Спорт

Дәстүрлі жарыс дарабоздары

Қарағанды Жастар спорт кешенінде киокушинкай каратэден республика бойынша дәстүрлі түрде «Кеншілер астанасының кубогі» өтті.  Аталған сайысқа 14 облыстан 2 мыңға жуық спортшы қатысты.

Ересектер мен  балдырғандар арасында өткен жарыста ең үздік жекпе-жекті балдырғандар көрсете білді.

– Балаларды спортқа баулыған осындай шаралар көп ұйымдастырылса, спортқа жіті назар аударылса, балалардың да бөтен іске уақыты болмас еді. Осы жарысқа сонау Ұлытау облысынан келдік. Ұлым Ералы Берікұлына жанкүйермін. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – дейді қатысушы спортшының анасы Айдана Әлменбаева.

Расында, әр облыстан жиналған спортшылардан бұрын олардың жанкүйерлері қатты алаңдаулы секілді. Ұлы атқа шапса, тақымын қысар анасы қашанда. Қарсыласын кірпік қақтырмай қол-аяғына бірдей жүгінген ширақ жеткіншектердің бүгінгі қарқыны айтарлықтай-ақ. Соның бірі – Ұлытау облысының ұланы Рамазан Дельшатұлы. Ол алғашқы кезеңде қарсыласын жеңіп, ақтық сынға өткен еді. Жас болса да тайсалмас табандылығы және жеңіске деген ұмтылысы жанкүйер жұртты тамсандырғандай.

– Ұлытау облысынан 80 бала әкелдік. Қазіргі таңда қарқынымыз жаман емес. Біздің спортшылардың арасында үздіктер қатарында Дархан Жүнісов, Ералы Берікұлы, Рамазан Дельшатұлы сияқты балаларды атап өткім келеді. Алдағы ақтық сын енді жеңімпаздарды анықтайтын болады, – дейді жаттықтырушы Мәди Сейітқалиев.

Сонымен, татамиге шыққан қос оғланның айқасы тартысты басталды. Ә дегеннен Рамазан қарсыласқа қарсы ұмтылып, бірнеше жұдырық соққысын өткізе білді. Тағы бір кезеңде ол қарсыласын теуіп құлатты. Осылайша жекпе-жек жеңімпазы атанды. Жалпыкомандалық сында Ұлытау облысы басқа облыстарға қарағанда аз ұпай жинағанымен жекелеген жекпе-жекте Рамазан Дельшатұлы III орын алды.

– 14 облыс ішінен 24 алтын алқа мен бас жүлдеге ие болған Қарағанды облысы, II орын Алматы облысы 12 алтын, III орын Ақтөбе облысы 9 алтын қанжығалаған. Біз бұл жерде балалардың талпынысына, күш-жігеріне көп мән бердік. Жарысқа қатысушылардың бәрінде дерлік ұмтылыс, жеңіске деген талпыныс бар. Ел намысын халықаралық жарыста қорғайтын болашақ жауынгерлер осылар. Бұл ауыз толтырып айтар дүние, – дейді облыстық «Бүкілқазақстандық киокушинкай каратэ ұйымы» ҚБ директоры Тимур Райымбек.

Сайыста сап түзеген барлық қатысушыға ынталандыру сыйлары мен дипломдар табысталды.

Жан АМАНТАЙ. 

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button