еді. Оған қоса, ауылдың ажарын қашырған әр жердегі үйінді-үйінді қоқыс, осының барлығы кешегі салтанаты жарасқан ауылдың сәнін қашырған. Бұдан бөлек, тұсау салған әлеуметтік мәселелер тағы бар. Жарықтың жоқтығы, азық-түлік қаттығы, зейнетақы, жалақының мезгілімен берілмеуі сынды тән қиындықтар да алақандай ауылға жеңіл соққы болмады.
Әлбетте, сонау 1986 жылдан бастап өзі тізгінін ұстаған ауылының айдың, күннің аманында шаруашылығы тоқырап, тұрмысы жүдеу тартқанын көру – оңай сынақ емес. Бір-ақ мезетте ажарлы ауылдың базары тарқаған кепке түсуі келешекті тым-тым сенімсіздеу қылып жіберген-тін. Сол кезеңдегі елдің бар өңіріндегі қиындық Кеншоқыны да айналып өткен жоқ. Елім деген ердің сыналар сәті тағы туды.
Қайырберлі Мұсаұлы ауыл әкім ретінде алдына айқын мақсаттар қойды. Ең алдымен, тіршілігінің көзі – төрт түлігіне телміріп отырған ауыл тұрғындарының мал бағымына қатысты алаңын сейілту. Сосын ауылдың көркін алып, сұрқын қашырған қоқыс-қордадан тазалау сынды жұмыстарды жедел ұйымдастырды. Біресе бар, біресе жоқ, жалп-жалп сөнген жарқ мәселесі де титықтатқан. Бұл орайда «Шет-энерго» ЖШС-мен келісіп, ауылға электр қуаты да келді. Біртін-біртін ауылға рең кіре бастады. Енді жаңа үйлер тұрғызылды. Көшелер бой түзеп, абаттандыру жолға қойылды.
Сонау 1997 жылдары ауыл, тіпті, теледидар көруден қалған сәтте аудан әкімінің қолдауымен Кеншоқы дербес спутник арқылы үш телеарна тамашалайтындай жағдайға жетті. Телефон жүйесі де қалыпты жұмыс істейтін күн туды.
Ал, ауыз су қашанда проблема. Кеншоқы мұны басқа елді мекендерден бұрын қолға алды. Ауылдың ауызы суға жарып, су құбыры тартылды. Алғашында көше бойын жағалаған су, келе-келе әр үйге жеткізілді. Осы уақыт аралығында ауыл тұрғындарының өтінішіне құлақ түре жүріп, мешіттің де бой көтеруіне мұрындық болды.
Одан кейін де аудан әкімі Рысбек Оразханов, Рысқали Әбдікеров, Қайыржан Тілеубергенов есімді елдің азаматтарымен де бірлесіп, еңбек етті. Бұл есімі аталған азаматтардың аудан экономикасында қосқан үлесі айтарлықтай. Өзіндік жұмыс әдіс-тәсілі бар қай-қайсысы да қолға алған ісін дөңгелететін еді.
Зейнетке шыққанға дейін туған жерінің түтіні түзу ұшуы үшін білімі мен біліктілігін, бар өмірлік тәжірибесін сарп етті.
Сөйтіп, ауылдың пыр-пырлап ұшқан құт-ырысы ымыра-ынтымақ арқасында құр-құрлап шұрқырап қайта келе бастады. Бұл еңбектері еш кеткен жоқ. Облыс, аудан басшылығы тарапынан өз деңгейінде бағаланды. Соның бір көрінісі облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары, мерейтойлық медальдар. Бүгінде ақсақалдың кеудесінде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Мәслихаттарына 20 жыл» медальдері жарқырайды.
Енді Қайрекең туған жеріне сол құттың мәңгі тұрақтауын ғана тілейді.

 

Қызғалдақ Айтжанова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button