Білім

ҰБТ-ға дайындалудың тиімді жолы

Мектеп бітіріп, студент атанудың алдындағы кезеңде ҰБТ-ның маңызы зор. Тестілеуден төмен балл алып, оқуға түспей қалған бала психологиялық күйзеліске ұшырап, тіпті, өз-өзіне қол жұмсаған оқиғалар да кездесті. Биыл оқушыларға ҰБТ-ны екі рет емес, бес рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Осы орайда ҰБТ тапсыратын түлектерге психологиялық кеңес ұсынбақпын.

ҰБТ-ға дайындалудың тиімді жолдары қандай? Алдымен оқушылар күн тәртібі мен жұмыс орнын дұрыс ыңғайлауы керек. Жұмыс орны өте жайлы және тыныш болғаны маңызды. Тестке дайындалатын үстел үстінде сары немесе күлгін түсті парақтар немесе мата  қиындысы болғаны дұрыс, өйткені ол интеллектілік белсенділікті арттырады.

Күн тәртібін былай жүйелеген жөн: күнді үш бөлікке бөл; тестке күніне 8 сағат дайындалу керек; спортпен айналысуға, таза ауада серуендеуге, үй шаруасымен айналысуға 8 сағат және осы 8 сағаттан кем ұйықтама; 2 сағат тестке дайындалып, 30-40 минут мидағы жүйкелік қатаюдан арылып, ақыл-ой еңбегін дене еңбегімен (гимнастикалық жаттығулар, т.б.) алмастыру керек.

ҰБТ-ға қалай дұрыс дайындалуға болады? Үйдегілердің ҰБТ тапсырушыға барынша қолғабыс көрсеткені абзал. Дайындықты тестілеу өтетін күннен 2-3 ай бұрын бастау қажет. Ең болмағанда, материалдарды қайталап тұрған дұрыс. ҰБТ тапсырған аға-әпкелеріңізден кеңес сұраңыз. Емтиханға керекті материалдарды ғана оқыңыз. Шпаргалкаға уақыт кетіргенше, оқыған материалыңызды тағы да бірнеше рет қайталағаныңыз жөн. Үзіліс кезінде сыртқа шығып, таза ауа жұтыңыз. Дұрыс тамақтануды ұмытпаңыз. Емтиханға тыныш жерде дайындалуға тырысыңыз. ҰБТ сынағының алдында 1 тәулік ештеңені ойламай демалыңыз.

Ұлттық бірыңғай тестілеу бұл – ең алдымен уақытша сынақ. Дәл осы кезде денсаулыққа да мән берген дұрыс. Әсіресе, дұрыс тамақтануға көңіл бөлген жөн. Оқушыларға күніне 3-4 рет дәруменге толы тағамдармен тамақтану керек. Грек жаңғағы, сүт өнімдері, балық, ет, көкөніс, жеміс-жидек, шоколад жеген жөн. Бұл тағамдар адам миындағы интеллект деңгейін арттырады. Ал, тест тапсыратын күні мыналарға баса мән берген дұрыс: аса майлы тамақ жеуге болмайды және мүлдем тамақтанбауға да болмайды. Оған қоса, көкөністен жасалған жеңіл тағамдар жеген дұрыс. Қатты қобалжығандықтан, оқушының тәбеті болмауы мүмкін, бірақ аудитория атмосферасына шыдау үшін тамақтану керек.

ҰБТ алдында болатын қорқыныштың себептері – шамадан тыс жүктеме және асқан жауапкершілік. Оның қатарында баланың жүйке жүйесінің әлсіз болуы, ауру салдарынан болған әлсіздік, дәрменсіздік сезімі, өз біліміне күмәндану, ҰБТ-дан төмен балл алса, ЖОО-ға түсе алмау, жақсы мамандық ала алмау деген уайымның болуы секілді қорқыныш та бар. Оны жою үшін өз-өзіне сенімді болу, көңіл күйі түскенде жақсы әуен тыңдау, достармен әңгімелесу, спорт, серуен құру, осы кезеңнің уақытша екеніне сену, достарыңызбен әңгімелескенде өз мәселелеріңіз туралы ойламауға тырысу, айтпау, «менің алдымда тұрған барлық проблемаларды шешуге шамам келеді» деген ұстанымды басшылыққа алу керек.
ҰБТ-ға дайындық жұмыстарын орта буыннан бастап жүргізсе оң нәтиже береді. Әл-Фараби бабамыздың: «Адамға бірінші тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілетін білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте адам өміріне және қоғамға үлкен апат әкеледі» деген терең мағыналы сөзі біздің дәуірімізде де құнды. Сөйтіп заман талабына сай білімді, білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға жол ашуымыз қажет.

Гүлмира КЕНҒАН,
Ә.Бөкейхан атындағы
Тірек мектебі (РО) жанындағы
интернатының психолог маманы
Ақтоғай ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button