Бәрекелді!

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»

Қарағанды облысы тұрғындары қуаңшылықтан қуарған маңғыстаулық ағайынға қол ұшын соза бастады. Облыстық «Ұлттық ат спорты» федерациясының президенті Мақсат ИСИН Шет ауданы Өспен ауылының атынан 40 тонна шөпті алғашқы көмек ретінде жіберді.

Маңғыстауда қуаңшылықтың салдарынан 3 айда 1400 бас мал қырылды. Биыл бұл өлкеге жауын жаумай, төрт түлікке талғажау тапшы болды. Күй-жайы, күйбең тірлігін малмен түзеп отырған шаруалар жем-шөпті екі есе бағасына алуда. Ұлттық құндылықты ұлттық код қылам деп, бұзаубас қамшы алып, бұрында сөйлеп жүрген қазақ жігіттеріне бұғау болған бұл жұттың келтірген шығыны шаш етектен. – Маңғыстау облысындағы қуаңшылықты естігелі, мен де бей-жай қарап отыра алмай, «Әр қазақ менің жалғызым» деп, қолымнан келген көмегімді Арқаның төрінде тұрған Қарағанды облысы Шет ауданы Өспен аулының атынан жібердім. Аға-бауырлар, осындай Алланың берген сынағын «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, елдігіміз бен бірлігімізді көрсетіп, тығырықтан бірге шығуға ат салысайық! – дейді Мақсат Исин.

Белгілі айтыскер ақын, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің төрағасы Айтбай Жұмағұловтың айтуынша, көмекті Маңғыстау жігіттері қарсы алған екен. Әрине, Арқа атқамінерлерінің маңғыстаулық ағайынды қолдауы мұнымен ғана шектелмесі хақ. Қазіргі таңда арнайы есепшот ашылып, қаржы жиналып жатыр.

Жиылған жылу бүгінде 10 жылқының басын құрады. Сондай-ақ, Ардақ Жүнісов есімді азамат шөбін шауып, Маңғыстауға аттандыруға өз шабындығын ұсынды. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» – деп кемеңгер Абай айтқандай, Алашқа күн туғанда Арқа қарап отырсын ба?! Айыл жиып, ат ерттер Арқаның атқамінерлері азаймасын!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button