Жаңалықтар

Еңбектері есімін елеулі еткен

     Мәдени, рухани дүниелерге қатысты шаралар әуелі кітапханаларда ұйымдастырылып жатады. Соның айғағындай, Қарағанды қаласының «Құрметті азаматтары» кітабы ашылғанының 50 жылдығын М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана атап өтті. Осыған орай, жастар мұнда Қарағанды қаласының қос бірдей Құрметті азаматы – «Даңқ» орденінің ғана емес, «Шахтер даңқы» орденінің толық иегері Жұмабек АБДРАМАНОВ пен Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала ОМАРБЕКОВАМЕН кездесіп, көкейдегі сұрақтарын қойды.

Дүниедегі қасиетті орындардың бірі – кітапхана, бірақ… Жарнама мен даңғаза салтанат құрған қазіргі уақыттың мәртебелі орны басқа болып тұр. Салтанат сарайлары мен әкімдік, басқа мекемелерде қуыс кеудесін керіп жүретіндерге мұнда орын жоқ. Сөредегі ұлылардың мысы басады. Болмаса, сана-сезімінің төмендігінен жоламайды немесе білімсіз бейшаралығынан кергіп, менсінбейді. Әйтпесе, хан тағындай құрметті орынның бірі – осы кітапхана және ол М.Әуезов атында болса. Сондықтан, мұнда өткен әрбір әдеби, мәдени шара қазіргі болымсыз жиындардан мың есе артық мен үшін. Қал-қадарімізше кітапханадағы шағын шаралардың өзін қалт жібермеуге тырысатынымыз содан.

Шараға қатысушы оқырмандар мен студент жастарға бәрі қызық. Келгендердің көбі колледж студенттері болса керек. «Құрметті азамат» деген қандай атақ? Оны нендей еңбегі үшін береді. Қай саланың мамандарына беріледі?» деген сұрақтар жауып кетті. Кездесу кейіпкерлері барлығына жауап беріп, өмір тәжірибелерімен бөлісті. Қай саланың маманы болсаң да, аянбай, табандылықпен тер төксең, жемісін бермейтін жұмыс жоқ. «Халқына қалаулы, еліне елеулі» атты кездесудің аты айтып тұрғандай, маман ретінде міндетіңді мүлтіксіз, адал атқарып, сол саланы өркендете алсаң – қаланың, халықтың құрметті азаматы сол екен. Мәселен, Рымбала Кенжебалақызы мәдениет саласын басқарып тұрғанда, Қарағанды облысының мәдени-рухани әлеуеті арта түскен. Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі құрылып, республикалық, халықаралық деңгейде өнер көрсеткені неге тұрады?! Түрлі мәдени орталықтар ашылып, облыс руханиятына олжа салғаны өз алдына. «Шахтер даңқы» орденінің толық иегері Жұмабек Абдраманов еңбек жолы да есті жанды елең еткізбей қоймайды. Тынымсыз еңбек пен табанақы, маңдай тердің арқасында осы дәрежеге жеткен.

Қаланың «Құрметті азаматтарымен» ашық әңгіме арасында Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері – Дулат Аханов пен Медет Осатай ән шырқап, шараны шырайландырып отырды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button