Руханият

Әдебиеттен алыстамаңыз!

2007 жылы басталған республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына биыл Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ шығармалары, Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ «Ұшқан ұя» және Немат КЕЛІМБЕТОВТІҢ «Үміт үзгім келмейді» атты хикаят-монологы таңдалып, көпшілік оқырман назарына ұсынылды. Бұл кітаптар оқырмандарға жыл бойы насихатталады.


Акция аясында кітапханамызда көптеген іс-шаралар жоспарланып, оқу залдары бөлімінде «Қазақстанның әдеби мұрасы» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеге қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар үш бірдей дарынның шығармалары қойылды.
Осы айда кітапхана қызметкерлері «Бір ел – бір кітап» акциясына таңдалған авторлардың үздік шығармаларын қала тұрғындары мен қонақтарына инфо-брейк арқылы таныстырды. Бұл ретте кітапхана жастары үш топқа бөлініп, Бұқар жырау даңғылында орналасқан ірі сауда мекемелері, Кеншілер мәдениет сарайы маңындағы жаяу жүргіншілерге үш жазушының өмірбаяны мен шығармалары жазылған парақшалар таратып, акцияның мән-мазмұны айтылды. Байқағанымыз, ересектер мен жастардың кітапқа деген қызығушылықтары көңіл қуантады. Белсенді жастарымыз көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, алдағы уақытта өтетін ісшараларға қатысатындарын жеткізді.
Үлкен жастағы оқырмандар көркем әдебиет пен тарихи кітаптар жайлы сұраса, жас оқырмандар қауымы психология жайында көптеген сұрақтар қойды. Студенттер тарапынан «Акцияның мақсаты қандай?», «Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабының орыс тілінде аудармасы бар ма?» деген сауалдар қойылды. Сондай-ақ, кітапхана ережелерімен қоса, кітапхана сайты таныстырылды. Акцияға таңдалған әдебиеттердің қысқаша мазмұнымен танысып, мол ақпаратқа сусындаған оқырмандар саны 123-ке жуық.
«Осындай іс-шараның ауқымы жылдан жылға кеңейсе, бүкіл жастарды кітап оқуға баулу оңай болар еді» дейді Бабажан есімді оқырманымыз. Тағы бір студенттер «біз кітап оқығанды жақсы көреміз, жаңа дүниемен танысу үшін бос уақытымызда әрдайым кітапханаға асығамыз» деді.
«Бір ел – бір кітап» акциясы аясында іс-шаралар жалғасуда.

Мақпал ТҮСІПБЕКОВА,
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button