Жаңалықтар

Электронды оқулық олқылық орнын толтыра ала ма?

Жастар − қоғамның қозғаушы күші, егемен еліміздің ертеңі. Білімді жастар − Жаңа Қазақстанның тірегі. Сол себепті де, кітап оқу жас ұрпақтың парызы болып саналады. Сондықтан, біз, жастар рухы биік, санамыз сергек болуға тиіспіз. Ойымды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елді алға бастайды» деген сөздерімен жеткізгім келеді. Тәрбие жүйесінде жеке тұлғаның, сол білімді жастардың кітап оқуының алатын орны ерекше.

 

Бүгінде білім берудің барлық жүйесі қарқынды дамуда. Ал, ол заман талабына сай электронды оқулықтан бастау алады. Ең алдымен, өзім бүгінгі жас ұрпақ өкілі ретінде электронды кітаптың артықшылықтарына тоқталғым келеді. Кішкентай кезімізде кітап оқығымыз келген сәтте оны не кітапханаға барып, не кітап дүкендерінен сатып алатынбыз. Ол кезде электронды кітаптың әлі шықпағаны белгілі, сол үшін де өзіміз қызыққан кітапты алып оқу үшін уақытымыз бен күшімізді бірдей жұмсағанбыз десем, артық айтпаймын.

Ал, қазір кітаптардың барлығын біз электронды нұсқада, тиімді түрде ала аламыз. Бала кезімізде том-томдап ұстаған, әр парағын ашқан сайын иісін сезініп оқитын кітаптардың қазір қолымызда санаулы ғана екені әрине, қынжылтады. Бірақ, әр нәрсенің жақсы жағы да болады демекші, электронды кітаптың да болуы біз үшін, қазіргі ұрпақ үшін өте ыңғайлы. Себебі, бірнеше кітапты бір смартфонға немесе компьютерге жүктеп алып, кез келген уақытта бүкіл әлемдегі көркем және ғылыми әдебиетті оқи аламыз. Оның қағаз бетіндегі кітаптан артықшылығы көлемінің аздығы, шығару уақытының әлдеқайда жылдам болуы. Және ең басты артықшылығының бірі – кітапта аудио нұсқасының болуы. Электронды оқулықтың бүгінгі күнгі пайдасы өте зор деп айтуға болады.

Бұндай кітаптарға сұраныс жас буынның арасында артып келеді. Ақпараттық технологияның дамығанына байланысты осындай кітаптардың үлкен сұранысқа ие болып, әсіресе, жастар арасында айрықша қарқын алып жатқаны қалыпты жағдай. Тіпті, мектеп оқушылары үшін де тиімді болмақ. Қазіргі мектеп оқушылары ауыр-ауыр кітаптарды таңертеңнен кешке дейін тасығанша, оларды электронды түрде жүктеп алу әлдеқайда қолайлы екенін айтады. Бұл олардың балалықпен әлде жалқаулықпен айтқаны деп те қабылдап жатамыз. Бірақ, шындығына келгенде де қазіргі мектеп оқулықтары бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ауыр, әрі көлемі де үлкен.

Белгілі баспагер Марат Ахмеджанов өзінің бір сұхбатында электронды кітап жайлы: «Электронды кітап тез дайындалады, бағасы да арзан болады. Қазір әлемде кітаптың сандық нұсқасы тиімді болып жатыр. Ондай кітаптарды компьютерлерден ғана емес, телефондар арқылы да оқуға болады. Оны сатып алудың жолы жеңіл. Экологияға пайдасы көп. Қағаз шығындамайсың. Баспагерлер үшін электронды кітаптың табысы қағаз кітап сатқанмен бірдей. Әрине, электронды кітап қағаз кітапқа қарағанда бес есе арзан тұрады»,– дейді.

Ал, енді «таяқтың да екі ұшы бар демекші», кемшін тұстарына келетін болсақ, ең алдымен денсаулыққа зияндылығы. Электрондық кітаптар қаншалықты тиімді және зиянсыз деп саналса да, олар көздің зақымдануына үлкен әсер береді.

Бірақ, не дегенмен қағаз кітаптан гөрі электронды кітаптың қазіргі заман тынысында артықшылығы басым. Себебі, ол әр жерде қолжетімді. Өзіңізге ұнаған кітабыңызды кітапханаға бармай, үйде отырып та кез келген уақытта интернет арқылы жүктеп әрі сатып та ала аласыз. Қазіргі жастар үшін беттері қалың үлкен кітапты арқалап жүргеннен гөрі, оны кішкентай ғана смартфонда жүктеп алған тиімдірек деп есептеймін.

Заман талабына сай электронды оқулық болсын, қарапайым баспадан шыққан кітап болсын, оның оқылуы оқушының қызығушылығына, біліміне, кітап мазмұнына байланысты. Кез келген кітапты оқыған адам жан-жақты сана-сезімі дамыған, жеке тұлға болып қалыптаса алады.

Сол үшін де кітап оқуға деген сүйіспеншілігіміз бен махаббатымызды одан әрі арттырып, дамытқанымыз жөн болмақ.

Әлем өзгеріп, жаңа технологиялар дамып жатыр. Қазіргі заман − смартфонның, телефонның дәуірі. Цифрлық технология дамыған сайын, қарапайым кітап сөрелері азайып барады. Электронды кітап болса да, қандай жолмен болса да, маңыздысы − білім алу, білу, оқу деп ойлаймын.

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің II курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button