Басты тақырыпЖаңалықтар

ҰБТ: жаңа өзгеріс, мол мүмкіндік

    Иә, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгерді. Сынақтың басталуына да екі ай қалды. Ал, тестілеуге облыс түлектері дайын ба? Бейіндік пәндерді қалай таңдаған дұрыс? Мерзімі, тапсыру аралығы қашан? Талапкерді мазалаған сан сауалға Қарағанды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА жауап берді.

Гүлсім Шабданқызы, әңгімені ҰБТ ережелерінен бастасақ. Биыл ҰБТ-ға қандай өзгерістер енгізілді?

Түлектерге белгілі, бұрын ҰБТ мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау нысаны болып есептелді. Оған қоса, ҰБТ баллдары ЖОО-ға түскенде, гранттарды бөлгенде есепке алынды. Биылғы жылдан бастап мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттауын өткізу мен ҰБТ-ны тапсыру тәртібі екіге бөлінді. Өзгерістерге сәйкес мектеп бітіруші қорытынды аттестаттаудан жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін өтеді, ал ҰБТ – жоғары оқу орындарына түсу емтиханы саналады.

Өзіңіз атап өткен жоғары оқу орнына түсу емтиханы, яғни, ҰБТ-ның жаңа форматы туралы толығырақ түсіндіріп берсеңіз?!

Ұлттық бірыңғай тестілеу екі блоктан тұрады. Бірінші блокқа математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы бойынша 20 сұрақтан, барлығы 60 сұрақ кіреді. Екінші блок екі бейінді пәннен, олардың әрқайсы бойынша 30 сұрақтан, барлығы 60 сұрақтан тұрады. Тестілеуде барлығы 120 сұрақ болады, баллдардың шектік саны – 140. Ал, дұрыс жауаптар әр міндетті пән бойынша 20 баллдан бағаланады (барлығы 60 балл). Бейіндік пәндер бойынша тапсырмаларды бағалау ұсынылған көптеген жауаптардан бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау арқылы жүзеге асырылады. Бейінді пәндер бойынша бір қате жауап 1 баллға, 2 және одан да көп қате – жауап үшін 0 баллға бағаланады.

Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауаптары бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді. Сондай-ақ, бірнеше жауап нұсқалары бар тесттер жауаптарды тек жаттап алып, немесе болжау арқылы беруге болады. Мектеп бітірушілер бейінді пәндерді таңдаған мамандығының негізінде тапсырады.

Ал, бейіндік пәндер анықтамасын қайдан білуге болады?

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің www.edu.gov.kz және білім басқармасының krg-edu.kz сайттарында жоғары білім мамандықтары бойынша бейінді пәндер қиыстыруын (комбинация) табуға болады.

ҰБТ өткізу мерзімі ұзарып, тапсыру уақыты көбейді деген ақпарат қаншалықты рас?

Биыл тестілеуге бөлінген уақыт көбейді. 3 сағат 50 минутты құрайды. Мектеп бітірушілердің тестілеуге қатысуға өтініштері 10 наурыздан – 10 мамырға дейін қабылданады. ҰБТ 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі аралықта өткізіледі.

Егер, мектеп бітіруші өту балын игере алмаса, оқуды жалғастыруға мүмкіншілігі бар ма?

Егер, мектеп бітіруші өту балын алмаса, ол ҰБТ-ны ағымдағы жылдың 1 тамызынан 8 тамызына дейінгі аралықта қайта тапсыра алады. Сондай-ақ, ол жоғары оқу орнына мерзімінен бұрын қабылдана алады және 2018 жылдың 5 – 12 қаңтары аралығында ҰБТ-ны қайта тапсыра алады.

Жоғары оқу орнына өту балы өзгеріссіз қалды ғой?

Иә, өту балы 2017 жылдың түлектері үшін өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалды. 

Жаңа форматтағы ҰБТ-ны тапсыруға облыс түлектерінің дайындығы қалай жүріп жатыр?

Қазіргі таңда тапсырмалардың үлгілері Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz сайтында және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің www.edu.gov.kz сайтында орналастырылған. 1 сәуірден бастап әр сәрсенбі сайын республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде ҰБТ сұрақтары жарияланады. Біздің облыста мектеп бітірушілер онлайн және оффлайн режимдерінде сынама тестілеуге қатыса алатын тестілеу орталықтары бар. Облыстың білім бөлімдері ҰТО-ның сұрақ кітапшалары бойынша 2017 жылдың түлектері үшін жүйелі түрде сынама тестілеулер өткізеді.

Биыл облыс бойынша қанша түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады?

Алдын ала деректер бойынша, биылғы оқу жылында облыс мектептерін 7 043 оқушы бітіреді, олардың ішінде 5 180 түлек ҰБТ-ға қатысуды жоспарлап отыр. Бұл барлық бітірушілердің 73,5 %-н құрайды. Тағы да естеріңізге салғым келеді, ҰБТ-ға қатысуға өтініш беру үшін база 2017 жылдың 10 мамырына дейін ашық болады.

Ал, «Алтын белгi» аттестатының иегерлері, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін жеңілдіктер қарастырылған ба?

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 7 сәуірдегі №156 бұйрығының негізінде 2014, 2015, 2016 жылдардың жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының жүлдегерлері Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырудан босатылады. Аталған оқушылар сертификатты қорытынды аттестаттау нәтижелері (бағалары) бойынша алады. «Алтын белгi» аттестатының иегерлері ҰБТ-ны жалпы негізде тапсырады. Оның ішінде олардың нәтижелері жоғарыда келтірілген марапаттары жоқтардың нәтижелерімен теңестіріліп, грант алғанда басымдық танытатын болады. Биыл Қазақстан Республикасының Білім министрлігі мектеп бітірушілер үшін оқу гранттарының санын көбейтуді жоспарлап отыр.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button