Жаңалықтар

Екатерина МАРЫЧЕВА: “Екпеден кейін ауыр жағдайлар тіркелген жоқ”

Кейбіреулер вакцина алғаннан кейін болуы мүмкін деген реакциялардан қорқып, екпеден бас тартып жатады. Әрине, мамандар кез келген екпеге ағзаның беретін жауабы болатынын және ол әртүрлі көрініс беретінін ескертеді. Дегенмен, коронавирусқа қарсы вакцинадан кейін болды деген ауыр кері реакциялар ел көлемінде тіркелген жоқ. Ал, екпеден кейін басыңыз ауырып, әлсіреп, дене қызуыңыз көтерілсе, қалыпты жағдай деп қабылдаңыз. Екпеден кейінгі түрлі реакциялар мен жалпы коронавирустан кейінгі реабилитация жөнінде қаладағы №1 көпбейінді аурухананың консультация және диагностика бөлімінің меңгерушісі Екатерина МАРЫЧЕВА айтып берді.

– Вакцинадан кейін қандай да бір кері әсері байқалса, кімге бару керек?

– Екпе алғаннан кейін кері реакциялар байқаған науқастар әуелі фильтрге барады. Ол жерде қарап, қажет жағдайда тиісті мамандарға жібереді. Мәселен, екпе салған орны қатайып қалса, хирургқа барады. Бірақ, біздің ауруханада ондай жағдай тіркелген жоқ. Дене температурасының көтерілуі, тұмау белгілері, әлсіздік, бұлар – болуы ықтимал деген жағдайлар. Адам өз-өзін бақылап, қажет жағдайда учаскелік дәрігерге жүгінуі тиіс.

– Ал, ауыр жағдайларға нені жатқызуға болады?

– Ең ауыр жағдай деп вакцина алғаннан кейін болуы мүмкін анафилактикалық шокты айтуға болады. Мұндай жағдай елімізде мүлде тіркелген жоқ. Одан кейін екпе алған жердің қызаруы, ісуі, іріңдеуі. Дұрыстап зарарсыздандыру жасалмаған жағдайда байқалады. Дененің құрысып қалуы, естен тану жағдайларын жатқызуға болады. Мұндай жағдайларда шұғыл көмек көрсетуге барлық керек-жарақ әзір тұр. Бірақ, шүкір, әлі қолданылған жоқ.

Сонымен қатар, дене қызуының 40 градусқа дейін көтерілуі, бөртпе шығу, қышу да ауыр деп есептеледі.

– Сіз атап өткен белгілер әдетте бірден байқалады ма, әлде біраз уақыт өткеннен кейін көрініс береді ме?

– Вакцина салғаннан кейін 30 минут, 1 сағат көлемінде байқалатын ауыр жағдайлар және бірнеше күн ішінде болатын кері реакциялар бар. Біз әдетте вакцина алғаннан кейін қажет болған жағдайда қабынуға қарсы, дене қызуын түсіретін дәрілерді ішуге, ауыр физикалық әрекеттер жасамауға кеңес береміз. Екпе алғаннан кейін 3 күннен соң дене қызуы көтерілсе, ол вакцинаның әсерінен емес. Оның басқа себебін іздеу керек.

– Коронавирустан қорғалған деп есептеу үшін адам бойындағы антидененің мөлшері қанша болуы керек?

– Антиденелердің мөлшері талдама жасатқан зертхананың белгілеген нормаларына сәйкес болуы ке рек. Яғни, әр зертханада талдаманы жүргізу түріне қарай, оның мөлшері әртүрлі көрсетілген. Кейбір зертханаларда өлшем бірлігіне байланысты 10-нан астам, кейбірінде 100 болуы мүмкін. Сондықтан, олардың ортақ норма мөлшері жоқ. Бастысы – олардың анықталуы.

– Талдаудың да бірнеше түрі болса, негізгісін атап өтіңізші?

– Коронавирус инфекциясына суммарлық антиденелерді анықтау деп аталады. Егер сіз өзіңіздің вирус жұқтырған немесе жұқтырмағаныңызды білгіңіз келсе, m иммуноглобулиніне тапсыра аласыз. Ол дәл қазір адам ағзасында вирус бар екенін және оның асқыну деңгейін көрсетеді. G иммуноглобулиніне тапсырылған талдама сіздің ауырып кеткеніңізді немесе вакцина алғаныңызды көрсетеді.

– Ауырған адамның індеттен кейін бірден қалпына келмейтінін білеміз. Жалпы, реабилитация жұмыстары қалай жүреді?

– COVID-19 жұқтырып, ауырғандар жазылып шыққаннан кейін де ұзақ уақыт қалпына келеді. Жалпы әлсіздік, жадының нашарлауы, зейіннің төмендеуі сияқты шағымдармен жиі келеді. Сонымен қатар, көпке дейін сақталатын ентігу жағдайларымен келетіндер де бар. Яғни, ағзаның жалпы жағдайларына байланысты. Бізде ондай науқастарға реанимация бөлімі жұмыс істейді. Онда түрлі тыныс алу жаттығулары, емдік дене шынықтыру жүреді. Дәрумендер терапиясынан өтеді. Жалпы, мұндай жағдай жарты жылға дейін, кейбір науқастарда, тіпті, бір жылға дейін сақталуы мүмкін. Аталған реабилитациялар курстарын науқас өкпесінің зақымдану пайызына байланысты арнайы реабилитолог дәрігер тағайындайды. Курс мерзімі – 7-14 күн.

– Осы күнге дейін сіздердегі вакцина орталығынан қанша адам екпе алып шықты?

– Вакциналау науқаны басталғаннан бері біздің емдеу мекемесінен 27 мыңнан астам адам вакцина алды. Олардың арасында вакцинадан кейін ауыр реакциялары тіркелген жоқ. Біз, медициналық қызметкерлер ақпанда алып алғанбыз. Міне, жарты жылдан асты. Өз басым ешқандай кері әсерін сезінген жоқпын. Бастысы қорықпау керек. Сосын әлеуметтік желіде тарап жататын әңгімелерге сенбеу керек.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button