Жаңалықтар

Еңбегі елге кәделі

Ұлы Абайдың есімімен аталатын білім ордасында мектеп өмірімен өзінің саналы ғұмырын сабақтастырып жүрген ұстаздар қауымы қаншама?! Солардың бірі – талай шәкірт жүрегінде сүйікті ұстаз болып жатталып қалған бастауыш сынып мұғалімі – Гүлнар ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.
1986 жылы Саран педагогикалық колледжін бітіріп, өз ауылына мұғалім болып келген бүлдіршіндей жас қыз – бүгінде ұстаздық жолында өзіндік салған соқпағы бар І санатты ұстаз. Өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығары даусыз.
«Нашар оқушы болмайды, тек баланың қабілеті әр түрлі» деген қағиданы нық ұстанатын ұстаз оқушыны әр қырынан тануға тырысып, жүрегінің түпкіріне үңіледі. Бір оқушысын шешімі мен шытырманы көп математика ғылымына баулыса, енді бірі – қара сөз бен мәнерлеп оқудан алдыңғы қатардан көрініп жүрсе, енді бірі – майлы бояуға тіл бітірген суретшілікке икемді. Аудандық, облыстық «Мен – жас зерттеуші» ғылыми жұмыстар сайысына оқушыларын жиі дайындайды. Шәкірті, үздік оқушыларының бірі – Алтынай Маратованың алғашқы жыр шумақтары «Кәусар бұлақ» жинағына енсе, 2015 жылы Қарағанды қаласындағы Дарын мектебін «Алтын белгімен» бітіріп, ұстаз үмітін еселеп ақтады. Әсия Каримова 2016 жылы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жас тілшісі атанып, Алғыс хатпен марапатталып бір қуантса, Аружан Серік «Жас суретшілер» сайысының жүлдегері атанды. Аудандық «Шет шұғыласы», «Толағай», республикалық «Ұлан» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналдарында оқушылардың шығармалары жиі жарияланады. Әр оқушысының жеңісіне жүйрігін додаға қосқан бапкердей қуанатын ұстаз-әріптестері алдында сыйлы, кейінгі жас буын біздер үшін айтары мол ақылшы, отбасының тірегі, бақытты ана. Еңбек еткен 33 жыл ішінде бастауыш буыннан бірнеше түлек ұшырып, биылғы оқу жылында арнайы курстан өтіп, жаңа білім мазмұнымен 12 жылдықтың алғашқы қарлығаштарын қабылдады.

Қымбат КӨШЕНОВА,
Абай атындағы орта мектептің бастауыш сынып бірлестігінің
жетекшісі.
ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button