Медицина

Дәруменнің пайдасы

Көктемде қыстан әлсіреп шыққан ағзаны қоректік заттармен демеу беру керек екенін қазір бәрі біледі. Дәл осы кезде әлсіздік, бас айналу, бас ауру сияқты белгілер пайда болады. Оның үстіне қыстай түрлі инфекциялық аурулармен күрескен ағзаға дәрумен керек-ақ. Шаршау, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, жүйке жүйесі функциясының, ұйқының бұзылуы тәрізді жалпы белгілері болғанымен, дәрігерлер нақты қай дәрумен жетіспейтінін адамның сыртқы келбеті мен жалпы жағдайына қарап анықтауға болады дейді. Әлбетте, оның өзі нақты дерек емес. Дегенмен, біле жүргеннің артықтығы жоқ.

А дәрумені

Егер тырнаққа көлденең ақ жолақтар түссе, ағзаңызға дәл осы дәрумен жетіспейді. Бұл – алғашқы белгісі. Егер алдын алмаса, тері құрғап, бетке әжім түсіп, шаштың түсуі жиілейді. Одан бөлек, А дәруменінің жетіспеушілігі гастритке, көздің көру қабілетіне, диареяға және бронхитке әкеледі.
Дәрігерлер сәбіз және қызыл-қызғылт сары жемістер мен көкөністерден бөлек, сары май, ірімшік, жұмыртқаның өзі ағзадаға А дәруменін толтыра алатынын айтады.

D дәрумені

Аталған дәруменнің жетіспеушілігінен көп жағдайда балалар зардап шегеді. Нәтижесінде, рахит және тірек-қимыл аппаратының дамуы тежеледі. Ал, ересектерде күйзеліс, психомоторлық реакцияның бұзылуы және тырысу, сондай-ақ, қан қысымы жоғарылауы мүмкін. D дәрумені майлы балық, бауыр және сүтте көп.

Е дәрумені

Терінің ерте қартаю белгілері байқалса, ағзада дәл осы дәруменнің жетіспейтіні. Сонымен қатар, ағзада Е дәрумені жетіспесе бұлшық ет әлсіреп, репродуктивті функция бұзылады. Тағамға аскөк, бадам, зәйтүн майын және шпинат пайдалану арқылы ағзадағы Е дәруменінің орнын толтыруға болады.

К дәрумені

Оның жетіспеушілігі қанның ұюына теріс әсер етеді. К дәруменінің тапшылығының тағы бір белгісі – қызыл иектің қанауы мен ешқандай себепсіз денеде көгерудің пайда болуы. Аскөк, қырыққабат, сүт және сүзбе аталған дәруменнің жетіспеушілігін толтыруға көмектеседі.

Н дәрумені

Егер биотин жеткіліксіз болса, жүрек айнып, тіл ісінеді, тәбет жоғалады. Әлсіздік пен күйзеліс пайда болады. Сондай-ақ, терінің сезімталдығы мен бұлшық еттердің ауыруы байқалады, шаш пен тырнақтың өсуі тоқтайды. Тіпті, теріде түрлі жаралар пайда болуы мүмкін. Бауыр мен жұмыртқаның сарысы биотиннің орнын толтыра алады.

С дәрумені

Иммунитетті нығайтып, жалпы тонусыңызды арттыру керек болса, С дәруменін ішкен дұрыс. Ал, инфекцияны жылдам жұқтырып, қызыл иек жиі қанаса, денедегі жарақат баяу жазылса, тағамыңызға цитрус жемістерін ғана емес, сонымен қатар шырғанақ, қара қарақат, спаржа, қырыққабат, құлпынай қосу керек.

В1 (тиамин)

Есте сақтау қабілетінің төмендеуі және тітіркену – тиаминнің жетіспеуінің белгісі. Одан бөлек, аяқ-қолдың сезімталдығының төмендеуі, балтырдың сыздауы да тиаминге байланысты. Түрлі дәндер, жаңғақтар, ашытқы В1 дәруменіне бай.

В2 (рибофлавин)

Анемияның дамуының бірден бір себебі рибофлавиннің жетіспеушілігі. Одан бөлек, ұйқысыздық, дененің құрысуы, еріндегі жараларға да назар аудару керек.

В4 дәрумені

Ағзада дәл осы дәрумен жетіспеуі бүйрек үсті бездеріне теріс әсер етеді. Шаштың күйіне де назар аудару керек. Егер жиі түсіп, күлгін түске енсе, теріде түрлі бөртпелер пайда болып, көру қабілетіңіз нашарласа, бөдене жұмыртқасы мен сояны көбірек пайдалану керек.

В6 дәрумені

Бетіңізді безеу басып, қызарып жүретін болса, жиі күйзелісске түссеңіз – В6 дәруменінің тапшылығы. Грек жаңғағы, түрлі көкөністер, банан оның орнын толтыра алады.

В9 дәрумені

Анемияның тағы бір себебі. Тағамға бұршақ дақылдарын, жаңғақтарды, банандарды енгізу керек.

В12 дәрумені

Жалпы, В тобындағы дәрумендердің жетіспеушілігі анемияға әкеледі. Ал, В12 дәрумені ағзаңызда жеткілікті болсын десеңіз, бауыр, күркетауық етін және жұмыртқа жеп жүріңіз.

Фолий қышқылы

Оның жетіспеушілігі асқазан-ішек жолдарының бұзылуы мен бедеулікке әкеп соғуы мүмкін. Брокколи қырыққабатында, шпинатта және ақжелкенде кездеседі.

Дайындаған Салтанат ІЛИЯШ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button