Жаңалықтар

Елі үшін туған азамат

  Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, парасаттылықты, дүниетанымның кеңдігін, шеберлікті, жауапкершілікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Осы бір қызығынан гөрі қиындығы мол қызмет саласына бар ғұмырын арнап, қажымай еңбек етіп келе жатқан академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, ардагер ұстаз Қайыржан БЕКІШЕВ 75 жасқа толғалы отыр.

Еңбек жолын әуелі Нұра ауданындағы Куйбышев орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінен бастап, кейін Балықтыкөл орта мектебінің директоры қызметін атқарды. 1969 жылы Қарағанды педагогикалық институты ұжымының шақыруы бойынша химия-биология факультетіне оқытушы, кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы болып тағайындалды. Қайрекең қандай жағдай болса да қара нардай ауыр жүкті еш мойымай көтерген қажырлы еңбек иесі. Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттерінің жанына нұр құйып, өмірге өзі бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін Қайыржан Бекішұлының жөні де бөлек, жолы да бөлек. Оның ғылым жолына түсіп, оқытушылық кәсібилігін бастаған кезең 1975-1978 жылдары Мәскеу қаласында А.Северцев атындағы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын ойдағыдай аяқтап, 1979 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққаннан кейін басталды. Сол жылы КСРО жоғары және арнайы білім министрлігінің жолдамасымен Қарағанды мемлекеттік университетіне аға оқытушы болып қабылданды. Үздіксіз оқып өмір бойы үйренуден, білімін тереңдетуден жалықпайтын, шығармашылыққа ұмтылатын ұстаз ғана заман талабы мен дамуына ілесе алады. Бұл аталған ерекше қасиеттердің барлығын сол ұстазымыздың бойынан табуға болады. Еңбек еткен осы жылдар аралығында Қайыржан Бекішұлы ұстаздықпен қатар бірнеше қызметтер атқарды. Атап айтатын болсақ, 1982-1989 жылдары Қарағанды педагогикалық институтының биология-химия факультетінің деканы, 1993-1998 жылдары ҚарМУ-да тәрбие және әлеуметтік мәселелер бойынша проректор, 1998-2002 жылдары биология-география факультетінің деканы қызметін атқарды. 180-нен астам ғылыми мақалалар, монографиялар мен оқулықтар авторы. Халықаралық Евразия экология академиясының академигі, ҚР жаратылыстану ұлттық академиясының корреспондент мүшесі, 1997 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Құрмет грамотасымен, 2002 жылы Қарағанды облысының әкімінің Құрмет грамотасымен, 2014 жылы Қарағанды қаласы әкімінің мақтау грамотасымен марапатталды. «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы. Алтынсарин» атындағы төсбелгімен, Халықаралық ядроға қарсы Семей-Невада қозғалысының 20 жылдық, 25 жылдық мерекелік медальдарымен, 2013 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың еңбек сіңірген қызметкері, ҚР 2013 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грант иегері. Талай саналы ұрпақты тәрбиелеуде өз үлесін қосқан ардагер ұстазымыздың мақтан тұтар шәкірттері де жетерлік. Ол студенттердің ғылыми жұмыстарына белсенді басшылық жасайды. Оның жетекшілігімен дайындалған студенттердің ғылыми баяндамалары жыл сайынғы университетте өтетін конференцияларда жүлделі орынға ие болады.

Ғалымның ден қойып тыңғылықты зерттеген мәселесі – экология тақырыбы. Экология проблемаларының күрделенуі мен шиеленісуі және олардың жаһандық экологиялық дағдарысқа ұласуы – осының барлығы ғалымдардың қоршаған ортаның бұзылу себептерін зерттеумен және ол мәселелерді шешу жолдарын іздестірумен тығыз айналысуға мәжбүр етті. Сондықтан Қайыржан Бекішұлы екеуміз осыдан ондаған жылдар бұрын-ақ осы өткір экология мәселелерін зерттеп, зерделей бастадық. Нәтижесінде 1996 жылы Алматының «Дәуір» баспасынан «Экологиялық менеджмент» кітабы жарық көрді. Кітапта адами фактордың қоршаған ортаға әсері, өнеркәсіптің және ауылшаруашылығы өндірісінің адамзаттың тіршілік ету ортасына ықпал ету ерекшеліктері көрсетілді. Кейіннен екеуіміздің «Кен жұмыстарынан бүлінген жерлерді рекультивациялаудың экологиялық-экономикалық мәселелері» (2013 ж.), ғалымның Қ. Асановпен бірлесіп жазған «Экологияның рухани өрісі» (2014 ж.) (2016 ж, өңделіп қайта басылған) атты кең көлемді монографиялары жарық көрді. Бұл зерттеулерде биосфераның ластануы – адамның іс-әрекетінің нәтижесінде биосферада зиянды заттар мөлшерінің көбеюі, жаңа химиялық қосылыстардың пайда болуы, температураның көтерілуінен, климаттың өзгеруінен болатыны көрсетілді. Олардың негізгі себептері өнеркәсіптің (әсіресе минералды ресурстарды өндірудің) тез қарқынды дамуы, ауылшаруашылығы мен күнделікті тұрмыста химиялық технологияларды кеңінен пайдалану, халық санының өсуі және урбанизациялану (қалалардың өсуі) екендігі пайымдалады.

Биосфера ластануының тағы бір қауіпті қатерлі көзі – қоршаған ортада радиактивті қалдықтардың жинақталуы болып табылатындығы көрсетілген. Аталған қиыншылықтардан шығудың басты жолы – «жасыл экономикаға» көшу екендігі пайымдалған. «Жасыл экономика» – өмір сүрудің жоғары деңгейін, қазіргі және болашақтағы ұрпақтың мүддесі үшін жер асты және жер үсті табиғи ресурстарды барынша тиімді пайдалануды, табиғатты пайдалану әрі қорғаудың халықаралық экологиялық міндеттемелері нақты көрсетілген Рио-де Жанейро, Стокгольм Декларацияларын басшылыққа ала отырып, іске асыруды талап ететін экономика ретінде сипатталған. Қазақстан Республикасы үшін «жасыл экономикаға» көшу әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру туралы мақсатын қамтамасыз етудің құралына айналу қажеттігі негізделген.

Қайыржан Бекішұлының тағы бір қасиеті – қоғамдық маңызды мәселелерге үн қосып отыратын ұлтжанды ғалым екендігі. Соның айқын айғағының бірі жуырда ғана республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының өміршеңдігін қуаттап жазған «Биосфера да жаңғыруы қажет» деген мақаласының жариялануы. Мақалада автор дамудың діңгегі – рухани байлықтар екендігі, дегенмен қоршаған орта да, табиғи жаратылыс та жаңарып, жаңғырып отырғаны абзал деген тұжырымды ой пайымдаған.

Мақалада сондай-ақ, адамдардың салғырттығы мен бейқамдығынан бастау алған экологиялық күрделі ахуалды табиғи қалпына қайта түсіру осы саладағы ғалымдар мен мамандарды соңғы жылдары терең толғандырып жүргені, өндірістің дамуы мен өнеркәсіп орындарының ұлғаюы, техниканы пайдаланушылар санының өсуі секілді өркениет үрдісімен үндес шаруалар, екінші жағынан, табиғатты тамылжыған таза күйде қалдыруға кері әсерін тигізіп отырғандығы айтылған.

Нұра өзенінің суын Қарағанды және Теміртаудан құйылатын өнеркәсіп сарқындыларынан кешенді түрде тазарту қажеттігі көрсетілген.

Қайыржан Бекішұлының азаматтық, қайраткерлік, ұлтжандылық қасиеттерін айқындайтын көптеген істерін айрықша атап өтуге болады. Солардың бірі – сайын даласы Сарыарқада ғұмыр кешкен, ерлігі аңызға айналған Орта жүздің оғланы Тілен батырдың өмір сүрген жылдарын, жерленген мекенін нақты анықтау жолындағы ізденістері. Сол жолда көптеген тарихи деректерді көтереді.

Тіленнің батырлығы мен ерлігі, ат үстіндегі арқалы ғұмыры Кенесары заманында өткен. Бұл жөнінде ғалым Р. Бердібаев «Аңыздың жалғасы» ғылыми мақаласында, жазушы М. Әпсәметов «Ақжолтай Ағыбай батыр» аңыз-әңгімесінде, жазушы-журналист А. Жұмаділдин «Кенесары Ақтау дуанын алғанда» дейтін мақаласында тарихи деректер келтіріп атап өтеді. Жазушы І.Есенберлиннің «Қаһар» романы мен тарихшы-ғалым Е.Бекмахановтың зерттеулерінде де Тілен батыр туралы нақты мәліметтер бар. Бұл деректерден Тілен батырды Кенесары ханның маңайындағы һас батырлардың жуан ортасынан көруге болады. Кенесары Тілен батырға ырза болып, «батырбасы» деген атақ береді.

Қайыржан Бекішұлы Тілен батырдың өмірінің соңғы кезеңдерін, жерленген жерін көнекөз қарттардан сұрастырып жүріп анықтайды.

Өмір бойы ат үстінде жері мен елін қорғаған жаужүрек батыр бүкіл елімен бірге көктем шығып, жер кеңіген уақытта Құланөтпес өзенінен үдере көшіп, қазіргі кездегі жер атаулары бойынша Нұра бойымен өрлеп Кертінді, Балықшы, Маржанкөл, Қайқат, Аршалы, Қаракөл, Ақмола облысының Астрахан ауданының жеріндегі Қалғұтан (қазіргі атауы – Калутон) өзенінің бойына дейін жайлаған. Жаз ортасы ауып, күз болғанда, қайта қысқы мекеніне оралып отырған. Жаз жайлауда сол Қалғұтан өзенінің бойында Қазқоскөл деген жерде Тіленнің кенже баласы Шымыр ауырып қайтыс болып, сол көлдің жанындағы төбеге жерленген. Осы жылдың қысында Тілен батырдың өзі де 1888 жылы 98 жасында қысқы мекені Құланөтпес жерінде қаза болады. Ол өлер алдында балаларына өзін баласы Шымырдың қасына жерлеуді өсиет еткен. Шымыр менің әзіретім деп сенген. Осыған қатысты ел аузында мынандай әңгіме бар. Әкелері қайтыс болған соң, балалары сол жерді іздейді. Шымыр соның алдында жайлауда жүргенде қайтыс болған. Осы жерде Тіленнің жылқышысы кездігін ұмытып кетіпті. Сол кездік арқылы Шымырдың жатқан жерін тауып, Тілен батырды да сол Астрахан ауданының Қалғутан өзенінің бойындағы Қазқоскөлдегі төбеге жерлейді.

Қайыржан Бекішұлы 2006-2010 жылдары жыл сайын шілде-тамыз айларында Тілен батыр бабамыздың қабірін арнайы іздеп, бірнеше рет барды. Кенже ұлы Дарханмен Астрахан ауданының Қалғұтан өзенінің бойындағы қорымдардың тарихын зерделеп, сол елдегі ақсақалдармен кездесіп, бабамыздың жатқан жерін іздестірді. Ескі Колутон, Колутон станциясы және Ковыленко деген елді мекендерді іздеп жүріп, Мұсайып Смағұл деген 85 жастағы тарихшы ақсақалды кездестіреді. Сол ақсақалдың айтуынша: «Менің бала кезімде осы өлке «Тілен батыр өлкесі» деп аталған, ол кісінің мәйіті мына қорықта болатұғын», – деп Қазқоскөл жанындағы төбешіктегі ескі моланы көрсеткен.

Сөйтіп Қайрекең бастаған батыр бабаның ұрпақтары мәңгілік тыныстап жатқан зираттың басына еңселі ескерткіш орнатып, перзенттік парыздарын өтеді. Жиылған жамағатты ақ дастархан басына жинап, баба рухына құран бағыштады.

Қайыржан Бекішұлының өзіне тән ізденімпаздық, жаңашылдық істерінің бір бағыты – есімі ұмытыла бастаған тұғырлы тұлғалардың аттарын қайта жаңғырту жолындағы ізденістері. Соның жарқын айғағы Қайрекеңнің бастама көтеруімен кезінде аймағымызда белгілі болған ғалым, білікті де білімді ұйымдастырушы, ұлағатты ұстаз, зоология кафедрасының тұңғыш меңгерушісі Әубәкіров Төлеухан Ысқақұлының есімі өзі қызмет еткен ортада еленсін деп, дәрісхана атын беру жайлы ұсынысты облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жариялады. Көп ұзамай университет ректоры Еркін Қиноятұлы бұл ұсынысты қолға алып, нәтижесінде мақсат орындалып, білім ордасының басшылығының тікелей қолдауымен ҚарМУ оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен Т.Әубәкіров атындағы № 11 кеңейтілген дәрісхананың ашылу салтанаты өтті. Қайыржан Бекішұлының осындай жасампаздық істері туралы көп айтуға болады.

Ұлағатты ғалым Отанымыздың өркендеуі мен халқымыздың игілігі жолында талай іс атқарды. Өмірдегі тұрмыс-тәрбиесі, жеке басының кіршіксіздігі, отбасы, қатар жүрген әріптестері, тілектес дос-жарандары үшін де зор мақтаныш, абырой, жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екені даусыз.

Р. КАРЕНОВ,

Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың

Менеджмент кафедрасының меңгерушісі,

Халықаралық ақпараттану

академиясының академигі,

ҚР Білім беру ісінің

Құрметті қызметкері, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button