Бас тақырыпЖаңалықтар

Дидары жарқын «Дидар»

Іскерлік пен ілкімді ізденісті жымдастыра қабыстырған телеарна басшылығы «Қазақмыс» корпорациясы, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, аймақтағы бизнес құрылымдары, сондай-ақ, елдің жетекші телеарналарымен тығыз серіктестік байланыс орнатқан.

Қазіргі таңда мұнда 50-ге жуық қызметкер болса, солардың дені – жас буын өкілдері. Осы жерде шеберлігі шыңдалып, біліктілігін арттырған майталмандардың біршамасы бүгінгі күні «Хабар 24», «КТК», «Астана», «Сарыарқа», «Бірінші Қарағандылық» және басқа да танымал телеарналарда жемісті еңбек етуде. Демек, «Дидар» – «ұтқыр мамандар ұстаханасы».

Дидары жарқын «Дидарда» еңбек ететіндердің парасат пайымы мен қайратжігерін бір арнаға тоғыстыратын мақсат – тұрғындарға мемлекеттік билік органдарының іс-әрекеті туралы шынайы әрі тұщымды ақпарат ұсыну, күнделікті тірлікте орын алатын күрделі жайттарды зерделеуіне мүмкіндік тудыру, жалпы қауымның қоғамдағы үдемелі үдерістерді байыпты бағамдай білуіне ықпал ету.

Эфирге екі тілде шығатын күнделікті жаңалықтардан тысқары, бұқарадан бағасын баяғыда алып үлгерген танымдық мазмұндағы бағдарламалар да баршылық. «Денсаулығыңыз мықты болсын», «Қала көшелерінде» көрсетілімдері – солардың санатында. Көрермендер аудиториясы жас спортшылар, қарапайым еңбек адамдары, қаланың алғашқы құрылысшылары, елдің дамуына еңбегі сіңген ардагерлер хақында және өзге де өзекті жайттарға қатысты сөз қозғайтын бағдарламаларды асыға күтіп отырады. Мәселен, аптасына бір мәрте берілетін «Жұмадағы жүздесу» атты танымдық көрсетілім – тұрғындарды барынша баурап алған бағдарлама. Олар сол арқылы теріс ағымдағы діни секталардың қатерінен сақтану жолдары, дәстүрлі Ислам дінінің ерекшеліктері туралы мәліметтер мен басқа да аса қажетті деректерді алу мүмкіндігіне ие. «Үміт бар» арнайы әлеуметтік бағдарламасы балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүмкіндігі шектеулі балғындар, сондай-ақ, құны қымбат емдеу шараларына мұқтаж сырқаттардың талайлы тағдыры туралы сөз қозғайды. Аталған жобаның түпкі межесі – қайырымдылық қаражатын жинауға қолұшын созу, мүгедек жандарға қолдау көрсету, отбасылық құндылықтарды дәріптеу.

«Дидар» телеарнасы қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, мәдени мұрасын насихаттау ісінде де тегеурінділік танытып келеді. «Ұлы Дала Елі» көрсетілімдер циклының басты бағыты – осы ұстаным.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында көрсетілген міндеттер мен басқа да нақты тапсырмаларының орындалу барысы – күнделікті күн тәртібінде. «Стратегия-2050», «Рухани жаңғыру», «Жолдау жолдарына үңілсек…» тақырыптық бағдарламалары мазмұндық сипатының тереңдігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, телеарна редакциясына өңір тұрғындарынан түсетін сауалдар мен шағымдар бойынша журналистік зерттеулер жүргізіліп, олардың тұжырымды түйіндері туралы ақпарат көрерменге көгілдір экран арқылы көрсетіледі. Тәулік бойы қайталанатын жаңалықтардың бір шығарылымына сурдоаударма жасалады.

Іс тетігін тапқан телеарнаның қондырғылары мен құрал-жабдықтары толыққанды жаңғыртылған. Бұл, тиісінше, телекөрермен санын бұрынғыдан анағұрлым арттыруға негіз қалады. Дәлірек айтсақ, мысты шаһардағы «Дидар» телеарнасы Қазақстандағы алғашқы бес қаланың қатарында хабар таратуды сандық үлгіге көшірді. Бұдан бөлек, бұрынғыдай, яғни, көрерменмен қалыптасқан ырғақта қауышу үрдісін өзгеріссіз қалдырып, қосалқы негізде кабельді теледидар тәсілін пайдалануды да қолданысқа енгізген.

Жүйелі жұмыс пен өнімді еңбек бар жерде, татымды нәтиженің «мен мұндалап» тұрары күмәнсіз. Соның жарқын айғағы – телеарна журналистерінің алуан түрлі шығармашылық конкурстарда ат оздырып, жеңімпаз атануы немесе жүлдегерлер қатарынан көрінуі. Әрісі – республикалық, облыстық, берісі – қалалық деңгейдегі бәсекелі байқауларда мерейі өскендердің аты-жөндерін тізбелеп шығу, әсте, мүмкін емес, оның қажеттілігі де жоқ шығар, бәлкім… Ең бастысы, солардың бәрі – телеарна патриоттары, ұжым мақтаныштары. Айтпақшы, «Дидар» «Платформа Диалог Евразия» халықаралық ұйымының құрамына кіреді. 2013 жылы Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь мемлекеттерінің ортақ ұйымы – ұлттық бизнес-рейтингтердің халықаралық рейтингтер одағы белгілеген «Қазақстан көшбасшысы-2013» белгісімен марапатталып, «Сала көшбасшысы-2013» ұлттық сертификатын иеленген. «Ұрпақтар сабақтастығы» делінетін қастерлі ұғымды басты бағдар ретінде ұстанған телеарна жанындағы ардагерлер кеңесі – әлеуетті құрылым. Оның құрамындағы байырғы мамандар өмірлік тәжірибелерін өздерінің ізбасарларымен бөлісуден еш жалыққан емес.

Мерзіммен бірге ілгері басуды мұрат санайтын мекеменің танымалдылығын бұрынғыдан да арттыру түсу жолдары, әрине, жетіп артылады. Соның бірі – интернет жүйесіндегі дербес сайттың салмақты қалыпта болуы. Бұл тұрғыда «Дидардың» www.didar-tv.kz. сайты мен онда орналастырылатын сапасы жоғары материалдар – бұрын Жезқазған, Сәтбаев қалаларында тұрып, кейін Қазақстаннан сыртқары елдерге қоныс аударған, туған жерге деген сағыныштары тыншу бермейтін адамдар үшін таптырмас құнды қазына. Олар сол арқылы өздері өскен өңірдің жаңалығына қанығып, іңкәрлік сезім тұнған жүрекжарды жазбаларын қалдыруға құштар. Қысқасы, «Дидар» – жаңалықтар жаршысы, алысты жақындатып, жақынды қауыштыратын қастерлі орда. Оның бүгінгі бағындырған белесі – болашаққа бастар баспалдағы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

«Орталық Қазақстан»

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button