Білім

Дарынды жастар – ел болашағы

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатында дарынды оқушылармен кездесіп, халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарын марапаттады. Бейресми әңгіме барысында жас дарындар өздерінің жетістіктері мен алдағы жоспарларын айтты. Түрлі додада облыс намысын қорғап келген дарынды оқушыларды жігерлендірген кездесу болды.

Ермағанбет Қабдулаұлы оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, оқыған мектебі туралы естеліктерін айтты.

– Шынымды айтсам, отбасыммен уақыт өткізуге қолым тие бермейді, – деді аймақ басшысы. – Жұмыс көп. Өйткені, әкім болу мәртебе емес, ол бірінші кезекте халық алдындағы жауапкершілік. Сол жауапкершілікті ақтау керек. Бірақ, бәріне үлгеруге тырысамын. Мен қазіргі сезімдеріңізді жақсы түсінемін. Менің қызым да биыл Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіріп жатыр. Үздік аттестат алады деп үміттенеміз. Сіздердің де барлық мақсатқа қол жеткізулеріңізді тілеймін.

Ермағанбет Қабдулаұлы әңгіме арасында түлектерге мектебі мен мұғалімдерін ұмытпау керектігін атап өтті.

– Мен Шет ауданы Өспен ауылында туып өстім. Алдымен тастан қаланған бір қабатты мектепте оқыдым. 1986 жылы жаңа мектеп салынды, оны салуға ауылдың барлық тұрғындары көмектесті. Қазір де түлектер туған мектебіне көмектесуге тырысады. Бұл – педагогтерге құрмет. Менің сынып жетекшім дене шынықтыру пәні мұғалімі болды. Қазір ол зейнет демалысында. Мұғалімдерім де керемет болды. Қай жерде болсаңыз да, кім болсаңыз да үнемі мұғалімдерді есте сақтап, құрметтеу керек. Оның үстіне менің анам да мұғалім, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Биылғы оқу жылында 55 қарағандылық оқушы түрлі деңгейдегі білім додаларының жеңімпазы атанды. Аймақ басшысы осында жиналған балаларға қарап жақсы көңіл-күйде отырғанын да айтты.

– Өсіп келе жатқан ұрпаққа қарап, жағымды әсерге бөленемін. Қазір сіздердің мүмкіндіктеріңіз көп. Заманауи технологияларды қолданасыздар, түрлі тілдерді оқи аласыздар, өз-өздеріңізді дамыта аласыздар. Еліміздің болашағы үшін жұмыс істейтін кәсіби маман болатындарыңызға сенемін, – деді Е.Бөлекпаев.

Сонымен бірге, ол кітап оқығанды ұнататынын, жақында Уинстон Черчилльдің «Екінші дүниежүзілік соғыс» шығармасын оқығанын, одан кейін «Ашаршылық. Голод. 1928-1934» тарихи жинағының жаңа бөлімдерін оқу жоспары бар екенін жеткізді.

Кездесуге келген Рамазан Пердебай – Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі. Ол – республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпазы. Оған алты республикалық жоғары оқу орнынан грант ұсынған екен. Рамазанның өзі құжаттарын шетелдік емес, отандық оқу орындарына жібергенін айтады.

– Мен шетелдік университеттердің гранттарына үміткер бола алар едім, бірақ өтінімді тек отандық университеттерге тапсырдым. Мен өз елімде, туыстарым мен жақындарым, достарымның арасында оқығым келеді. Назарбаев университетін таңдадым, болашақта IT саласында жоғары білікті маман болғым келеді, – дейді Рамазан Пердебай.

Кездесу соңында дарынды оқушыларға ақшалай сертификаттар мен дипломдар, ал олардың тәлімгерлеріне Алғыс хаттар табыс етті. 

Жансая ОМАРБЕК,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button