ЖаңалықтарОблыс әкімдігіндеРесми

Дайындық мәресіне жетті, бірақ, санақ жүргізетін қызметкерлер тапшы

31 маусымда санақтың дайындық кезеңі аяқталды. Облыстық статистика департаментінің интервьюерлері елді мекендердегі тұрғын үйлерді, ғимараттарды, тұрғын емес үй-жайларды аралап шықты. Бұл кезеңнің міндеті – тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар мен құрылыстардың мекенжайларын, оларда тұратын халықтың санын нақтылау. Сондай-ақ, осы кезеңде облыста – 1 343 598 адам тұратыны анықталды. Бұл 1 шілдедегі жағдай бойынша ағымдағы статистикалық есептің деректерінен 31 мыңнан астам адамға аз. Ауқымды акцияға дайындық мәселесі аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы және өзге мәселелер талқыланды.

Облыстық статистика департаментінің басшысы Жанат Садықованың айтуынша, қазір санақтың негізгі – үшінші кезеңін аудандастыру және оны өткізудің ұйымдастырушылық жоспарларын қалыптастыру жүргізілуде. Жұмыстар 25 тамызда аяқталады деп жоспарлануда. Ал, 1 қыркүйектен санақтың негізгі кезеңі басталады. Өздеріңізге белгілі болғандай, ол онлайн және дәстүрлі форматта өтеді. Атап айтар болсақ, 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн, ал, 1-30 қыркүйек аралығында интервьюерлер үй аралайды.

Соған қарамастан, статистика департаментінің алдында шешілуі тиіс бірқатар мәселелер бар. Соның бірі – қызметкерлерді оқыту мен іріктеу. Алдын ала жасалған есеп бойынша облыста ақылы қызмет көрсету шарттары бойынша 1890 адамды уақытша санақ персоналын тарту жоспарда. Бұл тізімге 24 қыркүйектен 7 қараша аралығында 45 күнге жұмысқа тартылатын 236 нұсқаушы-бақылаушы да кіреді.

– Санақ персоналына қажеттілік туралы ақпарат облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына және қалалар мен аудандардың жұмыспен қамту орталықтарына берілді. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратынша, конкурсқа қатысу үшін жалпы облыс бойынша жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған 1289 жұмыссыз жіберіледі, – дейді Жанат Кабикешқызы.

Бірақ, соған қарамастан, аталған көлем сұранысты толық қамтымайды. Одан бөлек, жұмыссыздардың көпшілігінде санақтың бірінші кезеңін өткізу тәжірибесі жоқ, яғни, 11-сыныпты бітіру, адамдармен қарым-қатынас қабілеті, портативті құрылғылармен жұмыс істеу дағдылары белгіленген талаптарға сай емес. Жалақының аздығы да жұмыстан бас тартуға себеп. Бұл қатарда жәрдемақыдан айырылып қалудан қорыққан әлеуметтік көмек алушылар да бар.

Сондай-ақ, қалалар мен аудандарда санаққа дайындау және өткізу жөніндегі нұсқаушылар кіретін штаттан тыс санақ бөлімін жасақтауда да проблема бар екенін атап көрсетті Жанат Садықова.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінде 27 штаттық орын бос. Приозерск қаласы мен Жаңаарқа ауданында ғана штат толық. Жанат Кабикешқызы персоналға арналған оқу бөлмелері карантин шараларына қарай таңдалатынын да айтады. Жалпы, 236 үй-жай керек деп жоспарланса, олар мемлекеттік органдар, мектептер мен колледждер ғимараттарында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қызметкерлер қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Халық санағына дайындық барысы туралы Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та баяндады. Оның мәліметінше, жұмысқа қабылданатын қызметкерлер коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алатын болады. Ал, қала бойынша санаққа қатысатын қызметкерлер оқитын 81 нұсқаушы учаске орналастырылады.

– Нұсқаушы учаскелер жиһазбен, телефон байланысымен, компьютерлермен, интернетпен қамтамасыз етіледі. Олардың екеуі қала аудандарының полиция бөлімшелеріне орналастырылады. Қызметкерлердің қауіпсіздігі мен құжаттаманы қорғауды қамтамасыз ету үшін әрбір учаскеге полиция қызметкері бекітіледі. Сондай-ақ, қызметкерлер 1-30 қазан аралығында жол жүру билеттерімен қамтамасыз етіледі. Ол үшін автопарктермен келісім бар, – дейді Ермағанбет Қабдолұлы. «Халық пен еңбек ұжымдары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өте маңызды. Санақ халықтың саны, оның жас және гендерлік құрамы, урбандалу дәрежесі бойынша аса маңызды талдамалық деректер алуға мүмкіндік береді. Одан бөлек, санақ облысты дамыту үшін жаңа шешімдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді жиналыс соңында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button