Білімді ұрпақ биікке ұмтылады
Облыстық білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы Республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен Халықаралық олимпиадалар жеңімпаздарын марапаттады. Биыл олимпиаданың облыстық кезеңіне 826 оқушы жолдама алса, олардың 342-і жеңімпаз атанған. Ал, 74 жеңімпаз республикалық кезеңге жолдама иеленді.
Олимпиаданың облыстық кезеңінде І орынды – 36, ІІ орынды – 99, ІІІ орынды – 207 оқушы иеленген. Сондай-ақ, марапат аясында 2022-2023 оқу жылында халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың және «Жыл оқушысы – 2022» сайысының облыстық, республикалық кезеңдерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне де сыйлықтар табысталды.
«Ең Үздік олимпиадалық команда» аталымында – №1 «Білім-Инновация» лицей-интернаты ұжымы топ жарды. Ал, қала мектептері арасында «Үздік» олимпиада командасы – Қарағандыдағы «Шәкәрім» атындағы гимназиясы, аудандық инновациялық мектептер арасында – Шет ауданы «Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясы», ауыл мектептері арасында – Бұқар жырау ауданы «Токаревка тірек мектебі» ұжымы үздік деп танылды.
Биыл №1 «Білім-инновация» лицей-интернатынан 70-тен астам оқушы олимпиадаға қатысыпты. Оның 43-і жүлделі орынға ие болды. Ал, 17 оқушы республикалық кезеңге жолдама иеленді.
– Былтыр 65 бала олимпиадаға қатысып, 41-і жүлде алған. Мұндай нәтиже – ұстаздарымыздың арқасы. Әр баламен жеке жұмыс істеп, осындай нәтиже көрсетіп отыр. Оқушыларымыз да тыңғылықты дайындалып, бар уақытын мектепте өткізді. Күрделі жұмыс уақытына, сабақ процесіне түсіністікпен қарайтын ата-аналарымызға да алғысымызды айтамыз. Мектебіміз жаратылыстану бағытында болғандықтан, физика, математика, химия, биология, информатика пәндерінен өтетін олимпиадаға қатты көңіл бөледі, – деді мектеп директоры Абылай Саматов.
«Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының 7-сынып оқушысы Данат Үсен мен №1 «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Даниял Нұрлан «Ең жас олимпиада қатысушысы» атанды. Олар 7-сыныпта оқыса да 9-сыныптың есептерін шығарып, жүлделі орын иеленген.
Данат Үсен әуелі олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысып, І орын иеленген. Кейін қалалық кезеңнен автоматты түрде өткізіліп, облысқа жолдама алған. Осы байқауда 9-сыныптың есептерін шығарып, ІІІ орын иеленеді.
– Физика пәні биылдан бастап енді. Алғашқыда қызықты формулалар мен түрлі есептерді шығарғанымда, қызығушылығым оянды. Содан бастап осы пәнді «меңгеріп алсам» деген мақсат қойдым. Ұстазыммен тыңғылықты дайындалып, олимпиадаға қатыстым. Облыстық олимпиада 9-11-сынып оқушыларына арналса да, олимпиадаға қатысу үшін арнайы тренингтерге жазылдым. Көп ізденіп, бос уақытымды есеп шығаруға арнадым. Байқауға 9-сыныптың атынан қатысып, жүлделі орынға ие болдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік, – дейді Данат Үсен.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, алты және одан да көп жеңімпаздар дайындаған мұғалімдерге естелік сыйлықтар табыс етілді. Республикалық кезеңге жолдама алған оқушылар 19-25 – наурыз аралығында Шымкент қаласында өтетін олимпиадада бақ сынайды.
Ербол ЕРБОЛАТ.