Жаңалықтар

ЕЛІН СҮЙГЕН ӨР ТҰЛҒА

    Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында мемлекет және қоғам қайраткері, Алашының біртуар азаматтарының бірі Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовке арналған «Елін сүйген өр тұлға» атты сурет көрмесі өтті. Көрмені тамашалауға облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали ӘБДІКЕРОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

    Көрмеге келген мәртебелі қонақтар арасында облыстың бұрынғы әкімі К.Мұхамеджановты, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Зейнешевті, еңбек ардагері Қ.Мүсілімовті және басқа да күні кеше ғана Сұлтекеңмен қатар жүрген серіктестерін, дос-жарандарын, інілерін көруге болатын еді.

    Көрмеге Сұлтан Қапарұлының жеке мұрағатынан алынған қаланың қарыштап дамуына қатысты өте сирек кездесетін жылнамалық суреттер, тарихи құжаттардың түпнұсқалары, куәліктер мен дипломдардың, Құрмет грамоталарының көшірмелері, медальдары мен ордендері, төс белгілері, басқа да жәдігерлері қойылды.

    Көрмені тамашалағаннан кейінгі әңгіме шай үстінде жалғасқан. Алғаш болып сөз алған облыс әкімі Н.Әбдібеков асыл ағаның қайталанбас тұлға екендігін, өндірістің әлемдік деңгейдегі ірі ұйымдастырушысы екендігін, бірге болған кейінгі екі жылда өр тұлғаның келелі кеңес бергенін тілге тиек етті. Мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Медиев Сұлтан Қапарұлымен бірге жүрген күндерді ілтипатпен еске алса, көмірлі Қарағандының «шахта генералдарының» бірі Г.М.Презент ол кісінің алымдылығына, көрегендігіне тәнті болғанын айтып, бір кездері асыл ағаны Құрмет грамотасымен марапаттап, оған өзінің қол қойғанына бақыттымын деп есептейтінін жеткізді. Сондай-ақ, Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Е.Аймағанбетов, мәдениет қайраткері Р.Омарбекова, балалары Раушан мен Ерлан Досмағамбетовтар тұщымды естеліктер айтты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button