Ботақаралықтар қоныстой тойлайды
Сәтін салса, биылғы тамыз айында Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентіндегі 72 отбасы баспаналы болмақ. Сол мерзімге дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кенттегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналып салынып, жалға берілетін 12 пәтерлік екі қабатты алты үйдің құрылысы толық аяқталады деп күтілуде.
Құрылысы 2021 жылы басталған бұл үйлердің әрқайсындағы сегіз пәтер екі бөлмелі де, төрт пәтер үш бөлмеден. Қазір олар қызыл кірпіштен қаланып, төбесі жабылып, есік-терезелері орнатылып, қаз-қатар бой көтерген. Сырт көрінісіне көрген көз сүйсінетіндей-ақ. Енді осы тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникациялық тораптары мен желілерін тарту ғана қалған түрі бар.
– Бұл алты үйдің жалпы жобалау-сметалық құны 882 миллион теңге болса, ол қаражат республикалық, облыстық, аудандық бюджеттерден бөлінген, – деген еді «Бұқар жырау аудандық құрылыс бөлімі» ММ басшысы Болат Арынов.
Бүгінге дейін құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Мердігер – «Петростройлюкс» ЖШС мен «Астана-Көктем С» ЖШС ұжымдары. Енді инженерлік-коммуникациялық торап пен желілерді тарту ғана қалды. Сол үшін өткізілген тендерде анықталған мердігер – «Лайфстройинвест» ЖШС. Оның мамандары кәріз, су, жылу жүйелері мен электр желілерін жүргізумен айналысады. Осы мақсаттарға аудандық бюджеттен 106 миллион теңге қарастырылыпты.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz