Руханият

Елбасы бастамалары – асыл мұраттар алаңында

Иә, Қазақстан халқы Ассамблеясының асыл мұраттар алаңына айналғанын уақыт дәлелдеді. Бекем бірліктің берекелі белестерді бағындырарына Ассамблея алаңындағы алқалы жиындар арқылы көз жеткізіп келеміз. Ассамблея мінбері – «Күлтөбенің басындағы жиын» емес, елдік мұраттарды еңсерген ашық алаң. Жуырда Достық үйінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ облыстық сессиясында өрбіген әңгіме барысындағы пәтуәлі шешім, парасатты пайым біздің бұл пікірімізді қуаттай түсті. Сессия жұмысына ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Леонид ПРОКОПЕНКО, Қарағанды облысының әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, облыстық Ассамблея мүшелері, мемлекеттік органдар жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамалары» қоғамда серпіліс тудырып, елдік мұраттың тұғырлы тұжырымдамасына айналғаны белгілі. Бүгінгі сессия жұмысының күн тәртібіне шығып, тамырынан талданған мәселе де – осы. Елбасының әр бастамасы тарихи мәнге, қоғамдық маңызға бай екенін ескерсек, бұл жолғы бес бастамасы да салалы бес саусақтың жұдырық болып жұмылған нұсқасындағы кешенді бағдарламаға айналғанына көз жеткізу қиын емес. Сәуір айында өткен ҚХА ХХVI сессиясында «Бес әлеуметтік бастамалар – қоғамның әлеуметтік бірлігінің платформасы» міндеттері белгіленген болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру бағыттары терең пысықталған облыстық сессия жұмысында облыстық ҚХА-ның осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарына лайықты баға берілді. Жиылған қауымды Астананың 20 жылдығымен құттықтап сөз бастаған Ерлан Жақанұлы:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында Елбасының алға қойған бес әлеуметтік бастамаларына ерекше назар аударылды. Өзінің баяндамасында Президент әлеуметтік сала қазақстандық қоғам бірегейлігін нығайтудың негізгі қоры болып табылатынын атап айтты. Бес бастама халықтың жағдайын жақсартуға, өмір сапасын жоғарылатуға, адами капиталды нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ, бес бастаманың негізгі мақсаты ең бірінші кезекте қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғайды, – деді.

Аймақ басшысы қоғамды ілгері дамытудағы және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы ҚХА мүшелерінің белсенділігіне ерекше тоқталып, туған жерді рухани тұрғыдан түлетуге елеулі үлес қосып жүрген азаматтар еңбегіне лайықты бағасын берді.

– Сіздердің белсенділіктеріңіздің арқасында кәсіпкерлер мен жанашыр жандар қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда тек бір жылдың өзінде-ақ 76 әлеуметтік нысандарды салды және қалыпқа келтірді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, табысты кәсіпкер Георгий Прокоп өткен жылы өзінің ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып берді. Биылғы жылы ол 300 орынға шақталған мектеп салуды бастады. Сондай-ақ, өткен жылы қазақ-кәріс достастығының «Ер Нұр және Ника» қоғамдық қоры Қарағандыда гүл бағын абаттандырып, Виктор Цойға арнап ескерткіш орнатты, балалар және спорт алаңдарын салды. Қазір ол жер Қарағандының көрнекті жерлерінің бірі болып отыр. Адамдар сөзбен емес ісімен өздерінің туған жерлеріне деген махаббаттың нағыз патриотизм екенін дәлелдеп отыр. Біз барлығымыз – бір үлкен отбасымыз, біздің бақытымыз бен жетістіктеріміз бір-бірімізді қаншалықты қолдайтынымызға тәуелді, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Облыс әкімінен кейін ҚХА Төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко сөз алып, барша қарағандылықтарды Астана мерейтойымен құттықтады.

– Күні кеше ғана Қарағанды облысы Елордамыздың мерейтойына «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс» монументін сыйға тартты. Екеуі де ел тарихынан сыр шертіп, Астана рухын аспандатар барынша құнды сыйлық болды. Себебі, Қарағанды облысы өте полиэтникалық аймақ. Мұнда 100-ден астам этностар тұрады және 80 этномәдени бірлестік қызмет етеді. Ал, Ұлытау секілді қасиетті орын – қазақ халқының ең киелі бойтұмары, – деді мәртебелі мейман.

Жарыссөзге шыққандар да Елбасы бастамаларының өміршеңдігін тілге тиек етіп, елдің еңселі дамуына серпін берер байыпты бағдарламаның маңызы жайлы ой толғады. Сонымен қатар, биік мінберден сөз алғандардың жалған ұраннан алшақтап, шынайылық танытқандығы қуантты. Мәселен, «Қарағанды кәрістері этномәдени бірлестігінің» жетекшісі Лилия Ким ханымның Астанаға тарту еткен «Қазақ халқына мың алғыс» монументі туралы айта келіп, тас тұғырда бейнеленген қазақ әйелінің етегінен пана тапқан ұл баланың бейнесінен өз әкесінің тағдырын көргендей әсерде болғанын жанарына жас үйіре әңгімелеуі бүкіл залды толқытты.

Жиын соңында бірқатар Ассамблея белсенділері «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, ҚХА Хатшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Осылайша, Елбасы бастамаларының елдік сипаты тағы бір мәрте еңселеніп, ел көңіліндегі үмітті үкілендірді. Асыл мұратқа ұмтылған елдің ертеңі Ассамблея ұйытқы болған келелі жиында толыққанды таразыланып, келешектің кемел боларына деген сенім кемеріне толды.

Ерсін МҰСАБЕК,

 «Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button