Елімен егіз есімі
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ – қазақтан шыққан айтулы тұлға екендігі шындық. Ал, тарих уақытында дара мен дананы өзі елеп, екшеп алады. Оған адамзат баласының құзіреті жүрмейтіні тағы бір анық дүние. Тұңғыш Президенттің өткен өмір жолына шолу жасап, қабылдаған маңызды шешімдерін бағамдайтын «Елбасы жолымен» экспедициясының қорытынды жиыны Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Кемеңгерліктің дара жолындағы Ұлы тұлға» атты жиынға зиялы қауым, түрлі этнос өкілдері, студенттер қатысты. Тұңғыш президентпен үзеңгілес ардагерлер келіп, Елбасы жайында естеліктерімен бөлісті.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Елбасы өмірінің 20 жылдан астам уақыты көмірлі өңірмен біте қайнасып кеткені жайында және оның осы аймаққа сіңірген өлшеусіз еңбегін тарқата айтып өтті. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Тұңғыш Президенттің барлық ұлттар мен ұлыстардың қазақ халқымен бауырласа ғұмыр кешуіне жағдай жасағанына тоқталып, оның ғибратты ғұмыры тәуелсіз Қазақстанның тағдырымен қоса өрілгенін тілге тиек етті.
Кеңес Одағынан еншісін алып шыққан Қазақстанның жағдайы азаттықтың алғашқы жылдары аса ауыр болды. Шетелден инвесторлар тарту мүмкін болмады. Себебі, бодан елдің жаһандық мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы болмаған еді. Мұның түйінін тарқату үшін Елбасы азат елдің шекарасын айқындап, сыртқы саясатын қалыптастыруға тер төкті.
«Иранда елшілік қызметте жүргенмін. Бір күні Нұрсұлтан Әбішұлы телефон шалып: «Төлеутай, біз тәуелсіздігімізді жарияладық. Сен елге қайтып, Сыртқы істер министрлігін құр. Өзім де көмектесемін. Сенің жинаған тәжірибең елге қажет» – деді. Содан үш күн ішінде жиналып, Отаныма қайттым. Көп іс атқардық. Тыңнан түрен салдық. Бір таң қалатын дүние – ол кісі кез келген келіссөзде жеңіске жететін адам еді. Ол осының барлығын қазақ үшін жасады» – деп ширек ғасырдан астам уақыттағы оқиғалардан сыр шертті еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов ақсақал.
«Елбасы жолымен» халықтық экспедициясы 25 жылдығын атап өтіп жатқан Ассамблеяның келелі жобаларының бірі екенін аңғардық. Оның негізгі мақсаты тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы Елбасының өлшеусіз еңбегін халықтың жадында сақтап қалу. Республикалық шара былтыр 28 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында бастау алып, кешегі күні Қарағанды мен Теміртау қалаларында жалғасты. Бүгін шараның басты символдары – Күнделік пен Ту Тұңғыш Президент еңбек жолын бастаған Сарыарқа даласынан туған өлкесі Алматы облысына табысталды
Теміртауда құрыш қайнатқан қарапайым металлург Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан тарихының жаңа парағында – Тәуелсіз мемлекетті іргелендіруде орасан жұмыс атқарды. Ол ең алдымен ел тізгінін ұстаған шақта даудамайсыз шекараны шеңгелдеп, мемлекеттіктің барлық басты белгілерін бекітті. Құрылымдары мен институттарын қалыптастырды. Ел астанасын Арқаға көшіріп, солтүстік өңірлерде ұлтымыздың тамыр жаюына жағдай жасады. Рухани мұраларымызды жинақтауға және түбі бір түркі дүниесімен жақындастыратын «Түркісой» ұйымын құруға ат салысты. Осының барлығының басында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүрді. Бұл – ақиқат.
Сонау 1985 жылы «Қазақстанның болат профилі» кітабынан бастау алған Елбасының Қазақстан жайындағы шығармаларында ел үшін ерен еңбек еткен жүздеген есім аталады. Бұл – «Атқарылған жұмыс өзімдікі ғана емес, ортақ» деген ұғымды білдіретін қарапайымдылық болса керек.
Тоқсан ауыз сөзден тобықтай түйін түйсек, «Елбасы жолымен» жобасы – адамдарды бауырластырып, ұрпаққа Отанын шексіз сүюді насихаттайтын шара. Өйткені, өткенін ұмытқан жұрт болашақтың бұралаң жолында бағытынан жаңылары анық.
Құрманғазы ӨТЕБАЙ