Бас тақырыпЖаңалықтар

Ел қорғанына – ерен құрмет

Қоғам тыныштығын күзеткен тәртіп сақшылары уақытпен санаспайды. Бүгін – осынау жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Кеше облыстық ішкі істер департаментінде мерекеге орайластырылған салтанатты шара өтті.

Полиция қызметкерлеріне құрмет көрсету қызмет барысында қаза тапқан қызметкерлерді еске алып, гүл шоқтарын қоюдан басталды. Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміз бойынша 700-ден астам адам ел тыныштығын сақтауға жанын беріпті. Оның 26-сы – қарағандылықтар. Солардың артында қалған отбасы мүшелерін арнайы шақырып, құрмет көрсету игі дәстүрге айналғалы қашан?! Осыдан 15 жыл бұрын қызмет барысында қаза болған Алданыш Тайғожиннің анасы Камила Тайғожина баласын ұмытпай, отбасын құрметтеп келе жатқан департамент басшыларына, бұрынғы әріптестеріне алғысын білдірді.

– Алданыш қайтыс болғанда 32 жаста еді. Алдында теңіз әскери флотында борышын өтеп келді, сосын қазіргі Қарағанды академиясында білім алды. Баламмен бірге оқыған балалар өткенде келіп кетті, биыл олардың оқу бітіргендеріне 20 жыл екен. Сол кезде артында қалған 8 жасар қызы – Айлана жақында ұзатылады. Анасы екеуміздің қарсылығымызға қарамай, ол әкесінің жолын қуып, полиция қызметкері болды. Осы мерекеде барлық тәртіп сақшыларын құттықтап, амандық пен денсаулық тілеймін,– деді ана көз жасына ерік беріп.

Бұл күні осы саланың ардагерлері де назардан тыс қалмады. 30 жылға жуық өмірін осы салаға арнаған Борис Кочкаров та департамент басшылығына алғысын жаудырды.

– Ардагерлерді ұмытпай, жас мамандармен кездесу ұйымдастырып, мерекелік шараларға шақырады, денсаулықты нығайту және басқа да мәселелер бойынша көмектеседі. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл қызметте бастысы адамгершілікті жоғалтпай, қажет кезінде дұрыс шешім қабылдап, соған сәйкес әрекет ету, – деп бөлісті өз ойымен ардагер.

Шараның салтанатты бөлімінде облыс бойынша барлығы жүзден астам полиция қызметкерлері мен ардагерлері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төсбелгілерімен, облыс әкімінің, департамент басшысының Алғыс хат, мақтау қағаздарымен марапатталды. Марапатқа ие болғандардың бірі – Манарбек Кенжебаев. Ол «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

– Мереке қарсаңында осындай марапатқа ие болу – үлкен қуаныш. Құқық қорғау саласында 22 жыл қызмет етіп келемін. Біздікі уақытпен санаспайтын қиын жұмыс. Алдағы уақытта да елдің игілігі мен қоғамның тұрақтылығы үшін жұмыс жасай береміз,– деді марапат иесі.

Марапаттау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев қатысты.

– Кез келген елдің дамуы үшін ішкі тұрақтылық аса маңызды. Қылмыспен күресіп, қоғамның тұрақтылығын сақтап жүрген ішкі істер органдарының қызметкерлері елдің дамуына сүбелі үлес қосуда. Бұл еңбекті еселеуде жергілікті атқарушы билік барлық жағдайды жасауда. Ардагерлерді ардақтап, тәлім-тәжірибесін үлгі етіп келе жатқан полиция қызметкерлеріне табыс, мықты денсаулық, отбасыларына береке-бірлік тілеймін,– деді Жандос Ақылсерікұлы.

Облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Мергенбай Жаппаров жиналғандарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Қазақстан полициясы күні – осы жауапты қызметті адал атқарған ардагерлерімізге және бүгінде еңбек етіп жүрген жандарға ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіретін күні. Сонымен қатар, бұл бейбіт заманда ел тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен әріптестерімізге құрмет көрсететін күн. Қылмыскерлермен күресіп, өзгенің өмірін құтқарам деп өзі жан тапсырған қызметкерлеріміздің есімі мәңгілікке қалады,– деген басшы қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне естелік сыйлықтарын табыс етті. Өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарлама кештің көрігін қыздырды.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button