Ел тірегі — жалынды жастар

Шет ауданының мәдениет үйінде «Біз – жасампаз жастармыз» атты аудандық жастар форумы өтті. Форумда жастар саясаты бағытында жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, үздіктер марапат биігінен көрінді.

Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин жастардың ауданның саяси өміріне белсене араласып келе жатқанын, олардың мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастығының маңызы зор екенін атап өтті.

  • Еліміздің қарқынды түрде дамуы төменгі толқынның тындырар тірлігіне тікелей байланысты. Отанымыздың озық елдер қатарынан орын тебуіне білімді де білікті жастар қосар үлес зор. Сенімнен нәтиже шығара білу – жастарға жүктелген жауапкершілік. Біздің жастар өздеріне қаншалықты сенім артылып отырғанын жақсы түсінеді. Жүктелген жауапкершіліктің салмағын да жақсы сезеді. Сондықтан да, Шет жастары болашақ үшін аянбай тер төгуде, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Егемен елдің ертеңі саналатын жастардың атқарып жатқан істері де нәтижелі. Аудан көлемінде жыл басынан 375 жас тұрақты жұмысқа қабылданса, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 23 жас қаржылай қолдау қоры арқылы 100 млн. теңге көлемінде несие алған. 69 жас 34 млн. 845 мың теңге грантқа қол жеткізген.

Өңірде мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп отырған жастардың қарасы да мол. Аймақ жастарының қол жеткізген жетістіктері көпшілік алдында жарияланып, алдағы уақытта атқарылар тың бастамалар тілге тиек етілді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өздерінің үлестерін қосқан бір топ жас аудан әкімінің Алғыс хатын иеленді.

Сондай-ақ, шара барысында аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы бойынша сала үздіктері анықталды. Атап айтқанда, «Үздік жас ұстаз» аталымына – Бексұлтан Ахметов, «Үздік жас спортшы» аталымына – Мадияр Төлеген, «Үздік жас мәдениет қызметкері» аталымына – Бекзат Аханов, «Үздік құқық қорғау саласының жас қызметкері» аталымына – Нұрсәлем Арыстанов, «Үздік ауыл шаруашылығы саласының маманы» аталымына – Олжас Кәріп, «Үздік денсаулық сақтау саласының жас маманы» аталымына – Нүркен Тукеев, «Үздік жас кәсіпкер» аталымына Мадина Төребекова ие болды. Жеңімпаздар 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақылармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Форум соңы өнерлі жастардың және форумға арнайы шақырылған «Маэстро» тобының концерттік бағдарламасына ұласты. Осы жерде Еріктілер жылының жалауы Шет агротехникалық колледжінің «Жігер» еріктілер ұйымының жетекшісі Дидар Төлеуовке тапсырылды.

Думан ҚАБЫЛ