Жаңалықтар

БЖЗҚ: Бейнеттің зейнетін бүгіннен ойлаңыз!

Биыл Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне – 20 жыл толды. Қаржы нарығы сарапшыларының айтуынша, осы жылдар ішінде жүйе талай сын-тегеуріндерге төтеп беріп, өзінің тұрақтылығы мен ашықтығын дәлелдеді. Осы орайда зейнетақы жүйесінің тарихына тағы да бір көз жүгіртіп, бірқатар мәселелерді нақтылаудың сәті түсті. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі қалай қалыптасты? Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қалай құрылды? Ортақ зейнетақы келмеске кеткенде қалай болмақ? Міне, осы және өзге де сұрақтар бойынша «БЖЗҚ» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Андрей Мордвинцевпен сұхбаттасқан едік.

Андрей Валентинович, өткенге көз жүгіртіп, қазіргімен салыстырар болсақ, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу дұрыс шешім деп сеніммен айтуға болады ма?

– Әлбетте. «…бізге зейнетақы қоры қажет пе?», «…бұрын жақсы еді ғой?» дегендер кез-келген мемлекеттің зейнетақы жүйесінің қалай қалыптасатыны туралы білмейтіндердің қоятын сұрағы. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан ТМД елдері секілді ортақ зейнетақы жүйесін қолдануды одан әрі жалғастырды. Бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ, оның кемшіліктері көріне бастады.

Қандай кемшіліктер?

– Біріншіден, 90 жылдардағы бала туу көрсеткішінің төмендеуі мен егде адамдар санының артуы есебінен жұмыс істейтіндер мен зейнеткерлер арасындағы тепетеңдік жойылды. Екіншіден, елімізде жұмыссыздар саны артты. Үшіншіден, жұмыс істейтіндердің табысы мен зейнетақы көлемі арасындағы байланыс әлсіз болды. Яғни, бірдей жалақы алғандар әр түрлі зейнетақы алса, кірісі әр түрлі азаматтар бірдей көлемде зейнетақы алатын болды. Төртіншіден, дербес есептеудің болмауынан ешкім қарттығын қамтамасыз етуге мүдделі болған жоқ. Осылардың бәрін есепке алғанда, зейнетақы жүйесін реформалау қажеттілігі туындады.

Әділдік басты ұстаным болды дейсіз ғой …

– Иә, тура солай. 1998 жылы Қазақстан зейнетақы реформасын жүргізді. Соған сәйкес азаматтар болашақ зейнетақылары үшін өздері жауапты. Ең оңтайлы жүйе ретінде 80-жылдары әлем бойынша үздік зейнетақы жүйелерінің бірі болып танылған Чили елінің үлгісі таңдап алынды. Қазақстан осы жүйенің басты қағидасын негізге алды. Бұл жүйе бойынша салымшылар табысының белгілі бір пайызын жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған жеке зейнетақы шотына аударуға міндеттелді. Ал, шотқа инвестициялық табыс есептеліп отырады.

Содан бері 20 жыл өтті. Қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің моделі бірден қалыптасып кете алды ма?

– Зейнетақы жарналарын ай сайын аударып отыруға негізделген жалпы ұстаным өзгерген жоқ, сол қалпында. Жалғыз ғана айтатын дүние – 2013 жылы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылып, зейнетақы активтері мен жеке зейнетақы қорларының міндеттемелері БЖЗҚ-ға берілді.

Мұның себебі неде? Сонда жеке қорлардың жұмысы тиімсіз болды ма?

– Әуел баста Қазақстанның зейнетақы нарығындағы бәсекелестік өзін жақсы қырынан көрсетті. Бірақ, уақыт өте келе жеке қорлардың әлсіз тұстары көріне бастады. Олар азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартудың орнына бір-бірінің салымшыларын өз жақтарына тартып ала бастады. «Табысқа кенелеміз» деп, зейнетақы активтерін тәуекелі жоғары, күмәнді қаржы құралдарына инвестициялады. Ал, бұл көбінесе шығынға ұшыратты. Осы кезде зейнетақы шоттарының бірыңғай есебін жүргізетін және жинақтарды тиімді әрі қауіпсіз басқара алатын оператордың қажеттілігі туындады. Осы мақсатта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды.

БЖЗҚ-ны құрудың тиімді тұстарын атап өтсеңіз… Өзгерістерді салымшылар қалай қабылдады?

– Ең алдымен, БЖЗҚ-ны құру мен зейнетақы активтерін біріктіру нарықты өзгерткенімен, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне кері әсер еткен жоқ. Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі сақталып қалды. Оның негізгі қағидалары: шоттарды дербестендіру, жинақтарды меншіктеу және мұраға қалдыру, сондай-ақ жинақтардың сақталуына мемлекет тарапынан кепілдік берілетіндігі толығымен сақталған. Жиынтық зейнетақы екі төлем көзінен: мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы және БЖЗҚ-дағы жинақтар есебінен құралады.

Ал, артықшылықтарына келер болсақ, олардың қатары аз емес. БЖЗҚ-ны құру – зейнетақы активтерін есептеу мен сақтауға байланысты операциялық және әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Комиссиялық сыйақы деңгейі екі есеге дейін төмендеді. Сондай-ақ, бизнес-үдерістерді оңтайландыру, тиімсіз шығындарды қысқарту, жаңа электрондық қызметтерді енгізу және олардың көрсетілген қызметтер көлеміндегі үлесінің артуы комиссиялық сыйақыны төмендетуге мүмкіндік берді. Ең бастысы – мүдделес компаниялармен шығынды келісім-шарттар жасалуына тосқауыл қойылды. Салымшылардың бірыңғай базасы арқылы қате техникалық шоттар көлемін қысқартып, нақты есептеулер жүргізуге қол жеткізілді.

Біз өткен мен бүгінгіге шолу жасадық, енді болашаққа да болжам жасап көрсек. Жиырма жылдан кейін 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтар зейнетке шыға бастағанда ортақ құрамдауыш біртіндеп шартты-жинақтаушы құрамдауышқа ауыса бастайды. Сонда мемлекет зейнетақы міндеттемесінен босатыла ма?

– Мүлдем олай емес. Мемлекет шет қалмайды. Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне белсене қатысады. Ортақ зейнетақы көлемі жыл өткен сайын азая береді, бірақ базалық зейнетақыны төлеу жалғаса береді. Ал, зейнетақының көлемі өзімізге, яғни, ресми еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Сондықтан, қазірден бастап Қордағы жеке зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы және тұрақты түрде салып тұру өте маңызды. Сондай-ақ, жұмыс берушінің берген деректерін зейнетақы шотынан алынатын үзіндікөшірмемен салыстыра отырып, оның міндетті зейнетақы жарналарын уақытылы аударып жатқанын бақылап отырған абзал.

Зейнетақы аударымдарына жете көңіл бөлмейтіндерді білетін едім. Сондайларға «Зейнет жасына дейін қайда, болашақта көре жатармын» деген ой келуі мүмкін ғой…

Олай ойлау – бекер. Қашып құтыла алмайтын қарттыққа немқұрайлы қарау – дұрыс емес. Әлбетте, зейнет жасына дейін уақыт бар, бірақ қазір зейнетақы аударымдары банктан несие алу ғана емес, жүктілік төлемдеріне де, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға да әсер етеді. Ендеше зейнетақы жүйесіне қатысу – өте маңызды мәселе.

Зейнетақы аударымдарын қадағалап отырудың маңызды екендігін айтып өттіңіз. Мұны қашықтықтан жүзеге асыруға болады ма?

– Әрине, болады. Қор қашықтықтан көрсетілетін қызметтерді дамытуға күш салып келеді. Бүгін де Қордың көрсететін қызметтерінің барлығын дерлік қашықтықтан алуға болады. Интернет болса болғаны, Қор сайтына кіруге болады немесе ұялы телефондардың негізгі операциялық жүйесі негізінде жұмыс жасайтын ENPF ұялы қосымшасын орнатсаңыз болды. Қордың www.enpf.kz ресми сайты, сонымен қатар 1418 тегін телефон нөмірі арқылы зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша ақыл-кеңес алуға мүмкіндік бар (Қазақстан бойынша қалалық және ұялы телефондардан қоңырау шалу – тегін). Қор сайтында жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беруге, жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға, жеке деректемелерге өзгерістер енгізуге, ақпарат алу тәсілін өзгертуге, зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш жолдап, оның орындалу барысын қадағалауға болады. Қордың ресми сайтында болашақ жинақтарыңыз бен төлемдеріңіздің болжамды сомасын білуге мүмкіндік беретін зейнетақы калькуляторы бар. Сондықтан, өзіңіз көріп отырғандай, БЖЗҚ қазақстандықтардың зейнетақы шоттарын қадағалаулары ыңғайлы болуы үшін заман талабына сай қызмет көрсетуді дамытып жатыр.

Әлеуметтік желілерде жиі таралған ақпарат жайлы айта кетсеңіз. Қателеспесем, WhatsApp қосымшасында Қор инфляцияға байланысты салымшыларына 150 000 теңге қайтарады деген хабарлама болды…

-– Мұндай хабарламалар – біздің де бас ауруымызға айналғалы қашан. Оны тарататындар көпе-көрінеу жалған ақпарат таратқандары үшін заңда қылмыстық жауапкершіліктің бар екендігін біле бермейтін сияқты… Ал, нақты жағдайға көшсек, ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 5-бабына сәйкес, мемлекет алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының белгіленген жасқа толуы кезінде, инфляция деңгейiн ecкepe отырып, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Айырмасы (мемлекеттік кепілдеме) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен бір реттік төлем ретінде төленеді. Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін: зейнеткерлік жасқа толған азаматтар, I және II топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандар, шетелге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар және осы төлемді алуға құқығы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері алуға құқылы. Бұл ретте зейнет жасына толған азаматтардан басқалары зейнетақы жинақтары есебінен төлемдерді алу үшін Қорға жүгінеді. Ал, мемлекеттік зейнетақылар мен мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бір өтінішпен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының жергілікті бөлімшесіне, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш береді. Зейнет жасына толған азаматтар болса биыл қазан айында енгізілген жаңа Композиттік қызмет аясында мемлекеттік зейнетақылар мен Қор төлемдерін және мемлекеттік кепілдік бойынша айырма төлемін алу үшін бірыңғай өтініш пен қажетті құжаттарды тек бір жерге – осы мемлекеттік корпорацияға тапсырады. Яғни, айырма төлемін алу үшін бөлек өтініш берудің қажеті жоқ. Мемлекеттік корпорация Қордан зейнетақы төлемдерін алушыға қатысты тиісті мәліметтерді алған соң, оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып, шотындағы жинақтардың сомасын осы кезеңде шотқа енгізілген жарналардың сомасымен салыстырып тексереді. Егер алушының зейнетақы жинақтарының инвестициялық табысты қоса есептегендегі жалпы сомасы инфляцияға тең және одан жоғары болса, айырма сомасы төленбейді. Ал егер инфляциядан төмен болса, Мемлекеттік корпорация айырма төлемін есептейді. Бұл сома біржолғы төлем ретінде республикалық бюджет есебінен алушының банк шотына 10 жұмыс күні ішінде аударылады. Сондықтан, салымшыларға әлеуметтік желілерде таратылатын әлгіндей жалған хабарламаларға сын тұрғысынан қарап, ресми көздерден таратылатын ақпараттарға ғана сенуге кеңес берер едім. БЖЗҚ мамандары жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық мәселелері бойынша салымшылар мен алымшыларға кеңес беруге дайын.

– Андрей Валентинович, әңгімеңізге рахмет. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жемісті еңбек тілейміз!

Сұхбаттасқан Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button