Ресми

Еңбек қауіпсіздігі қаперде ме?

Облыстың өндіріс ошақтарында тек бір жыл ішінде ғана 115 жазатайым оқиға орын алып, 66 адам қаза тапқан. Бұл жайттар кәсіпорын қабырғасында еңбек қауіпсіздігін қорғау нормаларын бұзу оқиғаларының жиілегенін айғақтайды. Жұмыскердің сауатын арттырып, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздік техникасын сақтауы бағытындағы түрлі іс-шаралар легі ұдайы бақылауда. Жылдың 11 айында өндіріс аумағында орын алған жазатайым оқиғалар жиілігі турасында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңесте еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Ирина Любарская мәлімдеді.

Сурет: sauran.kazatomprom.kz сайтынан

Жазатайым жайттың дені Qarmet (бұрынғы АМТ), «Теміртау электрометаллургиялық комбинаты» және «Шұбаркөл Көмір» сынды ірі өндіріс орындарында тіркелген.

– Тосын жайдың негізгі себептеріне жұмыс берушілер тарапының жабдықты жаңғырту бағытындағы оңтайлы шешім қабылдамауы, құрылымдық бөлімше персоналдың қажетті штат санымен жасақталмауы, жұмыс берушінің көбі қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруден, ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өткізбеуі сынды бірқатар факторларды жатқызамыз. Өндірістегі жазатайым оқиғалар әдетте үш жылға дейін жұмыс өтілі бар жұмысшылар арасында болады. Бұл – жазатайым оқиғалардың 48%-ы. Қауіп нүктелері жұмыс берушінің тиісті бақылауы, тәлімгерлік жүйесі немесе еңбекті қорғау қауіпсіздігі бойынша нұсқаулығы жоқ нүктелеріне тән болуы мүмкін. Жазатайым оқиғалардың тағы 66%-ы 55 жастан асқан жұмысшылар арасында туындайды. Әдетте олар өздерінің ұзақ мерзімді кәсіби тәжірибелеріне сүйенеді. Кәсіпорындардағы қауіпсіздік техникасына жауаптылар біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіндердің тағайындалуынан да өрістеп жатады, – деді Ирина Любарская.

11 айда жазатайым оқиғаларға қатысты 170 арнайы тергеу жүргізілді, деп қосты спикер. Барлық материалдар полиция органдарына жолданып, қазіргі уақытта істердің бір парасына сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 75 іс қараусыз қалдырылып, ал, 87 дерек бойынша қылмыстық істер тоқтатылды. Тағы екі материал уәкілетті мекемеге жолданған.

– Осы уақыт ішінде Еңбек инспекциясы 3 309 өтініш қарастырып, онда еңбек заңнамасының нормаларын бұзу жайттарын анықтаған. Өңір кәсіпорындарында 669 тексеру амалы жүргізілді. Барлық тәртіп бұзушылық турасында тиісті нұсқама беріліп, ал тексеру қорытындысы бойынша 100 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл сомасы – 16,9 миллион теңге. Бүгінде бұл қаражат көлемінің 91%-ы өндірілді. Өндірісте жарақаттану жайттарын азайту жөніндегі жұмыс Үкіметтің қаулысымен бекітілген, сондай-ақ, «Қауіпсіз еңбек» бағдарламалары шеңберінде іске асады. Қазақстанда бір жарым жыл ішінде министрлікпен уәкілетті органдар тарапынан 2030 жылға дейін елде қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді. Бұл іргелі істер кешені жұмыс орындарындағы кәсіби тәуекел деңгейін төмендетуге, еңбек қауіпсіздігін қорғау саласындағы құзыреттілікті арттыруға, еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды күшейтуге мүмкіндік береді. Осылайша еңбек талаптарын қорғауды үйлестірудің ұлттық жүйесі жетілдіріледі, кәсіби тәуекелді интегралды бағалаудың жаңа моделі енгізіледі және оның негізінде кәсіпорындардың цифрлық картасы жасақталады. Осы тұжырымдамаға сәйкес, мысалы, құрылыс алаңында, еңбек шартын қорғауды жұмысты ұйымдастырушы, яғни, бас мердігер жүргізеді, – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Өндірістік жарақаттану жайттарын барынша азайту үшін кәсіпорындар халықаралық, ұлттық стандарттарды енгізе отырып, Visual Zero нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына белсене қатысады, әрі «Халықтық бақылау» жобасын іске асырады.

– Облыста 1 600 бас техникалық инспектордың қатысуымен еңбек қауіпсіздігі жөніндегі 1 140 өндірістік кеңес құрылды. Өндірістік нысандарды аттестаттау да жүргізілуде. Бүгінге дейін 405-і аттестатталды. Егер кәсіпорын өкілдері үш жыл ішінде еңбек заңнамасының нормаларын бұзуға жол бермесе, оларға сенім сертификаттары беріліп, нысан тексеру амалынан босатылады. Ал, өндірістік жарақаттанудың өсуіне жол бергендер профилактикалық бақылауға енгізіледі. Осы жылдың басынан бастап, 12 кәсіп­орын тиісті бақылауға алынды. Бұған қоса, кәсіпорындар атаулы кезең-кезеңімен жұмыстың электрондық форматына көшуде. Бірақ тау-кен металлургиясы саласында осы үдеріс әзірге төмен деңгейде. Аталған сұрақ үшжақты комиссияда да, жұмыс топтарының отырыстарында да үнемі қаузалып жатады, – деп атап өтті Ирина Любарская.

Өңір басшысы спикерден кәсіпорын берешегі туралы сұрады. Еңбек инспекция­сы басқармасының басшысы осы бағыттағы еңбек инспекторларының тиімді жұмыс істейтінін атап өтті. Олардың нұсқамалары 10 күн ішінде орындалуы міндетті нормативтік құжат болып есептеледі. Нұсқау орындалмаған жағдайда, тиісті деректер жеке сот орындаушыларына жіберіледі.

– Жалпы, осы жылдың ақпан айында берешек 772 миллион теңгені құраса, осы күні 2,7 миллион теңгеге дейін төмендеген. Мұндай жағдайлар дереу шешіліп, тексеру амалдарына мұқтаж емес, – деп нақтылады Ирина Юрьевна.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button