ЕҢБЕК ЕРІНЕ — ЕРЕКШЕ ҚҰРМЕТ
«Қазақмыс» корпорациясының» басшылығы даңқты кенші, Социалистік Еңбек Ері Демберген Баймағамбетовті 85 жасқа толуына орай арнайы құттықтап, лайықты құрмет көрсетті.
Қостанай облысында дүниеге келген Д. Баймағамбетов әскери борышын өтеп келген соң еңбек жолын 1954 жылы Жезқазған шахталарында забойшы болып бастаған еді. Ол Оңтүстік Жезқазған кенішінде проходкашылар бригадирі, кейіннен кен бұрғылаушы болып ұзақ жылдар еселі еңбек үлгісін танытты. Жетпісінші жылдардың басында оның бригадасы «Мыңшылар қозғалысының» бастамашысы болып, тәулігіне мың тоннадан аса кен өндірілуін қамтамасыз етті. «Апатсыз және жарақатсыз жоғары өнімділікпен еңбек ету», «Айына бір күн үнемделген материалдармен жұмыс істеу» бастамалары сол кезеңдегі Одақтың кен өндіру саласындағы барлық кәсіпорындарында қызу қолдауға ие болып, кеншілердің екпінді еңбек дәстүріне айналған-тын. Жаңашыл кенші 1966 жылы Еңбек Қызыл Ту, 1976 жылы Ленин ордендерімен марапатталып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Сондай-ақ, ол Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы. Қазірде бейнетінің зейнетін көріп отырған атақты кеншінің еңбек жолын балалары жалғастыруда.
Мерейлі 85 жасқа толған ардагер ағаны корпорацияның Жезқазған аймағындағы тау-кен өндірістік кешенінің бас директоры Саят Бәкіров арнайы барып құттықтады. Еңбегімен ер атанған кеншіге «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышевтың Алғыс хаты және 1 млн. теңге ақшалай сыйлық құрметпен тапсырылды.
Амандық РАХҰЛЫ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.