Басты тақырыпСпорт

Чемпионмен кездесу

    Қарағандыда олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік СӘПИЕВ «Таңшолпан» балалар үйінің тәлімгерлерімен жүздесті. Жерлесіміз Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар үйлестіру кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған «Біз біргеміз» атты акцияны ашып берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ҚХА қайырымдылық, меценаттық және тәлімгерлікке үлкен көңіл бөледі. Сондай-ақ, бұл акция­ға қатысуға атақты спортшылар, шоу-бизнес жұлдыздары – халық­тың жақсы көретін адамдары балалармен және жастармен өздерінің жетістікке жету жолындағы түрлі құпияларымен бөлісетін көрінеді.

Серік Сәпиев айтулы шараны Жастардың үйлестіру кеңесі бас­тағанына ризашылығын жеткізді.

– «Таңшолпан» балалар үйіне барғанымыз көңілімнен шықты. Қайырымды іс жасау маған жағымды әсер сыйлайды. Мен де өз кезегімде балаларға ақыл-кеңес беріп, дұрыс жолға түсуге бағыттаймын. Бүгін балалардың бойындағы дарындарын көріп, тәнті болдым. Олар аспаптарда ойнап, тамаша әндерді орындағанда кеудемді ерек­ше қуаныш кернеді, – деді С.Сәпиев.

Балалар да сүйікті спортшысымен қауышқанына қатты қуанды. Кездесу барысында Серік Сәпиев балалардың барлық сұрақтарына жауап беріп, естелік қолтаңбасын қалдырды.

Игі іске мұрындық болған ҚХА Жастар үйлестіру кеңесінің төрағасы Александр Урмашов та шараның шарапаты балаларға тиіп жатқандығына қуанышты екендігін тілге тиек етті.

–  Жастар – еліміздің болашағы. Және де сол болашағымыз біз оларға қаншалықты тиісті көңіл бөлетінімізге байланысты. Көптеген балалар өздерінің пір тұтар адамдарымен кездескісі келеді. Акция жалғасады, оған облысымыздың және республикамыздың танымал адамдары қатысады.  Эстафетаны белгілі боксшы, Лондондағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит, велошабандоз Александр Винокуров, ауыр салмақта өнер көрсетіп жүрген былғары қолғап шебері Иван Дычко, шоумен және әнші Әнуар Нұрпейісов сияқты белгілі тұлғалар жалғастырады деп жоспарлап отыр­мыз, – деді Александр Урмашов.

Өз тілшімізден.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button