Егін науқанына әзірлік қызу

Биыл облыс көлемінде 968,6 мың гектар жерге дән себіледі. Егістік алқабы былтырғы жылмен салыстырғанда 56,6 мың гектарға артып отыр. Мұның ішінде, дәнді және бұршақты дақыл – 885 мың гектарды, майлы дақыл – 18,3 мың гектарды, көп және біржылдық шөптер – 54,3 мың гектарды құрайды.

Сондай-ақ, диқандар 9588 гектарға картоп, 1533 гектарға көкөніс отырғызуды жоспарлап отыр. Тиісінше, картоп алқабы – 301 гектарға, көкөніс – 91 гектарға ұлғайды.

Тұқым қоры жеткілікті. Қазір қамбада 91,7 мың тонна дәнді дақыл, 27,7 мың тонна картоп бар.

Тұқымды жаңарту бағытында 11,6 мың тонна элиталы және бірінші сұрыпты дәнді дақыл, 9,7 мың тонна жоғары репродукциялы картоп жеткізілді.

Минералды тыңайтқыштар 375,1 млн. теңгеге субсидияланады. 127 мың гектарға алқапқа 7,2 мың тонна тыңайтқыш алынады. Былтырғы межеден 43,3 мың гектарға артық.

Бұдан бөлек, 492,8 мың литр гербицидті субсидиялауға 989,2 млн. теңге қарастырылуда.

Күн райы жылысымен басталатын егіс науқанына 11 мыңнан астам трактор, 167 тұқым себу кешендері және 6 мыңнан астам сеялка жұмылдырылады.

Науқанға 18 мың тонна жанар-жағармай әзірленді. Қазіргі таңда облыс бойынша отынды жеткізетін операторлар анықталды. Мұнай базаларынан дизельдік отынның литрін 181 теңгеден босатады.

Өз тілшімізден.