Басты тақырыпЖаңалықтар

Даму қарқынды

  Дүйсенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек ДҮЙСЕБАЕВТЫҢ қатысуымен облыстың экономика және қаржы басқармасы мен облыстың мемлекеттік активтер және сатып алулар басқармасының біріккен алқа мәжілісі өтті. Жиын барысында қос басқарманың жұмыс бағытында атқарылған шаралар легі қаралды.

Мәжілісте айтылғандай, былтыр аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша негізгі межелер толығымен орындалды. Нақты көлем индексі жоспары өнеркәсіп өндірісінде – 104,9 пайызды, ауыл шаруашылығында – 108,6 пайызды, тұрғын үй құрылысында – 106,3 пайызды құрап, 340,8 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілді.

Аймақтық жалпы өнім көлемі артты. Соңғы бес жылда 20,6 пайызды еңсеріп, 3 трлн. 107,1 млрд. теңгеге жетті.

Мәжілісте 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру бой­ынша кешенді жоспарды жүзеге асыру барысы пысықталды. Кестеге сәйкес, өткен жылы 6 ұйым жекеменшікке тапсырылған. Нәтижесінде, 75,6 млн. теңге бюджетке түскен.

Жалпы алғанда, 2016 жылы мемлекеттік сатып алулар саласында 52 млрд. 508 млн. теңгеге 914 конкурс пен аукцион ұйымдастырылған. Осы шаралар арқылы 5 млрд. теңгеден астам қаржы үнемделген.

Ал, биыл құны 47 млрд. 631 млн. теңге болатын 321 конкурс өткізілмек.

Асылбек Жексенбайұлы атап өткендей, мемлекеттік сатып алулар заңнамасына енгізілген өзгертулер арқасында былтырғы конкурстардың әділ өткенін айтуға болады. Бұл туралы сарапшылар мен Кәсіпкерлер палатасы өкілдері де оң пікірін білдірді.

ҚР «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңына бірқатар өзгертулер жасалып, былтыр 1 қаңтардан бастап күшіне енген еді. Өзгертулер мен толықтырулар жасау туралы бастама көтергендер қатарында Қарағанды облысы әкімдігінің ролі зор. Жаңашыл механизмдерді қолдану арқылы облыстық деңгейдегі конкурстарда бірде-бір коррупциялық әрекеттер орын алмады. Барлық конкурс өткізу механизмдері автоматтандырылған. Яғни, конкурстар барысына сырттан араласу мүмкін емес.

Алқа мәжілісінің соңында Асылбек Жексенбайұлы мекемелер басшыларына тиісті міндеттерді жүктеді. Орталық мемлекеттік органдармен жұмысты күшейтіп, мемлекеттік сатып алулар тиімділігін арттыруды міндеттеді. Жобаны жобалау, атқарылған жұмыстарды қабылдау, нысандарды қолданысқа беру кезеңдеріндегі мәселелерді шешуді тапсырды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button