Ел намысын қорғады
Қарағандылық «Сиқырлы ел» үлгілі хореографиялық ансамблі халықаралық конкурстан Гран-при жеңіп алды.
Еуропа, ТМД мен Ресей елінің жас өнерпаздары қатысқан байқау қаңтар айының 7-сі мен 10 аралығында Қазан қаласында өткен болатын. Қарағандылықтар «Жетістік» халықаралық конкурс-фестивалінің балалар және жасөспірімдер шығармашылығы байқауына «Хореографиялық ұжымдар» аталымы бойынша қатысты. Бүлдіршіндер Гран-приден бөлек, «Жетістік» аталымындағы тағы екі бірінші орынды қанжығасына байлады. Қазақ, татар, неміс билерімен көрермендер мен қазылар алқасының көңілінен шығып, “Солтүстік” биі арқылы бас жүлдеге лайық деп танылды.
Айта кеткен жөн, халықаралық сайыста олар Қазақстанның атынан шығып, ел намысын қорғаған жалғыз ансамбль болды. Бүгінгі таңда Ирина Ваземнің басшылығындағы «Сиқырлы ел» үлгілі хореографиялық ансамблі әртүрлі сайыстар бойынша 39 Гран-придің иегері.
Аяулым СОВЕТ