Бруцеллез адамға жұққан жоқ
Қарағанды облысында қауіпті деп танылған бруцеллез ауруының өршуі бойынша эпидемиологиялық жағдай санитарлық дәрігерлер мен ветеринарлардың бақылауында. Соңғы уақытта жануарлардан адамдардың дертті жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ.
Қазір облыс аумағында бруцеллездің үш ошағы анықталған. Олар – Ақтоғай, Қарқаралы және Нұра аудандары. Құсақ, Мәди және Мыңбаев ауылдарында ауру жұқтыру фактілері тіркелді.
Аталған елді мекендерде қауіпсіздік шаралары қолға алынып, мал шаруашылығы өнімдерін шығаруды шектеу шаралары енгізілді. Үй-жайлар мен аулаларды дезинфекциялау, сау мал басын вакцинациялау жүргізілуде, жануарлардан қайта талдау алынады.
– Осы үш ошақ бойынша адамдардың жануарлардан дерт жұқтыру жағдайлары анықталған жоқ. Жұқтыру себептерін нақтылау үшін бруцеллезбен ауырған жануарлардың иелеріне де диагностикалық зерттеулерге қан сынамаларын алу жүргізіледі. Тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдерін ветеринариялық бақылауы бар дүкендерден немесе базарлардан сатып алуды, мал шаруашылығы өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізуді, жеке гигиена ережелерін қатаң сақтауды ұсынамыз. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, сақтансақ, сақтайтынын айтқымыз келеді, – дейді Қарағанды облысы ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.
Жыл басынан бері өңірде тұрғындар арасында бруцеллез ауруының 19 жағдайы тіркелген. Соңғы айда аурудың жаңа жағдайлары тіркелген жоқ.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»