Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде өңдеуді күшейту міндетін нақтылаған болатын. Президент «Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет» деді. Сондай-ақ, Жолдауда ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу біз үшін болашағы зор бағыттар екені атап өтілген болатын. Абай ауданында пайдалануға берілген заманауи ет өңдеу кешені дәл осы стратегиялық міндеттерге жауап береді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 800 млн теңге. Alisha Group компаниясы жүзеге асырған кешен салқындатылған және мұздатылған ет, консервілер мен вакумда қапталған өнімдер шығаруға бағытталған. Кәсіпорынның жылдық қуаты 2400 тоннаға дейін жетеді. Алғашқы кезеңде 20 жаңа жұмыс орны ашылып, алдағы уақытта өндіріс ауқымына қарай штат санын ұлғайту көзделіп отыр.
Кешен құрамына мал сою пункті, ет өңдеу және консервілеу желісі, сондай-ақ, қой шаруашылығы фермасы кіреді. Тәулігіне мұнда 300-ге дейін ұсақ мал мен 50-ге дейін ірі қара еті өңделеді. Шикізат негізінен жергілікті фермерлерден сатып алынады. Бұл өз кезегінде аудан шаруашылықтарының тұрақты табыс табуына мүмкіндік берсе, ал, болашақта кәсіпорын өз мал басын дамыту арқылы өндірістік циклді толық қамтуды жоспарлап отыр.

Компания басшылығының мәліметінше, кәсіпорын алғашқы кезеңнен халықаралық талаптарға сай жұмыс істеуге бағытталған. Түрік өндірісінің екі тәуелсіз желісі орнатылып, өнімдер халал стандарттарына және халықаралық азықтүлік қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан нарығымен шектелмей, өнімді Парсы шығанағы елдеріне, Еуропаға және Қытайға экспорттауға жол ашады.
Кәсіпорынның орналасу орны да стратегиялық тұрғыдан тиімді. Абай ауданында шикізат базасы жеткілікті, фермерлермен байланыс жолға қойылған, ал, қалаға жақын орналасуы логистика мен кадр мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.
Жаңа өндіріс орнымен танысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңдеуші өнеркәсіпті дамыту – өңірдің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, экономиканың тұрақтылығын арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Сонымен қатар, өндірісті кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығу қажеттігі де ерекше атап өтілді.
Алдағы кезеңде кәсіпорында өндірісті ұлғайту және етті терең өңдеу бағытын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өнім түрлерін көбейтіп, өндіріс жүктемесін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта 500 бас ірі қара мен 3000 бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын, терең өңдеу кешенін салуға қажетті құжаттар дайындалуда.
Жалпы, Абай ауданында іске қосылған бұл жоба – агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама. Мемлекеттік саясатпен үйлескен мұндай өндірістер елдің экспорттық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді игеруге жол ашады.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



