Жаңалықтар

БІЗДІҢ ДЕЛЕГАТ

Мемлекетіміздің судьялық қауымдастығының басты форумы Судьялар одағының кезектен тыс VII съезін шақыру туралы қаулы қабылданды. Бұл форумда әділ сотты, сот шешімдерін жүзеге асыру, сот жүйесі қызметкерлерінің моральдық-этикалық нормаларды сақтау, сонымен бірге ел билігінің үшінші тармағына қатысты басқа да мәселелер талқыланып, өз шешімін табатын болады.

Съездің жұмысына Мемлекет басшысы Н.Назарбаев, Үкімет басшылары, әділет Министрі және басқа да ведомство басшылары қатысады деп күтілуде. Әрине, оның жұмысына республиканың барлық өңірінен судья ұжымдарының делегаттары, орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, заң қоғамдастығының өкілдері және халықаралық заң ұйымдары қатысады.

Олардың арасында Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудандық сотының судьясы Ерлан Шегенов те бар.

Ол Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Мамандығы бойынша заңгер. Алғашқы бетте прокуратура органында істесе, 2014 жылдан бері сот саласында. Бүгінде Қарағанды қаласы №2 Қазыбек би атындағы сотта судья­лық жұмысын жалғастыруда.

Қаулыға сәйкес әрбір он бес адамнан бір адамның делегат болып сайланғанын ескерсек Ерлан Моряк­ұлына қандай жауапкершілік пен сенім көрсетіліп отырғанын пайымдауға болады.

Одақтың бұрынғы өткен съездерінде де қадау-қадау мәселелер көтерілген болатын. Сот жүйеміздің әлемдік деңгейден өз орынын табуы соның нәтижесі деп білеміз. Өткен кезең ішінде сот жұмысына, судьялар қызметіне қатысты қарапайым кеңселік керек-жарақтардан бастап, зәулім ғимаратқа, заманауи техникалық құрылғыларға дейінгі материалдық мәселелердің барлығы дерлік өз шешімін тапты. Мұның өзі судьялар съезінің – әр аймақтан келген судья­лардың еркін ой-пікір алмасуына, сот жүйесінің дамуы мен өзекті мәселелердің шешімін табуына, сот жүйесінің материалдық базасының нығаюына айтарлықтай ықпалын тигізгенін көрсетеді.

Ел судьяларының алтыншы съезінде Елбасының берген тапсырмаларын орындау аясында үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жаңа Азаматтық процессуальды кодекс енгізілді. Онда сот өндірісі ережелерінің регламенті, басқа да маңызды жаңа нормалар қаралған.

Мемлекет басшысы сол форумда сөйлеген сөзінде: «Біз Қазақстан – 2050» стратегиясын темірқазық ете отырып сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет» деген еді. Кезектен тыс форумның сот жүйесін әрі қарай ілгерілету мәселесін шеше отырып, судьялар жұмысына жаңа серпін береді деп сенеміз.

Қазылықтың әділдігі әрбір судьяның ұстанар ұстанымы. Ең бастысы, судья адал, әділ болуы керек.

Ерлан Морякұлының бойынан бұл қасиеттерді анық көруге болады. Ол қашанда өзі қараған істерді тиянақтылықпен аяғына дейін жеткізіп отырады. Бұл жолда ол өзінің жинақтаған іс-тәжірибелерін жұмылдырады, әріптестерінің ақыл-кеңесін пайдаланады. Жалпы, Қазыбек би аудандық сотында сот өндірісін барынша жедел жүзеге асыруға ұмтылады. Өткен кезең ішінде 7538 азаматтық іс қаралып, 4520 іс жедел шешілген. Судьялар біліктілігін осыдан-ақ аңғаруға болар.

Жоғарғы Соттың электронды «Сот кабинеті» сервисін жібергені белгілі.

Мұның өзі азаматтардың құқықтық мәдениетін көтере түсті, – дейді Ерлан Морякұлы, – біздің аудандық сотқа түскен 14012 талап-арыздың 8122-сі осындай жолмен түсті. Бұл, әлбетте, тараптар жұмысын жеңілдете, жылдамдата түседі.

Алқалы жиыннан не күтесің деген сауалымызға да іркілмей жауап берді:

Қолданыстағы Әдеп кодексі 2009 жылы қабылданған-ды. Судья­лар одағы бастамашылық жасаған жаңа Әдеп кодексі мемлекет атынан сөйлейтін судьялардың біліктілік қасиетін ғана емес, кісілік келбетін, адамгершілік, моральдық бейнесін нығайтуға ықпал етеді, – деп білемін.

Біз де Ерлан сөзіне қарап Әдеп кодексінің заман талабына сай лайықталып қабылданатына күмән келтірмедік.

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button