Ел ырысы еселенуде
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ телекөпір арқылы қатысуымен елімізде бірнеше алып кәсіпорын іске қосылды. Сондай алып кәсіпорынның бірі – Қарқаралы ауданында орналасқан «Көктасжал» мыс кен орны.
Кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010 жылы Индустрияландыру картасына енгізіліп, бүгінде алтын мен мыстың, күмістің кең көлемдегі концентраты өндірілуде.
Аталмыш телекөпірде жобаны іске асырушы «Алтай полиметалл» ЖШС-нің бақылаушылар кеңесінің төрағасы Руслан Юн кәсіпорынның ерекшелігі туралы айтып өтті.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, 2009 жылы Сіздің Үкіметке берген тапсырмаңызға сәйкес, бүгінде осы жоба жүзеге асып отыр. Бұл жобаға жекеменшік қаражаттан 158,2 млрд. теңге инвестиция салынды. Мұнда Қазақстан және әлемнің бес мемлекетінде ғана патенттелген, басқа еш мемлекетте жоқ технология қолданылады. Осы технология арқылы аз шығынмен мол өнім алуға болады. Осы жобаның ашылуына қолдау жасағаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын», – деді Руслан Юн.
Сондай-ақ, кәсіпорын басшылығы халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін де әсте естен шығарған емес. Бұл туралы осы тікелей байланыста ауыл тұрғыны Серікбек Искаков баяндап берді.
«Құрметті Елбасы, қазір ауылымызда жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Жолдар мен мектеп қайта жөнделді. Жастарға арналып заманауи спорттық кешен және жергілікті тұрғындарға медициналық орталық салынды. Ақсақалдарымызға арналған Ардагерлер үйі бар. Біздің қуанышымызда шек жоқ. Осының бәрі Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында іске асуда. Сізге алғысым шексіз. Еліміз өркендей берсін. Осындай ірі кәсіпорындар атамекеніміздің дамуына өз үлесін қоса берсін. Қазақстан Республикасының 25 жылдығы құтты болсын», – деп, ауыл халқының игілігі үшін жасалып жатқан іргелі істерді тізбектеп өтті.
Елбасы өз кезегінде жылы лебізін жолдады. Қазба байлығын орнымен тұтынып, іске жаратып отырған халыққа шынайы ниеті мен жалынды сәлемін арнады.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі ықпалын тигізетін серіктестіктің бақылаушылар кеңесінің төрағасы Р.Юнді қажырлы еңбегі, бүгінгі жетістігімен аудан әкімі Х.Мақсұтов та құттықтап, арнайы Алғыс хат пен ескерткіш сыйлық табыс етті. Кездесу барысында Р.Юн алдағы уақытта да қолдан келгенше ауыл халқына қолайлы жағдай жасап, көмек көрсететіндігін жеткізді.
Бүгінде алып кәсіпорын жылына жалпы көлемі 100 мың тонна мыс, алтын, күміс өндірмек. Сонымен қатар, 350-ге жуық жұмысшы мамандар еңбек етуде. Еңбеккерлердің басым бөлігі аудан тұрғындары. Оның ішінде жаңадан оқу орнын бітіріп келген жас мамандар да бар.
Жылдан жылға экономиканың өзекті буыны болып саналатын еліміздегі өндіріс орындарының ерекше қарқынмен дамып келе жатқанының куәсі болдық. Ел ырысы – табиғи байлықтарымыздың көп шоғырлануы, кәсіпорындардың ашылуы – еліміздегі экономикалық дағдарыстың алдын алуда зор ықпалын етпек.
Сағыныш ӘБІЛОВА
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.