Ресми

Әдеп кеңесі жазаламайды, алдын алады

Мемлекеттік тәртіпті нығайтып, қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алатын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Өзінің емес, бірінші елдің мүддесін бірінші орынға қоюы тиіс мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын бұзуына жол жоқ. Адал жолдан аттап кетсең, өзіңе ғана, бүтін мемлекеттің абырой-беделіне нұқсан. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтың дүйім жұрттың алдында қаралуының өзі аталған салада жүргендер үшін сабақ болып, осындай теріс қылықтардың алдын алса керек. Себебі, Әдеп жөніндегі кеңес – жазалаушы емес, алдын алушы орган. Бұл жерде мемлекеттік қызметшінің құқығының бұзылуына да жол бермейді. Мәселен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, кеңес төрағасы Ербол Жолданғардың төрағалығымен өткен кезекті отырыста теріс қылық танытқандардың ісімен қатар, құқығы бұзылған қызметшілердің де мүддесі қорғалды.

Аталған департаменттің бас маманы Данияр Әбдірахманов «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк жағынан қорғалуына негізделетінін айтады. Мәселен, кезекті еңбек демалысына шыққан мемлекеттiк қызметшi екi лауазымдық жалақы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысын алады. Ал, еңбек демалысының ұзақтығы отыз күн болғанымен, оны бөліп алуға болады. Бірақ, бір бөлігінің өзі екі аптадан кем болмауға тиіс. Ал, егер басшының шешімімен демалыстан шақыртып алынса, пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлігі жылдың кез келген басқа уақытында беріледі. Солай десе де, Еңбек кодесінің 95-бабына сәйкес, еңбек демалысының қалған бөлігін екі жыл қатарынан бермеуге ешкімнің құқы жоқ.

Осы ретте департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінен олардың қызметшілерінің жыл сайынғы кезекті еңбек демалысында болғаны туралы ақпарат сұратқан.

– 2023 жылдың 9 айында жергілікті атқарушы органдарда – 2025, ал, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде 1659 қызметші еңбек демалысына шыққан. Құжаттарды зерделеу барысында заңға қайшы талаптар анықталды. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы Н.Тимохина 2022 жылы небары үш күн ғана демалыста болған. Одан бөлек, облыстың мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы М.Акбиев жыл сайынғы кезекті еңбек демалысының күндерін пайдаланбай, 71 күнге жеткізген, – дейді Данияр Қайыржанұлы.

Бас маманның айтуынша, қызметшілерді жұмыстан босату кезінде пайдаланылмаған демалыс күндеріне өтемақы дұрыс төленбеген жағдайлар да анықтаған. Нәтижесінде олқылық жойылып, мемлекеттік қызметшіге тиесілі 187 400,00 теңге төленген.

Әдеп жөніндегі кеңес мемлекеттік қызметшілерді оқыту, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселесін де қырағы қадағалайды. Мәселен, биыл 658 қызметші жоспарға сәйкес біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарына жіберілген.

– Жүргізілген профилактикалық бақылау барысында облыстың әділет департаменті – 4, ал, мемлекеттік кірістер департаменті 3 мемлекеттік қызметшіні белгіленген уақытта оқуға жібермегенінен анықтадық. Бұзушылықтарды жою жөніндегі ұйғарым бойынша қойылған талаптар заңнамада көрсетілген мерзімде орындалды, – дейді Данияр Әбдірахманов.

Оның айтуынша, департамент тарапынан жүргізілген шаралар нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілген. Бұдан әрі қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуы бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.

Кеңес барысында облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Қорлан Бекімованың да есебі тыңдалды. Уәкілдің айтуынша, биыл мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексін сақтау бойынша 400-ге тарта шара өткен. Олардың қатарында түсіндірме жұмыстарымен қатар, түрлі семинарлар да бар. Одан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда да материалдар жарық көрген.

Ал, мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда оң ахуалды қалыптастыруға үлес қосқан 56 қызметші марапатталған. Бірақ, атқарылған шаралардың ауқымдылығына қарамастан, әдеп нормаларын бұзатындар бар екенін айтады Қорлан Сәбетқызы.

– Тоғыз айдағы белсенді түсіндіру жұмыстарына қарамастан, мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдеп нормаларын бұзды деген 11 өтініш келіп түсті. Нәтижесінде 6 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар да бар. Мәселен, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің ақпараты бойынша 3 адам жұмыстан шығарылды, – дейді Қорлан Бекімова.

Әдеп жөніндегі уәкіл семинарларды өткізу барысында мемлекеттік қызметшілердің түрлі құмар ойындар ойнап, казиноларға баруға тыйым салынғаны айтылғанына ерекше тоқталды. Одан бөлек, қызметшілерге жеке ұйымдар коммерциялық мақсатта өткізетін «Үздік мемлекеттік қызметші», «Үздік әкім» атағын беретін конкурстарға да қатысуға тыйым салынған.

Қорлан Бекімова жергілікті жерлердегі әдеп жөніндегі уәкілдер қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдаланбау және әлеуметтік желіде жарияланатын жағымсыз ақпараттарға дер кезінде әрекет ету керек екеніне де тоқталды.

Осы орайда Ербол Жолданғар әлеуметтік желідегі облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Ербол Төлеуовтің жұмыстан тыс уақытта қызметтік көлікті пайдаланатыны жөніндегі ақпаратқа тоқталды. Бұған қатысты қандай жұмыстар атқарылды деген сұраққа Қорлан Сәбетқызы арнайы тексеріс жүргізіліп, заң бұзылмағанын анықтағандарын жеткізді.

Кеңесте сонымен қатар, Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Серік Башимовқа қатысты тәртіптік іс қаралды.

– Әдеп жөнідегі кеңес мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарда қылмыс немесе әкімшілік жауапкершілік құрамы болмаған кезде ғана қарастырады. Біздің міндетіміз жазаға тарту емес, алдын алу, – деді кеңес соңында Ербол Қабдығалиұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button