Еңбегімен ел құрметіне бөленген
Бүгінде Теміртау қалалық мәслихатының депутаты атанған Әлібек АЛПЫСБАЕВ – жас металлург. Алғаш қызмет жолын металлургиялық комбинатта көрікші болып бастады.
Иә, алып өндірісте шыңдалып, өз жолын тапқан жігіт бұл күнде облыстағы білікті жас металлург атанған. Еңбегінің нәтижесінде 2013 жылы «Жыл металлургі» атағын иемденді. Әрдайым ауысымға келген кезде, Елбасының көп жыл бұрын өзінің еңбек күнін осылай бастағанын еске алатын Әлібек – өз мамандығын шексіз сүйеді. Сол арқылы еңбекке құлшынысын арттырып, жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқарады.
Әлібек қазіргі таңда өндірістегі жұмыстан бөлек қоғамдық істерге де белсене араласады. Ең алғаш 2008 жылы Жастар форумына қатысса, 2012 жылы Қарағанды облысы әкімінің «Қайнар» жастар сыйлығын иеленіп, «Жылдың жас жұмысшысы» атанды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының «Партияның 50 тұлғасы» жобасына қатысты. Жұмыстан қол үзбей жүріп инженерлікпен қоса заңгерлік те білім алды. Еңбек жолына Теміртау комбинатында 2005 жылы бастады. 2007 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, запастағы аға сержант атанды.
Металлург қоғамдық шараларға да белсенді қатысады. Домбырада шебер ойнайды. Бүгінгі таңда металлург мамандығына деген құрмет пен сұраныс жоғары екенін білетін көп жастар Әлібектің жолымен келеді.
Аяулым СОВЕТ